Хоккейден Қазақстан құрамасының 3 спортшысы Қазақстан азаматтығынан бас тартты. Тізім ары қарай да ұлғая түсуі мүмкін. Бұл туралы спорт сарапшысы Аслан Қаженов Taulik.kz тілшісіне берген пікірінде айтты.
"Хоккей ішінен былыққа батып жатыр. Отандық хоккейдің бұған дейін де жағдайы нашар еді. "Ауруын жасырған өледі" дегендей жасырып келген ауруымыз шығып, өлетін халге жеттік. Өйткені Ұлттық құрамада 2 паспортпен жүрген спортшылардың бар екені анықталып жатыр.
12 мамырда Латвия астанасы Ригада әлем чемпионаты басталады. Латвия Украинадағы соғысқа байланысты Ресей мен Беларусь спортшылары мен мамандарына жұмыс визасын бермейтін болды. Сәйкесінше біздің құрамадан 3 бірдей хоккейші азаматтықтан бас тартты. Өйткені тізім жіберген кезде, арты қуыс екені білінетін еді. Соны сақтандырып, Қазақстан азаматтығынан бас тартып, қазір Ресей азаматы болып отыр. Олар - Алексей Маклюков, Егор Петухов, Антон Сагадеев. Арасындағы Антон Сагадеев Теміртаудың тумасы болғанына қарамастан, 2 паспортпен жүрген. Бұл негізінде еліміздегі заңға қайшы, бізде бұлай істеуге рұқсат жоқ. Алайда соған қарамастан олар біршама жылдан бері заңды бұзып жүрген. Құзырлы органдар неге үндемейді? Ұлттық қауіпсіздік комитеті ше? Спорт министрлігі федерацияны неге тексермейді? Сұрақ көп. Жауап жоқ", - деді ол.
Қаженов еліміздегі хоккей спортына аудит жүргізіп, азаматтық алатын кезде жүргізілетін келісімшартқа заң тұрғысынан нақтылық қажет екенін айтты.
"Негізінде келісімшартта Қазақстан азаматтығын алған болсаң, бұған дейінгі азаматтықтан бас тартасың, қанша жыл ойнауы керек, қандай міндеттемелері бар - жалпы осы сұрақтың бәріне жауап болуы керек.
Осы хоккейшілерге бүгінге дейін қаншама қаржы кетті. Оны ешкім ашық айтпайды. Соған аудит жүргізіп, бәрін ашық айту керек. Бұл - федерацияның немесе компанияның ақшасы емес, халықтың ақшасы. Одан бөлек "Барыс" құрамасына Самұрық-Қазына қаржы бөледі. Бұған дейін жылына 8 млрд теңге бөлінеді деп ресми жариялады. Одан бөлек спортшылар азаматтығымызды алған кезде де жай келіспейді, мұнда да ақша төленеді. Ол да құпия. Ол да ашық айтылуы керек", - деді ол.
Журналистің айтуынша, отандық хоккейдегі мәселені Латвияның позициясы шешіп отыр.
"Андрей Скабелка деген бас бапкер бапкерлер құрамымен толықтай қызметінен кетті. Өйткені олар - Беларусь мамандары. Бұл да Латвияның принципті позициясынан кейін болып отыр. Бірақ басқа себептермен ұлттық құрамадан алынды деп жатыр.
Одан кейін бас бапкер болып қазақстандық жаттықтырушы Ғалым Мәмбеталиев тағайындалды. Бұған дейін құраманы неге осы кісі жаттықтырмады? Бізге міндетті түрде Латвияның ескертуі керек пе?
3 хоккейші азаматтықтан бас тартты дедім, олардың қатары әлі де көбейетін секілді. "Барыстан" бөлек Қазақстан чемпионатында ойнайтын басқа да клубтарда ойнап жүрген легионерлер көп екені белгілі. "Номад", "Арлан", "Құлагер", "Бейбарыс", "Торпедо", "Сарыарқа" құрамаларының құрамын қарау керек. Әсіресе, Ресейдің азаматтары көп. Бұл кімге тиімді? Неге бұлай болып жатыр. Тағы да сұрақ көп. Жауап жоқ", - деді спорт сарапшысы.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанның хоккей федерациясы Қазақстан азаматтығынан бас тартқан ойыншыларға қатысты пікір білдірді.
«Қазақстан құрамасына үміткерлердің барлығы 2023 жылғы ӘЧ алдындағы оқу-жаттығу жиынына шақырту алды.
Кей ойыншылар отбасылық жағдай мен жарақатқа байланысты келе алмады, ал кейбірі өз елінің азаматтығына өтуді жөн көрді. Біз әрбір ойыншының таңдауын құрметтейміз және құрамада өткізген уақыты мен халықаралық жарыстарда көрсеткен нәтижелері үшін алғыс айтамыз. Кейінгі жылдары федерация жастар мен жасөспірімдер хоккейін дамытуға күш жұмсауда. 2018 жылы Қазақстанның жастар лигасы – Jas Ligasy іске қосылды.
Қазіргі кеңейтілген құрам айтарлықтай жасарды. Жастар құрамасындағы көптеген ойыншы негізгі құрамға қосылып жатыр. Алдағы матчтарда жаңа ойыншыларды көресіздер», – деді федерация өкілдері.