Қазақстанның бірқатар өңірінде 22 ақпанға дауыл туралы ескерту жарияланды
Қазгидромет мәліметінше, 22 ақпанда елдің бірнеше өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі. Синоптиктер тұман, боран, көктайғақ және екпінді желге байланысты тұрғындарды сақ болуға шақырды.
Түркістан облысы
Түркістан облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аймақтарында тұман түседі. Солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы түнде және таңертең асуларда 15-20 м/с-қа жетеді.
Шымкент пен Түркістан қалаларында да түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі.
Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысының солтүстігі мен орталығында түнде және таңертең тұман болады. Солтүстік-шығыс желі күндіз батысы мен орталығында 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Ақтау қаласында күндіз жел екпіні 15-18 м/с-қа жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысы
Солтүстік Қазақстан облысында шығыстан соққан жел 15-20 м/с. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және батысында жел екпіні 23-28 м/с-қа дейін, кей жерлерде 30 м/с-тен асады.
Ұлытау облысы
Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында түнде аздаған қар, жаяу бұрқасын және көктайғақ болады. Күндіз солтүстігінде қар мен боран, орталығында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі. Тұман түсіп, көктайғақ болады.
Жезқазған қаласында күн соңында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, жаяу бұрқасын, көктайғақ және тұман болжанады.
Қарағанды облысы
Қарағанды облысында түнде солтүстігі мен шығысында қар мен боран соғады. Күндіз батысында қарлы боран, солтүстігі мен шығысында аздаған қар жауады.
Қарағанды қаласында түнде қар жауып, жаяу бұрқасын болады, күндіз аздаған қар күтіледі. Желдің екпіні 15 м/с.
Алматы облысы
Алматы облысының оңтүстік және таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Алматы мен Қонаев қалаларында да тұман күтіледі.
Абай облысы
Абай облысының орталығында түнде қар мен боран, солтүстігі мен оңтүстігінде тұман болады. Оңтүстік-шығыс желі орталықта 15-20 м/с-қа жетеді.
Батыс Қазақстан облысы
Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде аздаған қар, жаяу бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Батысында, солтүстігінде және шығысында тұман болады.
Орал қаласында түнде және таңертең тұман түседі.
Астана қаласы
Астанада ара-тұра қар жауып, боран соғады. Оңтүстік-батыстан соғып, кейін оңтүстік-шығысқа ауысатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Синоптиктер тұрғындарға алыс жолға шықпауға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және ауа райы болжамын қадағалап отыруға кеңес береді.