logo
search
menu
Дау мен диалог арасында: Қазақстанның халықаралық дипломатиядағы орны
Фото: Ақорда

Дау мен диалог арасында: Қазақстанның халықаралық дипломатиядағы орны

Әлемде мүдде қайшылығы күшейіп, бірқатар аймақта мылтық үні басылмай тұрған шақта келіссөз үстелінің қадірі арта түседі. Өйткені соғысты бастау үшін бір ғана оқ жеткілікті болғанымен, оны тоқтату үшін кейде жылдарға созылған сабыр мен сенім қажет. Осындай кезеңде Қазақстан түрлі саяси күштерге ортақ алаң ұсынып, халықаралық дауларды диалог арқылы шешуге үлес қосып келеді.

Қазақстан бұл ретте өзін төрелік айтатын мемлекет ретінде көрсетуге ұмтылмайды. Оның ұстанымы басқа: бір-біріне қол соза алмай тұрған тараптарға сөйлесетін орын беру. Қазақтың «дау мұраты – біту» деген сөзі қазіргі дипломатияның да қарапайым формуласындай.

Астана процесі Сириядағы соғысты тоқтатуға қалай ықпал етті?

2011 жылы басталған Сириядағы қақтығыс жүздеген мың адамның өмірін жалмап, миллиондаған тұрғынды туған жерінен кетуге мәжбүр етті. Бірнеше мемлекет пен түрлі саяси күш араласқан соғыстың түйіні барған сайын күрделене түсті.

2017 жылғы қаңтарда Астанада Сирия мәселесіне арналған халықаралық келіссөздердің алғашқы раунды өтті. Кездесуге Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдері қатысты, ал Ресей, Түркия және Иран атысты тоқтату режимінің кепілгерлері ретінде қатысты.

БҰҰ мәліметінше, сол кездегі келіссөздердің негізгі міндеттерінің бірі бүкіл ел аумағындағы атысты тоқтату тәртібін бақылаудың тиімді механизмін қалыптастыру болды. БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы өкілі Стаффан де Мистура саяси шешімге тек сириялық тараптардың өзара келіссөзі арқылы жетуге болатынын айтқан.

Кейін Астана процесінде деэскалация аймақтарын құру, гуманитарлық көмек, тұтқындар мәселесі және атысты тоқтату тәртібі талқыланды. 2017 жылдың мамырында БҰҰ Астанада қабылданған Сирияның бірқатар аймағындағы зорлық-зомбылықты азайту жөніндегі келісімді құптады.

Әрине, Астана келіссөздері Сириядағы барлық мәселені шешіп тастаған жоқ. Тамыры тереңге кеткен дауды бір отырыспен тарқату мүмкін емес. Бірақ мылтық сөйлеп тұрған жерде диалогқа орын ашудың өзі – бітімге бастайтын алғашқы қадам.

Алматыда Армения мен Әзербайжан не үшін кездесті?

Қазақстанның келіссөз алаңы ретіндегі рөлі 2024 жылы тағы бір маңызды оқиғамен жалғасты. 10 мамырда Алматыда Арменияның сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян мен Әзербайжанның сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов кездесіп, екі ел арасындағы бейбіт келісім мәселелерін талқылады.

Кездесудің Алматыда өтуінің де өзіндік тарихи мәні болды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, келіссөз өткен Достық үйінің дәл сол залында 1991 жылы Алматы декларациясына қол қойылған. Құжат мемлекетаралық шекараларды айқындаудың негізгі қағидаларын бекіткен еді.

Армения мен Әзербайжан министрлері де келіссөз алаңын ұсынғаны үшін Қазақстанға алғыс білдірді.

Бұл жолы да Қазақстан келіссөз мазмұнына араласып, тараптарға шарт қойған жоқ. Кейде жақсы бітімгер төрге шығып сөйлемейді, керісінше, екі жаққа да сөзін еркін айтуға жағдай жасайды. Дала дәстүрінде де жауласқан екі руды бір дастарқанға отырғызудың өзі татулыққа жасалған қадам саналған.

Ядролық мәселе де Алматыда талқыланды

Қазақстанның күрделі халықаралық келіссөздер өткізу тәжірибесі бұдан бұрын да болған. 2013 жылы Алматыда Иранның ядролық бағдарламасына байланысты екі маңызды кездесу өтті.

Қазақстан СІМ дерегінде еліміздің Иран мен «5+1» тобына – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі мен Германияға – келіссөз жүргізу үшін бейтарап алаң ұсынғаны көрсетілген. Алматыдағы екі раунд Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі дипломатиялық диалогтың алға жылжуына үлес қосты. Кейін, 2015 жылы, тараптар ядролық бағдарлама бойынша Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарына келді. Мұның Қазақстан үшін символдық жүгі де ауыр. Семей полигонында ядролық сынақтың зардабын тартқан елдің атом мәселесін қарумен емес, келіссөзбен шешуге арналған жиынға төр ұсынуы тарихтың өзіндік сабақтастығындай көрінеді.

Азиядағы сенім идеясын Қазақстан қашан ұсынды?

Қазақстанның бейбітшілікке бағытталған бастамалары жекелеген келіссөздермен шектелмейді. 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті – АӨСШК-ні құру идеясын ұсынды.

АӨСШК-нің ресми мәліметінде ұйымның негізгі мақсаты Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздық пен тұрақтылықты диалог және ынтымақтастық арқылы нығайту екені көрсетілген.

Мұның астарында қарапайым қағида жатыр: өрт шыққан соң су іздегеннен гөрі, оның тұтануына жол бермеу тиімді. Мемлекеттер арасындағы сенім де сол секілді – дағдарыс кезінде аяқ астынан пайда болмайды, ол жылдар бойы қалыптасады.

Қазақстанға тараптар неге сенім артады?

Бұған елдің географиялық орны ғана емес, түрлі саяси орталықтармен байланыс орнатуға бағытталған сыртқы саясаты да әсер етеді. Қазақстан Ресеймен және Қытаймен көрші, Батыс мемлекеттерімен серіктестік орнатқан, Түркі және ислам әлемімен де тығыз қарым-қатынаста.

Дегенмен бейтарап келіссөз алаңы болу үшін әдемі зал мен ұзын үстел жеткіліксіз. Ең керегі – сенім. Сенім – халықаралық саясаттағы көзге көрінбейтін, бірақ салмағы алтыннан ауыр капитал. Қазақстан әлемдегі барлық дауға араша түсе алмайды. Бірақ тараптар бір-біріне есік жаба бастағанда, сөйлесуге арналған есікті ашық ұстай алады. Бәлкім, қазіргі әлемге керегі де осы шығар. Өйткені кейде үлкен бейбітшілік зеңбіректің үнсіз қалуынан емес, қарсы отырған екі адамның бір-бірін алғаш рет тыңдауынан басталады.