"Өзгелермен тең мүмкіндікке иесің": ҰБТ-да ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлерге тағы бір артықшылық қосылды
2022 жылдан бастап ҰБТ-ға ерекше жандардың тапсыруы жыл сайын артып, бүгінде 500 адамға жетті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлердің, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар түсушілердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін әртүрлі шараларды қабылдауды жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап.
Өткен жылдардағыдай, 2026 жылғы ҰБТ-да ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады. Сонымен қатар көру қабілеті бұзылған балалардың ыңғайы үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзірленді. Қабылданған шаралардың арқасында тестілеуге қатысатын мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артып келеді. Егер 2021 жылы ҰБТ-ға 90 бала қатысса, 2022 жылдан бастап жыл сайын олардың саны 500 адамға жетеді.
«ҰБТ-ны барлығы сияқты бірдей жағдайда тапсырудың маңызы өте зор. Өйткені бұл өзіңнің де өзгелермен тең мүмкіндікке ие екеніңді сезінуге мүмкіндік береді. Мүмкіндіктерің де, шектеулерің де мақсатыңа жетуге кедергі болмайды», – дейді ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкер Хамраева Ясмин.
2026 жылы негізгі ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттіліктері бар 592 талапкер қатысуда. Оның ішінде 201-і – көру қабілеті бұзылған, 306-сы – есту қабілеті бұзылған және 86-сы – тірек-қимыл аппараты бұзылған талапкерлер.
Айта кетейік, қажет болған жағдайда ерекше білім беру қажеттіліктері бар түсушілерге ҰБТ-да пән мұғалімі емес көмекшілер ұсынылады.