«Рахымжан Қошқарбаев: Рейхстагқа тігілген ту» жинағының тұсаукесері өтті

Кітап халық қаһарманына 100 жыл толуына орай өтті.

Бүгін Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Рахымжан Қошқарбаев: Рейхстагқа тігілген ту» жинағының тұсаукесеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы taulik.kz тілшісі хабарлайды.

Жиынға қала әкімшілігі, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары және ұстаздар қатысты. Іс-шара барысында «Рахымжан Қошқарбаев: Рейхстагқа тігілген ту» кітабының тұсаукесері өтіп, қатысушылар «Ерлікке тағзым» атты архив құжаттарының көрмесімен танысты.
Кітапта Рахымжан Қошқарбаевтың туған кезінен бастап, қайтыс болғанға дейінгі аралықтағы естеліктері, өз аузынан айтқан сөздері, тарихи фотосуреттер берілген.

"Сұрапыл соғыс адамзатты қан қақсатқан, қанша жыл өтсе де, адамзатқа ұмытылмайтын жара салған. Сол жараның тереңдігі - осы уақытқа дейін халық атасын, әкесін, баласын іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соғыстың қаншалықты қиын болғанын, елдегі, тылдағы еңбеккерлер де, соғысқа қатысқан азаматтар да біледі. 

Соғыс туралы алуан түрлі көзқарас бар. Соның ішінде, Отанын қорғау жолында жанын салған азаматтарды халық еш уақытта ұмытпайды. Сондай ұлы азаматтардың бірі - Рахымжан Қошқарбаев. Қасиетті Ақмола топырағынан шыққан батыр Берлинге дейін барып, жеңіс орны Рейхстагқа ту тігеді. Бұл - 30 сәуір күні болған жағдай.

Бұл соғыста 103-тей қазақ азаматы Кеңес одағының батыры атағын алған. Бірақ нағыз батырлардың осы топтан тыс қалғаны белгілі. Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаев сияқты нағыз халық таныған батырлар ресми "батыр" атағына іліспеген кездер де болған.

Рахымжан Қошқарбаев - бүкіл Кеңес елдеріне ортақ ұлы тұлға. Бәрінен де бұрын бізге жақын. Бүгінгі шараның үлкен мәні бар. Бастама құтты болсын! Ел үшін жасалынған еңбек ешқашан ұмытылмауы керек", - деді тарихшы, ғалым, "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдастық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев.

Бұл кітап Рахымжан Қошқарбаевтың туыстарынан алынған деректерге, архив құжаттары мәліметтерінің негізінде жарыққа шығып отыр. Ол батырдың өмір жолынан сыр шертетін маңызды мәліметтерге толы.

"Тарихымызда батырларымыз көп. Ол Қабанбай, Райымбек батырдан басталады. Жастар сондай әруақты батырларымызға қарап, өсіп-өнуі керек. Бүгінгі шара өте керек әрі маңызды деп ойлаймын. Бұл - жалғыз бізге емес, болашақ жастарға бағытталған шара. Біз батырларды мақтан тұтамыз. Бүгінде шындық келді. Азаматтарымыз Кеңес одағының батыры атағын алды", - деді Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы биыл жылдың басында Егемен Қазақстан газетінде жарияланған сұқбатында "Биыл даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл. Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді" деген болатын.

Осыған байланысты ел бөлімінде әртүрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Қаһарман ата-апаларымыздың есімі мектеп пен көшелерге берілуде. Бүгінде қаламыздағы көрікті көшелердің біріне Рахымжан Қошқарбаевтың есімі берілді, сол көшенің бойында ескерткіші де орнатылған.

Loading...