Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
14 қаңтар, 2024 / taulik / Ақмола облысы

Астана маңындағы ауыл тұрғындары электрге 2 есе ақы төлейді

Ауылдың ауқатты азаматтары қолдан жасап отыр ма?

Астана маңындағы ауыл тұрғындары электрге 2 есе ақы төлейді

Елорда маңындағы ауылдарда жарық бағасы әдеттегіден екі есе қымбат. Себебі Астана төңірегі электр қуатын жеткізу бағаналарымен қамтылмаған. Ауқатты азаматтар алдымен өзіне тоқ желісін тартқан. Сосын бағаны өз қалауынша қойып, көршілеріне таратқан.

Астана қаласының маңындағы Жібек жолы ауылының тұрғындары жарық құнының қымбаттап кеткеніне наразы. Олардың айтуынша, жарық бағасын күннен күнге қымбаттатып отырған – жекеменшік делдалдар. Олар ауылдың тең жартысына электр энергиясы әлі тартылмағанын, сол үшін олар электр қуатын кешенді транформаторы заңды тұлғалардан тартуға мәжбүр екенін айтады.

Жібек жолы ауылы Қарағанды тасжолында орналасқан. Ақмола облысына қарайды. Еңбек биржасы сайтының дерегінше, 2023 жылғы санақ бойынша ауылда 8 993 адам тұрады. Ауыл бірнеше шағын ауданға бөлінген. Жаңадан көшіп келгендер көп шоғырланған кейбір шағын ауданға жарық әлі тартылмаған.

Мысалы, 7-шағын ауданының тұрғыны Әсел Сексенбаева 1квт электр қуатына 45.5 теңгеден төлейтінін айтты.

“Жарық беретін адам заңды тұлға болғандықтан, біз айына 1 квт-ға 45.5 теңгеден төлейміз. Электр қуаты күннен күнге қымбаттап  барады… Сонда айына шамамен 30 мың теңгедей болады”, – дейді ол. 

Әселдің сөзінше, жеке меншік иесі бағаны жиі көтереді.

“Алғашында, 2016 жылы 24 теңгедей болған. Соңғы қымбаттамай тұрып, 33 теңгеден еді. Сосын бірден 12 теңгеге өсіріп, қазіргі бағаны қойып отыр”, – дейді ауыл тұрғыны. 

Әсел Сексенбаева электр қуатын Павел Бычков есімді жылқы баптайтын фермасы бар азаматтан алатынын айтады. Сондай-ақ, ол өз жарық трансфарматорына қосқаны үшін де тұрғындардан қаражат сұрайды. Сексенбаева оған 2016 жылы жарық көзін беруі үшін 150 мың теңге төлегенін айтты.

“Мен 7-шағын ауданда тұрамын. Электр энергиясын барлығымыз дерлік, Бычковский жылқы зауытынан аламыз. Алайда, жарық құны тым қымбат”, – дейді сол ауданның тағы бір тұрғыны Гүлнәр Ембердиева.

Осы мәселе бойынша, редакция тілшісі “Бычковский” фермасының иесі Павел Бычковтың өзімен байланысқа шықпақ болды. Бірақ, жекеменшік иесі қоңырауларды жауапсыз қалдырды. Атамекен палатасының жеке кәсіпкерлерді анықтайтын сайты арқылы бұл азамат жайында бірқатар ақпарат анықталды. 2008 жылдан бері “Тамыз – 2005” атты ЖШС мен қоса “К/Х Дастархан” деген дәнді-дақылдар тасымалдайтын жеке кәсібі бар екен.

Фото: автор, КТП-сы бар тұрғын

Бычков транформатормен электр энергиясын қайдан тартады?

Ауыл тұрғындарының сөзінше, ауылда Бычков секілді өзіне транформатор қондырып алған азаматтар көп. Электр энергиясы жоқтар соларға тәуелді. 

Жібек жолы ауылында 12 жыл тұрып жатқан Жанар Адаманова жер сатып алғалы бері жарық тарта алмай отырғанын сөз етті.

“Осы жерді алғалы, электр қуатын тарататын бағана жоқ. Көршілердің ешқайсысы жарық бергісі келмейді. Бізден біршама алыс жердегі көршіміз келісіп тұр. Бірақ, сұрап отырған қаражаты тым қымбат”, – дейді Жанар.

