Тамшының тағдыры: Қазақстан ғалымдары суды сақтаудың жаңа жолдарын іздеп жатыр
Су – көзге қарапайым көрінгенімен, тұтас елдің экономикасын, ауыл шаруашылығын және тұрмысын ұстап тұрған стратегиялық ресурс. Қазақстан үшін бұл мәселенің салмағы тіпті бөлек. Елдегі жерүсті су ресурстарының 55,7 пайызы өз аумағымызда қалыптасса, қалған 44,3 пайызы Қытай, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстаннан келетін трансшекаралық өзендерге тиесілі. Ал барлық су ресурсының шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады.
Сондықтан суды үнемдеу енді тек кранды уақытында жабумен өлшенбейді. Ғалымдар судың әр тамшысын тиімді пайдаланудан бастап, жерасты қорларын зерттеу, лас суды тазарту және су қоймаларын қалпына келтіруге дейінгі жаңа шешімдер іздеп жатыр.
Жерасты суын ғылым қалай зерттеп жатыр?
Қазақстанда су мәселесіне арналған ғылыми жобалардың бірі Satbayev University жанындағы У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтында жүргізіліп келеді.
Ғалымдар жерүсті және жерасты суларын бірге пайдалануға негізделген жаңа суару тәсілін зерттеп жатыр. Жобаның мәні – су қоймасынан табиғи жолмен топырақ қабаттарына сіңіп, жерасты қорын толықтыратын суды егіншілікке қосымша ресурс ретінде пайдалану. Зерттеушілер арнайы дрон арқылы аумақтың цифрлық топографиялық картасын жасаған. Енді бақылау ұңғымаларының мәліметі мен қашықтан алынатын деректерді біріктіретін гидродинамикалық модель әзірленіп жатыр. Ол жерасты суының деңгейі мен сапасының қалай өзгеретінін алдын ала болжауға мүмкіндік бермек.
Бұл зерттеудің маңызы бір шаруашылықпен шектелмейді. Егер технологияның тиімділігі дәлелденсе, оны Қазақстанның басқа өңірлерінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылмақ. Қазақ «судың да сұрауы бар» дейді. Бүгін бұл сөздің ғылыми мағынасы да тереңдеп келеді: судың қайдан келіп, жер астында қалай қозғалып, қанша мөлшерде пайдалануға болатынын есептемей, оны тиімді басқару қиын.
Қазақстанда су тазартатын мембрана шығарыла бастады
Су тапшылығын азайтудың бір жолы – бар суды қайта тазалап пайдалану. Бұл бағытта отандық ғылымда нақты өндірістік жоба пайда болды. 2025 жылы Қазақстанда алғаш рет кері осмос арқылы су тазартуға арналған спиральды мембраналардың сериялық өндірісі іске қосылды. MEMBRANECO жобасын «Экотэк Инжиниринг» компаниясы Satbayev University-мен бірге жүзеге асырған.
Бұған дейін мұндай мембраналар шетелден импортталатын. Енді арнайы экономикалық аймақта отандық өндіріс жолға қойылып, алғашқы өнім шығарылған. Мембраналарды ауыз суды тазартумен қатар Маңғыстау секілді өңірлерде суды тұщыландыру жүйелерінде пайдалану көзделеді.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары да мембраналық технологияларды зерттеп жүр. Олар суды тұздардан, пестицидтерден, мұнай өнімдері мен ауыр металл иондарынан тазартуға арналған трек мембраналарын жетілдірген. Зерттеу кезінде мембраналық дистилляция арқылы суды тазарту көрсеткіші 98–99 пайызға дейін жеткен. Ал сұйық радиоактивті қалдықтардағы изотоптардан тазарту деңгейі тәжірибе барысында 95-98 пайыз аралығын көрсеткен. Ғалымдар бұл нәтижелерді әрі қарай зерттеп, технологияны қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. ЕҰУ ғалымдарының зерттеуі туралы толық ақпарат
Кеңгір су қоймасына биотехнология көмектесе ала ма?
Ғылыми ізденістің тағы бір бағыты Ұлытау облысындағы Кеңгір су қоймасымен байланысты. 2026 жылы Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы, Назарбаев Университеті, Еуразия ұлттық университеті және Республикалық микроорганизмдер коллекциясының мамандары су қоймасының сапасын жақсарту үшін бірлескен пилоттық жоба әзірлеуге кірісті.
Ғалымдар суды қалпына келтіруде табиғи әрі экологиялық қауіпсіз материалдарды, биотехнологиялық, химиялық және инженерлік тәсілдерді біріктірмек. Жұмыстарды 2026-2027 жылдары жүргізу жоспарланған.
Кеңгір – жай ғана су айдыны емес. Оның көлемі 319 млн текше метрге жетеді және ол Жезқазған мен жақын аумақтарды сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан зерттеу нәтижесі зертханадан шығып, тұтас өңір үшін практикалық маңызға ие болуы ықтимал.
Өзен мен канал да цифрлық картаға көшіп жатыр
Суды басқаруға жасанды интеллект те араласа бастады. 2026 жылы Қызылордада өткен Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысында ғалымдар DeepBas платформасын таныстырды.
Бұл – жасанды интеллект көмегімен су ресурстарын басқаруға бағытталған отандық интеллектуалды жүйе. Ұлттық ғылым академиясының мәліметінше, қытайлық ғалымдармен бірге Кеңістіктік-уақыттық интеллект орталығы құрылған. Келесі кезеңде Арал-Сырдария бассейнінде бес жылдық ірі ғылыми жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін 2026 жылдың екінші жартысында өнеркәсіптік пайдалануға беру көзделген. Жүйе гидрологиялық модельдеу, су жөніндегі деректер мен электронды қызметтерді бір ортаға жинауға арналған. Яғни бұрын маман өзендегі жағдайды негізінен өлшеу бекетіндегі дерекпен бағаласа, болашақта спутник, цифрлық карта, датчик және математикалық модель бір-бірімен байланыса түспек.
Ғылыми шешім егістікке жеткенде
Ғылымның нәтижесі шаруаның алқабынан да байқалуы керек. 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік көлемі 543,5 мың гектарға жеткен. Соның нәтижесінде шамамен 874 млн текше метр су үнемделгені хабарланды.
Тамшылатып суару қазір 165,8 мың гектарда қолданылады. Ал егістік жерді лазермен тегістеу технологиясы 62,6 мың гектарға енгізілген. Министрлік дерегіне сәйкес, лазерлік тегістеу су шығынын кемінде 20 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді. Әрине, бір ғылыми жоба Қазақстандағы су мәселесін түгел шешіп тастамайды. Бір жерде жаңа мембрана керек болса, екінші аймақта канал жаңғырту қажет, үшінші өңірде жерасты суының қорын нақты есептеу маңызды. Бірақ ғылымның міндеті де дайын ғажайып ұсыну емес. Ол табиғаттың мінезін зерттеп, дерек жинап, тәуекелді есептеп, ең тиімді жолды көрсетуі тиіс.
Судың әр тамшысы бағалы елде ғалымның зертханасындағы тәжірибе ертең шаруаның алқабындағы үнемге, қаладағы таза суға немесе бүтін бір су қоймасының саулығына айналуы мүмкін. Ғылымның қоғамға ең жақын келетін тұсы да – осы.