logo
search
menu
Қазақстанда жаңа үлгідегі банктер пайда болуы мүмкін
Фото: коллаж Taulik.kz

Қазақстанда жаңа үлгідегі банктер пайда болуы мүмкін

Қазақстанның қаржы нарығында банктердің жаңа форматы пайда болуы мүмкін. Бұл туралы реттеуші орган LS агенттігінің сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Қазіргі уақытта жаңа лицензия түрін енгізу мәселесі Ұлттық банктің қарауында жатыр. Реттеуші бұл бағытта халықаралық тәжірибені зерделеп, Қазақстанға бейімдеуге болатын үлгілерді талдап жатқанын хабарлады. Сондай-ақ төлем қызметтерін ұсынатын ұқсас ұйымдардың жұмыс практикасы мен ішкі нарықтағы сұраныс деңгейі сарапталуда.

Мәселе қаржы қызметін көрсететін ұйымдардың жаңа санатын қалыптастыру мүмкіндігіне қатысты. Ұлттық банктің түсіндіруінше, мұндай институттар қолданыстағы төлем ұйымдарына қарағанда кеңейтілген төлем қызметтерін ұсына алады. Алайда бұл үшін банктерге қойылатын талаптарға сай болуы қажет. Соған қарамастан, олардың операциялық ауқымы классикалық банктермен салыстырғанда шектеулі болмақ.

Әзірге реттеуші қосымша мәлімет таратқан жоқ. Жаңа лицензияның нақты шарттары, капитал талаптары мен операциялық шектеулері кейінірек белгілі болуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Halyk Finance сарапшылары банктер үшін ең төменгі резервтік талаптарды арттыру олардың табыстылығына кері әсер етуі ықтимал екенін мәлімдеген болатын.