Оның айтуынша, электр қуатынсыз үйінің құрылыс жұмыстарын бастай алмай отыр.

“Сол жерге үй салып, құрылыс бастайық десек, жарық жоқ. Жаз бойы елден мотор сұрап, құрылысты жалғастырдық. Енді несие алып, жарық бағанасын орнатайын десем, маған несие бермейді. Қазір біреудің үйін жалдап тұрамыз”, – деді ауыл тұрғын.

Жібек жолында тұратындардың кейбірі осылай жекеменшіктен мемлекеттік жарыққа көшкен. Олардың кейбірі алғашында 24-25 теңгеден төлеп, кейін мемлекет электр энергиясын 19 теңгеден пайдаланамыз дейді.

Жарық неге жиі өшеді?

Ауылдың тағы бір тұрғыны Ержан Дүйсенбаев жарық әсіресе соңғы кездері жиі өшетінін айтты.

“Жарық өте жиі өшеді. Кейде жаңа жылда шаммен отырамыз. Биыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан сыңайлы. Онда да өткен аптада бір тәулік бойы жарық болмады. Боранды түндерде де жарық болмайды”, – деді Дүйсенбаев.

Тұрғындар сөзінше, жарық өшкен кезде жылумен қоса су да өшеді.

“Үйдегі барлық нәрсе, су насосы, жылу барлығы да электр қуаты арқылы алынады. Себебі бізде орталықтандырылған су жоқ. Барлығы насос арқылы істегендіктен де, үйде жарық өшсе су да, жылу да болмайды”, – дейді Әсел Сексенбаева.

Newsroom редакциясы Жібек жолы тұрғындарына анонимді сауалнама жүргізді. Сауалнамаға ауылдың 222 тұрғыны қатысқан. Қатысқандардың  38,7 пайызы электр қуатын жекеменшік заңды тұлғалардан алатынын білдірді. Сауалнама жауабына орай, ауыл тұрғындарының 1квт электр энергиясына төлейтін баға 25 теңгеден 50-ге дейін барады. 

Сауалнамаға қатысқандар әкімдікке және Аршалы ауданының электр желісін таратушы орталығына шағымданғанын айтады.

“Жібек жолының әкімдігіне бірнеше рет шағым айттық. Осы жылы жарықты жиі өшіретін болып жүр. Өйткені, біздің жеке трансформаторды орталық 18 КТП жүйесіне қосты. Электр қуаты ауылдағы үлкен мәселеге айналды”, – деп пікір қалдырған сауалнамаға қатысушылардың бірі.

Ауылда кейбір көшелерде жарық бағаналары шамадан тыс орналасқан. Нақтырақ, ауылдың 6-шағын ауданында жүргізілген электр сымдары тым көп. Ауыл тұрғындарының сөзінше, соның есебінен де жарық жиі өшеді.

“Жел соққан кезде Молдағұлова-Гумилев қиылысындағы  трансформатордың қалай атылғанын терезеден көреміз. Хабарласамыз, келіп жөндеп кетеді. Бірақ одан пайда шамалы”, дейді кейбір тұрғындар.

Редакция тілшісі ауылды электр энергиясымен қамту бойынша ауылдық округтың әкімдігіне хабарласты. Әкімдік қызметкері бұл сауалға тек Аршалы ауданындағы мамандар  жауап бере алады деді. Ал Жібек жолы ауылы әкімінің орынбасары тілшінің қойған сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

Аршалы ауданының электр желісін таратушы орталығы тілші сұрақтарына жауап бермеді. 

“Жібек жолы ауылында «АРЭК» АҚ қарасты 37 КТП жеке тұлғаларға жарық береді.  Ал 80 жекеменшік КТП жеке тұлғаларға жарық таратады. Жібек жолы ауылын толықтай жарықпен қамтамасыз ету жұмыстары ақырындап, барлық тұрғын алаптарын қоса алғанда жүргізіліп жатыр”, – делінген АРЭК берген деректерде.  Сондай-ақ, жекеменшік жарық берушілердің толық тізімі сұралған болатын. Бірақ, АРЭК қызметкері жекеменшігі бар, заңды тұлғаларға олар жауап бермейтінін айтты.

 

Мақпал Батталова
MNU Newsroom