2025 жылдың 8 қаңтарында Рудный қаласында білім беру, ғылым және өнеркәсіп салаларын біріктірген маңызды іс-шара өтті. Рудный индустриялық университетінің базасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің вице-спикері, экономика ғылымдарының докторы, академик, РИУ түлегі Альберт Павлович Рау «Қазақстан Республикасында өңдеу өнеркәсібін дамыту» тақырыбында дәріс оқыды.
Өз сөзінде Альберт Павлович мемлекеттік саясаттың өңдеу өнеркәсібі саласындағы стратегиялық басымдықтарына ерекше назар аударды, саланы дамытудың келешегін талқылады және Қазақстан алдында тұрған қазіргі заманғы сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді атап өтті. Дәрістің мақсаты – цифрландыру, ғылым және инновация арқылы жүзеге асырылатын «Технологиялық серпіліс» Ұлттық жобасы аясында ел жетістіктерін кеңінен насихаттау болды.
Сонымен қатар, Альберт Рау дәстүрге сай университеттің үздік студенттеріне атаулы гранттар табыстап, жас таланттарға қолдау көрсетіп, олардың оқудағы және кәсіби жетістіктерге деген ұмтылысын атап өтті.
ERG-RIU құзырет орталығының ашылуы
Іс-шараның маңызды бөлігі ERG-RIU құзырет орталығының салтанатты ашылуы болды. Орталық «ССКӨБ» АҚ қолдауымен құрылып, тау-кен-металлургия саласында жоғары білікті кадрлар даярлау, инновациялық жобаларды жүзеге асыру және ғылым мен өнеркәсіп арасындағы серіктестікті дамыту мақсатында ашылды.
Ашылу салтанатына «ССКӨБ» АҚ бас директоры Сергей Валентинович Кузьменко мен Рудный қаласы әкімінің орынбасары Сәкен Балғабайұлы Кокишев қатысты. Олар орталықтың аймақтық даму мен қазіргі заман талаптарына сай мамандарды дайындаудағы маңыздылығын атап өтті.
ERG-RIU құзырет орталығының мақсаты:
- Аймақтың кадрлық және технологиялық дамуына ықпал ету;
- Студенттер мен жас мамандардың кәсіби өсуіне қолдау көрсету;
- Ғылыми зерттеулер мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту.
ERG-RIU құзырет орталығының ашылуы Рудный индустриялық университетінің Қазақстан экономикасы мен өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосатын жетекші білім беру және ғылыми алаң ретіндегі мәртебесін растайды.
РИУ бизнес пен ғылым арасындағы серіктестікті одан әрі дамытып, студенттер, жас мамандар және өнеркәсіп саласы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуды жалғастыруда.