1-шілдеден бастап қазақстандықтарды қандай өзгеріс күтіп тұр
Қазақстандықтарды 1-шілдеден бастап қандай өзгерістер күтіп тұр, бұл туралы Taulik.kz шолу жүргізді.
Жаңа Конституция күшіне енеді
Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады. Осыған байланысты елдің саяси институттары мен заңнамасында түбегейлі өзгерістер басталады:
Парламент орнына – Құрылтай: екі палаталы Парламент өз қызметін тоқтатып, оның орнына жоғары заң шығарушы орган ретінде бір палаталы кәсіби Құрылтай құрылады. Оның құрамына 5 жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді;
Терминологиялық түзетулер: Заң нормаларындағы "Парламент" сөзі "Құрылтай" деп, ал "республикалық референдум" термині "жалпыхалықтық референдум" болып түзетіледі;
Вице-президент институты: саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жаңадан вице-президент лауазымы енгізіледі.
Қазақстан Халық Кеңесі құрылады
Елде жаңа консультативтік-кеңесші орган – Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастайды. Оның құрамына 126 адам мүше болады:
"Тенге" сөзі "теңге" болып өзгереді
Ұлттық банк валюталық реттеу, сыртқы сектор статистикасы және бухгалтерлік есеп салаларына қатысты бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Ұсынылған жобаға сәйкес, ресми құжаттардағы кейбір терминдер жаңартылады. Атап айтқанда, орыс тіліндегі мәтіндерде қолданылатын «тенге» сөзі енді қазақ тілінің нормасына сәйкес «теңге» түрінде жазылады.
Қазақстанда банк қосымшалары арқылы шот ашу тәртібі қатаңдайды
12 шілдеден бастап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жаңа қаулысы күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, енді банк қосымшаларында тек аты-жөні мен телефон нөмірі арқылы тіркелу жеткіліксіз болады.
Жаңа талап бойынша қашықтан тіркелу кезінде банктер клиенттің жеке басын қосымша тексеруге міндеттеледі. Атап айтқанда, азаматтың бет-әлпеті мемлекеттік дерекқордағы мәліметтермен салыстырылып, биометриялық сәйкестендіру жүргізіледі.
Сонымен қатар банк клиенттің телефон нөмірі мемлекеттік мобильді азаматтар базасында нақты ЖСН-ге тіркелгенін тексеруі керек. Мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда электрондық цифрлық қолтаңба талап етіледі.
Бұдан бөлек, 19 шілдеге дейін банктер банкаралық бірыңғай QR жүйесіне қосылуы тиіс. Бұл талап төлем қабылдау тәртібіне де өзгеріс енгізеді.
19 шілдеден бастап кәсіпкерлердің бір бөлігі тек белгілі бір банктің QR-кодымен төлем қабылдай алмайды. Олар пластикалық карталармен қатар, бірыңғай банкаралық мобильді төлем жүйесін қолдайтын POS-терминал орнатуға міндеттеледі.
Шетелдік интернет-дүкендерден сатып алу ережесі өзгереді
1 шілдеден бастап үшінші елдерден келетін сәлемдемелер үшін жаңа фискалдық тетіктер енгізіліп, олар "электрондық сауда тауарлары" санатына бөлінеді:
Салық пен баж: барлық тауарға 16% көлеміндегі өтпелі ҚҚС қолданылады, оны шетелдік алаңдар бірден өнім құнына қосады;
Бажсыз лимит: 200 еуроға немесе 31 келіге дейінгі жеңілдік лимиті сақталады. Егер тауар бұл межеден асса, 5% бірыңғай баж (бірақ келісіне кемінде 1 еуро) артық сомадан емес, тауардың жалпы құнынан және ұлттық ҚҚС-пен бірге алынады;
Декларациялау: Temu, Taobao, Pinduoduo, Amazon, AliExpress-тен келетін барлық сәлемдеме міндетті түрде декларацияланады. Тек ЕАЭО кедендік аумағында орналасқан Wildberries және Ozon тапсырыстары ғана бұл рәсімнен босатылады;
Ерекшеліктер мен тыйымдар: электромобильдер, мотоциклдер мен яхталарға 15% бекітілген баж енгізіледі. Жеңіл көліктердің баж ескі ережемен, яғни шыққан жылы мен қозғалтқыш көлеміне қарай есептеледі. Коммерциялық тауарлар – солярий, іштен жану қозғалтқыштары, медициналық жиһаз, ойын автоматтары, қару-жарақ, қауіпті қалдықтар, алкоголь, темекі және қолма-қол ақшаға жеңілдетілген тәртіппен әкелуге тыйым салынады;
Ұлттық тауарлар каталогы: сауда және өндіріс кәсіпкерлері өз өнімдерін (фотосуреті, сипаттамасы, шыққан тегі, көлемі мен мақсаты көрсетілген) бірыңғай каталогқа енгізуге міндеттеледі. Тұтынушылар ақпаратты QR-код арқылы көре алады. Маркетплейстерге қойылатын талаптар да күшейтіледі.
