Адам екі аптадан артық көңіл-күйсіз, қабағы түсіп, тұнжырап жүрсе, ұйқысы мен тамағы бұзылса, яғни көп ұйықтай берсе немесе керісінше, ұйықтай алмаса, тамақ іше берсе немесе тамақ ішпей қойса, ештеңеге қызықпаса не өте белсенді болып кетсе, демек бұл ол адам туралы дабыл белгісі. Ол адам күйзелісте жүр, оған шұғыл көмек керек. Мұндай адам тез арада әрекет етіп, психолог мамандарға барғаны жөн. Өйткені, созылмалы күйзеліс адамды жеп тауысады. Депрессия кезінде адамның жаны ауырады. Өзін деструктивті түрде кінәлай береді. Адамның еңсесі түсіп кетеді, өмірге құштарлығы жоғалады. Төсектен тұра алмай жата беруі де мүмкін. Қысқасы, күйзеліске түскен адам басқа нәрсені ойлай алмайды, өз өзін қолға алуы үшін де көп уақыт қажет болуы мүмкін. Сондықтан, ол адамға жақындарының көмегі қажет. Ал бір-екі күн көңіл-күйі жоқ болса, бұл – депрессия емес, көңіл-күйдің түсуі. Мұндай кезде адамның көңіл-күйін көтеріп, жадыратуға болады.
Күйзелістен қалай шығуға болады?
Депрессиядан өз бетінше шығу үшін өте ұзақ мерзім қажет болуы мүмкін, тіпті өмір бойы адам күйзелістен арыла алмауы да мүмкін. Сондықтан, терең күйзеліске түскен адамдыпсихолог, психотерапевт және психоаналитик мамандарының көмегімен алып шығуға болады. Психолог депрессиядағы адамның жанына батқан мәселені айтқызады және тыңдайды. Іште қатып қалған сезімдерін, эмоцияларын «жібітеді». Ал адам орнынан қозғала алмай төсектен тұрмай жата берсе, психиатрға жібереміз. Психиатр дәрі-дәрмек, антидепрессант беруі мүмкін. Бірақ антидепрессант қайғыны ешқайда жібермейді, тек уақытша басады. Сондықтан депрессия кезінде психолог пен психиатр бірге жұмыс істеуі маңызды.
Күйзелістің алдын алу үшін не істеу керек?
Адам депрессияға түспес үшін бала кезде оған сезімдерін, эмоцияларын түсіндірген жөн. Бала ренжісе, ашуланса, оны тұншықтырмаңыз. Бала сезімдерін шығарып, оны түсініп үйренуі қажет. Себебі бала сезімді, эмоцияларды түсінбейді, оны анасы, айналасындағы ересектер түсіндіруге тиіс. Ал балаға «сен мықты болуың керек, сол үшін әлсіздік танытып ренжіме, өкпелеме», «ашуланба» деп ұрсып, ұрып жіберсек, ол сезім мен эмоцияларын еріксіз ішке жұтып, тұншықтыруға мәжбүр болады. Ал бала кезден сезімі мен эмоциясын түсінген баланың есейгенде депрессияға түсу ықтималдығы төмен. Жалпы, адам эмоциясын, сезімдерін танып, қабылдаса, кез келген қиын жағдайдан шыға алады.