Таксимен табыс тауып, курьерлікпен күн көретіндер енді ресми жұмысшы санатына енеді. Яғни, жұмыспен қамтылғандар болып саналады. Жаңа заң жобасы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды Taulik.kz Astana арнасына сілтеме жасап.
Такси қызметін көрсетсеңіз, интернет-платформалар немесе мобильді қосымша арқылы ашық табыс тапсаңыз қоғамдық келісімшарт жасауға міндеттелесіз. Тиісінше, әлеуметтік төлемдер қолжетімді болады. Министрлік жұмыссыздар қатарын осылай азайтуға белді бекем буды.
Қаржы министрлігі жобаға барлығы емес, тек тілек білдірушілер ғана қатысатынын түсіндірді. Ол үшін олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, онлайн платформаға тиісті құжаттарды тапсыруы қажет. Сонда операторлар ай сайын олардан жарты жылдық кірістің бір пайызын алып отырады. Егер ол бұрыннан бар жеке кәсіпкер болса, онда ол салық режимін өзгертеді.
«Оператор жеке кәсіпкердің шешімі бойынша қаражатты ұстау бойынша міндеттемелерді орындау бөлігінде салық агенті болып танылады. Пилоттық жобаға қатысушылар үшін міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарға салық төлеу жеке кәсіпкердің табысы болып саналады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарға салық салу объектісі ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшеріндегі кірісі болады», - деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, елде 500 мыңнан астам курьер бар. Мәселен, олардың бірі жеткізу қызметінде бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Оның айтуынша, айына жарты миллион теңгеге жуық жалақы алады. Сондықтан салық төлеуге міндетті болса да, қалтамына ауыр түспейді.
«Мұның бір жақсысы, біз әлеуметтік тұрғыдан қорғаламыз. Курьер айына 400 мың теңге табады. Ондай ақшаны қайдан табасың? Сондықтан әрбір курьерөзін де, отбасын да асырап, салығын да төлеп жүре алады», - деді курьер Сергей Белов.