12 шілдеден бастап заңнаманың маңызды блоктары күшіне енеді:
емтиханды "автомат" қорапты көлікпен тапсырған қазақстандықтар енді заңды түрде, қайта емтихан тапсырмай-ақ "механика" айдауға көше алады;
автокөлікті сатып алу-сату мәмілесін ЭЦП көмегімен электрондық үкімет порталында немесе банк қосымшаларында қашықтан ресімдеу мүмкіндігі пайда болады;
көліктерді полицияның тексеру процесі цифрландырылады: инспекторлар VIN-кодтарды фотоға түсіреді, ал электронды тексеру актісі 14 күнтізбелік күн бойы жарамды болады.
Тұрғын үй нарығы және жаңа Құрылыс кодексі
1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Құжат құрылыс талаптарын қатайтады: сейсмотұрақтылыққа міндетті сынақтар енгізіледі, eGov-та жоқ құрылыс компанияларының реестрі пайда болады және инженерлердің жеке жауапкершілігі бекітіледі. Тұрғын үйлердің минималды кепілдік мерзімі 5 жылға дейін, ал іргетасы мен жүк көтергіш конструкцияларына 10 жылға дейін ұзартылады. Нысаналы құрылыс шектеліп, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын 2 жылда бір реттен жиі өзгертуге тыйым салынады.
Жаңа абаттандыру ережелері мен айыппұлдар
1 шілдеден бастап күшіне енетін ережелер:
іргелес аумақ: ғимараттан, қоршаудан немесе сауда нысанынан сыртқа қарай 5 метрлік радиустағы аумақты үй иелері мен жалға алушылар өз қаражаты есебінен тазалап, тәртіпте ұстауға міндетті. Тексерісті жергілікті органдар жүргізеді, әсіресе жеке сектордағы үйлер мен қоршаулардың сыртқы келбеті бақыланады. Ережені бұзғандарға алдымен ескерту беріледі, ал талап орындалмаса 20 АЕК, бір жыл ішінде қайталанса 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады;
үй жануарларын серуендету: иелері үй жануарларының нәжістерін тазалауға міндетті. Тек арнайы тақтайшасы бар аумақтарда ғана серуендеуге рұқсат етіледі;
аулада көлік қоюға тыйым салу: тротуарларға, балалар мен спорт алаңдарына, жасыл желектер мен газондарға, қоқыс контейнерлері алаңына және арнайы тұраққа арналмаған орындарға көлік қоюға тыйым салынады. Айыппұл көлемі максималды түрде 1,2 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін;
қар тазалау және көше шамдарының мерзімдері: қар жауа бастағаннан кейін жолдарды тазалау бірден басталуы керек және қар тоқтаған соң 48 сағат ішінде толық аяқталуы тиіс. Шатырлар мен қалқалар айына кемінде 1 рет қар мен мұздан тазаланады. Көшелердегі жұмыс істемейтін шамдар саны 10 пайыздан аспауы керек және олар қатар орналаспауы тиіс.
Тарифтер мен бағалардың өсуі
Пойыздардың үстіңгі және астыңғы орындарына бөлек тариф: шілдеден бастап жолаушылар пойызы билеттерінің құны орналасқан сөресіне байланысты бөлек есептеледі. Бұл тарифтік икемділікті арттыру үшін енгізілуде;
Тауарлық газ: Газ саласына инвестиция тарту мақсатында көтерме тауарлық газ бағасын 3 жыл ішінде жыл сайын 33 пайызға кезең-кезеңімен өсіру жоспарлануда. Бұл инфляцияны 0,16% арттырады. Сұйытылған мұнай газының бағасы бұрынғы деңгейде қалады.