Ирандағы ең ықпалды тағы бір адамның көзі жойылғаны туралы ақпарат шықты
Таяу Шығыстағы соғыс жаңа кезеңге өтті. Израиль қорғаныс министрлігі Ирандағы ең ықпалды тұлғалардың бірі – Али Лариджанидің әуе соққысы нәтижесінде көзін жойғанын хабарлады. Тель-Авив бұл операцияны Иран режиміне жасалған «елеулі соққы» деп бағалап отыр.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кацтың мәлімдеуінше, Иран Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Али Лариджани мен «Басидж» жасақтарының басшысы бір түнде жүргізілген операция кезінде қаза тапқан. Министр бұл туралы: «Олар бүгінде жойылып, зұлымдық осінің өзге де жетекшілерімен бірге тарих қойнауына кетті», – деп мәлімдеді.
Сейсенбі күні таңертең Иран астанасы Тегеранда күшті жарылыстар болғаны туралы ақпарат тарады. France-Presse агенттігінің тілшілері жарылыстар қаланың орталық бөлігінде естілгенін хабарлағанымен, нақты қай нысандардың соққыға ұшырағаны әзірге белгісіз.
Израильдік ақпарат құралдарының дерегінше, бұл соққылардың басты мақсаты – дәл осы Али Лариджаниді жою болған.
Лариджани – Иран саяси жүйесіндегі ең ықпалды тұлғалардың бірі саналған. Ол Жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменейдің сенімді өкілі ретінде Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінде қызмет атқарған. Сонымен қатар елдің негізгі стратегиялық мәселелері, соның ішінде ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерге жауапты болған.
Израиль армиясы бұл операцияны «жоғары деңгейдегі бірнеше шенеунікті жоюға бағытталған кең ауқымды әуе шабуылы» деп сипаттады. Әскери дереккөздердің айтуынша, Али Лариджани ресми түрде кеңес хатшысы болғанымен, іс жүзінде Иран саясатының негізгі бағыттарын айқындап отырған тұлға болған.
Израильдік әскери өкілдердің пікірінше, дәл осы Лариджани Израильге қарсы шабуылдарға бұйрық берген, сондай-ақ Парсы шығанағындағы елдерге бағытталған әрекеттерді үйлестірген.
Сол шабуыл барысында «Басидж» жасақтарының басшысы Гулямреза Солеймани де қаза тапқаны хабарланды. Бұл құрылым Ирандағы Ислам революциясы сақшылар корпусының құрамына кіреді және ішкі наразылықтарды басумен айналысатын күш ретінде белгілі.
Сондай-ақ, осы операция кезінде Газа секторындағы «Исламдық жихад» ұйымының жетекшілерінің бірі де нысанаға алынғаны айтылды. Алайда оның қаза тапқаны әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Бұл оқиға – аймақтағы әскери шиеленістің жаңа деңгейге көтерілгенінің белгісі. Израильдің Ирандағы жоғары лауазымды тұлғаларды нысанаға алуы – тек тактикалық емес, стратегиялық өзгерістердің басталғанын аңғартады. Таяу Шығыстағы жағдай күн санап ушығып барады. Ал бұл соққы Иранның ішкі билік құрылымына ғана емес, бүкіл өңірдегі күштер тепе-теңдігіне әсер етуі мүмкін.