Аударма ісі – ұлт әдебиетінің дамуына үлес қосатын сала. Кез келген шығарманы өзге тілден аудару, оны оқырмандарға түсінікті етіп жеткізу оңай емес. Бүгінде аударма саласында жүріп, көпшіліктің сүйікті авторына айналған автор – Шынар Әбілда. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті, «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының оқытушысы. Taulik.kz тілшісі белгілі аудармашымен сұхбаттасып көрді.
Өзіңізді жан-жақты қырыңыздан танимын. Соның бірі аудармашы ретінде. Бірінші сұрақты өзіңізден бастасам. Бұл салада қанша жылдық тәжірибеңіз бар, қанша кітап аудардыңыз? Қалай келдіңіз? Осы жайлы айтсаңыз.
– 2012 жылы Астанадан Алматыға көшіп келдім. Балаларым жас болған соң ыңғайлы жұмыс іздестіріп, баспаға жұмысқа тұрдым. Жұмысымның дені мақала аудару болды. Алғашқы аудармаларым сол шамада басталды, қолым жаттықты. Кейін өзіме ұнайтын мотивациялық, психологиялық материалдарды фейсбуктегі парақшама бөлісіп жүрдім. Ел ұнатқан соң арнайы «Өзгеріс ойдан басталады» деген топ аштым. Қазір топта 37 мыңнан аса оқырман бар. Менің аудармаларымды күтіп оқитын аудитория қалыптасты. Соңғы екі-үш жылда инстаграм парақшамды да белсенді жүргізе бастадым. Онда жиырма мыңға жуық оқырман жиналды. Осы он шақты жылда ертегісі, әңгімесі, жинағы бар он шақты кітап оқырман қолына тиді. «Фолиант», «Steppe and world», «Қаламгер», «Аударма бюросы» баспаларына және «Қазына» дүкенінің баспасына аударма жасаппын. Соңғы шыққан «Әлемді өзгерткің келсе – Әйелді сүй» жинағын Алматы облысы әкімдігі басып берді.