Мәзір
29 ақпан, 2024 / taulik / Жаңалықтар

Астанада жасөспірімдер арасында есірткі көп тарай бастаған

Қоғамда жасөспірімдер арасында есірткінің таралу деңгейі артып келеді.

Астанада жасөспірімдер арасында есірткі көп тарай бастаған Астанада жасөспірімдер арасында есірткі көп тарай бастаған

Қоғамда жасөспірімдер арасында есірткінің таралу деңгейі артып келеді. Жасөспірімдер өте ерте жаста есірткіні қолдана бастайды. Есірткіге оңай қол жеткізу, қоршаған ортаның әсері және эксперимент жасауға деген ұмтылыс бұл мәселеге ықпалын тигізуде. Бұл жастардың денсаулығына, мінез-құлқына және әлеуметтік бейімделуіне теріс әсер етіп, қоғамға қауіп төндіріп отыр. 

17 жастағы Сабина (есімі өзгертілген) есімді астаналық былтыр бірінші рет есірткі қабылдағанын айтады. Сөзінше, оған оны досы ұсынған. 

Ол 2022 жылдың қарашасынан 2023 жылдың маусымына дейін есірткіге тәуелді болғанын айтты. Көбіне, мефедрон қабылдаған. 

“Мен өзімді қуанышты сезінетінмін және проблемалар жайында мүлдем ұмытатынмын”, – дейді есірткіге тәуелді бола бастаған кездегі сезімін суреттеген Сабина.

Сабина нашақорлықтың өміріне тек қиындық әкелгенін айтты. Есірткіге тәуелділерге арналған оңалту орталығында емделгенімен, оның салдары әлі де ауыртпалық тудырып келеді. 

“Кейде құмарлық қайта пайда болады. Егер есірткіні пайдалану жайында сөз болса, мен барлық [басымнан өткен] сәтті есіме түсіре бастаймын. Ол туралы ойланамын. Ал құмарлықтың салдарынан кейде саусақтарым дірілдейді”, – дейді ол. 

Елордадағы №71 мектеп-лицейінің директоры Майя Мукашева жасөспірімдердің есірткі қолдануына түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Кейбіреуі тұлға ретінде енді қалыптасып келе жатқан шақта адреналин іздейді. Жаңа эмоцияға толы сәттерді сезінгісі келеді. Сондай-ақ, ол үйдегі ата-анамен қарым-қатынастың нашарлауы да балаларды есірткі қабылдауға түрткі болуы мүмкін. 

“Жастар арасындағы есірткіге әуестік көбінде білместіктен басталады. Жасөспірімдер айналасындағылардың кері әсеріне сенгіш, еліктегіш келеді”, – дейді мектеп директоры. 

Былтыр Астана қаласы полиция департаменті заңсыз есірткіні қабылдаған жасөспірімдерге қатысты 18 қылмыстық іс тіркеген. Оның ішінде 13 іс кейін қысқартылған, үшеуі сотқа жолданған. Қалғаны әлі күнге дейін тергеліп жатыр. 

Полиция өкілі жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткі түрлері кең тарағанын айтады. Республикалық телеарна былтыр кейінгі үш жылда тәркіленген синтетикалық есірткі мөлшері 10 есе артқаны туралы мәлімет таратқан. Келтірілген дерекке сәйкес, оларды таратушылар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді ұтымды пайдаланады.

Ғалымдар есірткінің адам психологиясына тигізер зияны аз емесін айтады. Адам психологиясының ауытқуына, когнитивті функциялар бұзылуына жетелейді. Ал физикалық тұрғыдан есірткі тұтынған адамның ішкі органдары зақымдалып, иммундық жүйе бұзылады, жүрек-қан тамырлар ауруы туындайды. 

Астанада есірткіге тәуелді жасөспірімдер емделетін орталықтар көп емес. Сондай мекемелердің бірі “Ренессанс” наркологиялық орталығына қаралып жатқан жасөспірімдердің орташа жасы 15-16 екен. Орталық басшысы, нарколог Талғат Қайырханұлының айтуынша, балалар есірткіге Telegram чаттары арқылы қол жеткізген. 

 “Менің ойымша, [есірткінің] ең көп таралған түрлері – психосимуляторлар. Ал олардың арасында ең көп таралғаны – мефедрон. Екінші орында, менің ойымша, каннабиноидтар [тұрақтаған]. Бұлардың барлығы – марихуананың туындылары”, – деп Талғат Қайырханұлы жастар арасында кең таралған есірткінің 3 түрін атады. 

Қайырханұлы орталықта емделіп жатқан Арман (есімі өзгертілген) есімді жасөспірім 1 жылдай марихуана туындысы каннабиноид қабылдағанын, кейін 2 ай психосимуляторларды, яғни мефедрон және альфа ПВП дейтін есірткі түрлерін тұтынғанын айтты. Сөзінше, тәуелділік тез пайда болады, ал одан арылу көп уақыт әрі жігерді талап етеді. 

Астана қаласы полиция департаментінің мәлімдеуінше, былтыр елордада есірткі тасымалына қатысты 47 іс қозғалған. Оның ішінде 40 іс есірткі түрлерін сататын тұлғаларға қатысты болған. Жинағы 15 келіге жуық есірткі (марихуана, гашиш және синтетикалық есірткі түрлері) тәркіленген.

“Синтетикалық есірткі қолданған балалар қатты қиналады. Себебі, ол өте қорқынышты галлюциногенді әсер береді. 1-2 рет синтетикалық есірткіні қолданған адам жарты жыл апиын тектес героин тұтынғандай тәуелділікке ұшырайды”, – дейді Астана қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызы.

 

Дереккөз: newsroom.mnu.kz

Автор:  Луиза Алиасқарова

Апта талқысында: