Белгілі бір тілдің сөздік қорын жинақтап, жүйелеп, сөздік құрастыру үрдісі қай тілде болмасын маңызды мәселердің бірі. Сөздіктер мақсат-міндетіне, қамтитын ақпаратына, жұмсалу ерекшелігіне сәйкес әртүрлі болып келеді. Соған сәйкес қазақ тіл білімінде де осы күнге дейін түрлі сөздіктер жарық көрді. Сөздіктердің жаңартылып отыруынан сөздік қордың кеңейіп, ғылымның дамып, өзгеріп отырғанын айқын көреміз.
Қазақ тіл білімін дамытып, әртүрлі сөздіктермен толықтырып отырған бірден бір мекеме – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Институт ғалымдары әлі күнге дейін жеке ғылыми зерттеу еңбектерін, ұжымдық монографиялар мен сөздіктерді шығарып келеді. Осы күнге дейін Институт ұжымының басқа да ғалымдармен біріге отырып жасаған сөздіктері ғалымдар мен оқытушылардың, студенттер мен қарапайым халықтың пайдасына жарап, сұранысын қанағаттандырып келеді. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты осы күнге дейін шығарған ауқымды сөздіктерге тоқталайық.
Қазақ тіл білімінде осы күнге дейін шыққан сөздіктердің саны біршама көп. Мақаламызда А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары шығарған немесе шығаруға ат салысқан соңғы жылдардағы ауқымды сөздіктерге тоқталуды жөн көрдік. Олар келесідей: 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», «Қазақ сөздігі», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігі», «Oxford Qazaq Dictionary» және электронды «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі», т.б.
Қазақ тілі тарихында 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен» кейін қазақ тілінің сөздік қорын жинақтап, жүйелеп, мағынасын ашып, қолданылу аясын сипаттап көрсеткен ең ауқымды сөздік – Ахмет байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары әзірлеген, 2005-2011 жылдары жазылған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі». «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» – жалпыхалықтық сипат алған сөздердің лексикалық, грамматикалық, стилистикалық ерекшеліктерін көрсететін ғылыми басылым. Бұл сөздікке әдеби тілдегі сөздер (кәсіби, кітаби, діни, мифологиялық, т.б.), әдеби тілге жатпайтын сөздер (диалект, ауызекі, тұрпайы, т.б.), ғылымның белгілі бір саласында қолданылатын терминдер (биология, химия, медицина, әдебиет, т.б.), әртүрлі стильдік реңкі бар сөздер, (эмоционалды, экспрессивті, т.б.), жалпы айтқанда, барлығы 150 мыңнан астам сөз енген.
15 томдық түсіндірме сөздікті шығарудағы ең басты мақсат – қазақ тілінің сөздік қорының көлемін анықтау, нақты неше сөз барын білу, есебін алу. Сөздіктің көлемі қаншалықты ауқымды болса, пайдасы да соншалықты мол. «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» жерлігікті халықтың да, тіл үйренушінің де, оқытушылар мен зерттеушілердің де кәдесіне жарайды. Сондай-ақ, оқу-ағарту, ғылыми зерттеу, жалпы айтқанда, қоғамның барлық саласында қолдануға болатын еңбек. Бұл еңбекті құрастыруда, тілдік бірліктерді жинауда ең білікті тіл мамандары ат салысты.
2013 жылы тіл білімінде ғылыми жаңалық ретінде «Қазақ сөздігі» баспа бетін көрді. Бір томдық алып еңбекке сөздік қорымыздағы 106 мың сөз бен 48 мыңнан астам сөз тіркесі, жалпы көлемі 150 мыңнан астам бірлік енді. «Қазақ сөздігі» – қазақ тілінің сөздік қорын жүйелі түрде қамтып сипаттаған ірі лексикографиялық еңбек. Оның бірнеше ерекшеліктерін атап өтуге болады:
- Салалық терминологияның қамтылуы. Сөздік қазақ тілінің жалпы лексикасымен қатар, түрлі ғылым салаларының (мәдениет, экономика, медицина, т.б.) терминологиясын да қамтиды. Бұл оның жалпы халық үшін де, белгілі бір сала мамандары үшін де қажеттілігін арттырады.
- Сөздердің мағынасымен қатар стилистикалық ерекшеліктерінің де көрсетілуі. Әрбір сөздің, сөз тіркесінің мағынасы түсіндіріліп, кейбір сөздердің қолданылу аясы, стильдік ерекшеліктері (әдеби, диалект, көнерген сөздер, т.б.) нақты көрсетілген.
- Этнографиялық және тарихи мәні бар сөздердің қамтылуы. Сөздікке қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетіне қатысты көптеген терминдер мен сөздер енгізілген. Бұл оны тек тілдік емес, мәдени-тарихи еңбек ретінде де маңызын арттырады.
- Орфографиялық және грамматикалық ақпараттың қамтылуы. Әр сөздің жазылу үлгісі, грамматикалық ерекшеліктері мен дұрыс қолданылу жолдары беріледі. Бұл оқырмандарға қазақ тілінің нормаларын меңгеруге көмектеседі.
- Жаңа сөздердің қамтылуы. Сөздікте 2013 жылға дейінгі қазақ тілінде пайда болған жаңа сөздер мен кірме терминдерді де енгізілген. Бұл оның заманауи тілді сипаттаудағы маңызын арттырады.
- Ғылыми негізділігі. Сөздікті түзуге білікті лексикографтар мен тіл мамандары, ғалымдар қатысқан. Бұл оның ғылыми тұрғыдан сенімді, сауатты және жоғары деңгейде жазылғандығын білдіреді.
Кез келген тілде сөздердің дұрыс жазылуын көрсететін сөздіктің болуы сол тілде сөйлеушілер үшін де, тіл үйренушілер үшін де маңызды. Осы тұрғыдан орфографиялық сөздіктер өзектілігін жоймайды. Орфографиялық сөздік – бұл сөздер мен сөз тіркестерінің дұрыс жазылуын, қосымшалардың дұрыс жалғануын көрсететін арнайы лексикографиялық еңбек. Қоғамның, білім-ғылымның дамуы, жаһандану үдерісі, ең алдымен, тілге әсер етіп отыр. Сол себепті орфографиялық сөздік тілдегі жаңа қолданыстардың да дұрыс жазылу нормасын көрсетіп отырады. Қазақ тілінің соңғы орфографиялық сөздігі 2013 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдарының құрастыруымен жарық көрді. «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» арқылы қазақ тілінің жазу нормалары жүйеленеді. Сөздікте мына мәселелер қамтылады:
- қазақ тіліндегі сөздердің дұрыс жазылуы;
- жазылуы қиын сөздер мен терминдердің орфографиясы;
- қосымшалардың дұрыс жалғану ережелері;
- шет тілінен енген сөздердің қазақша жазылу тәртібі, т.б.
Сөздіктің мақсаты – тіл қолданушыларға қазақ сөздерін дұрыс әрі стандартты жазуды үйрету, жазу мәдениетін арттыру. Бұл сөздік, әсіресе, журналистер, мұғалімдер, оқушылар және мемлекеттік қызметкерлер үшін пайдалы құрал.
Орфографиялық сөздікте тек қана негізгі сөздер емес, сонымен қатар олардың туынды формалары, кірме сөздер және әртүрлі сала терминдері де беріледі. Сөздік заманауи орфографиялық нормаларды көрсетіп, жазу ережелерінің жаңартылған нұсқаларын қамтиды. Соған сәйкес, орфографиялық сөздіктің практикалық мәні де аса маңызды. Сөздік – мектептер мен жоғары оқу орындарына, редакторлар мен корректорлар, зерттеушілер, ресми мекеме қызметкерлеріне көмекші құрал. Бір сөзбен айтқанда, жазбаша және ресми құжаттардың сауатты жазылуын қамтамасыз етеді.
2016 жылы тағы бір ерекше сөздік жарық көрді. Ол – «Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігі». Жиілік сөздікті құрастыруға А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары мен басқа мекеме мамандары қатысты. Сөздіктің негізгі ерекшеліктері:
- Көлемі. «... осы типтегі сөздік жасаудың озық тəжірибесіне сүйеніп, жалпы саны 1000-ға жуық грамматикалық омонимдер мен кейбір омографтар ажыратылған, сол сияқты мəтіндік базасы мектеп оқушысының күнделікті қоғамдық жəне тұрмыстық өмірінде коммуникацияға түсуі мүмкін түрлі дискурстағы мəтіндердің 7 миллионнан астам сөзқолданыстан тұратын ауқымды көлемін қамтыған алғашқы тілтанымдық лексикографиялық еңбек» [1, 5]. Сондай-ақ, сөздікте барлығы 36265 бірліктен тұратын негізсөз сөзтізбесінің әрбір стиль, сөз табы бойынша жиілігі көрсетілді.
- Теңгерімділігі. Сөздікке мәтіндер қазақ тілінің бес стилінен (ғылыми, көркем əдебиет, публицистикалық, ресми-іскери, сөйлеу) теңгерімділік сақтала отырып жинақталған.
- Тіл бірліктерінің жиілігін әртүрлі қырынан беруі. Ең алдымен, сөздердің жалпы жиілігі беріледі, одан кейін олардың стильдер бойынша жиілігі жасалады, əрбір стильдің жеке жилігі мен əр сөз табының жеке жиілігі, сол сияқты сөзформалардың жиілігі үш түрлі құрылымда (əліпбилі-жиілік, жиілікті-əліпбилі жəне керіəліпбилік-жиілік) жасалып, жиілік сөздіктің 61 түрленімі ұсынылады.
Осындай ерекшеліктерді атай отырып, мұндай сөздік қазақ тіл білімінде бұрын-соңды болмаған деп пікір білдіруге болады.
Жиілік сөздіктің тіл білімінде маңызы зор. Жиілік сөздік арқылы келесідей мүмкіндіктерге қол жеткіземіз:
- Тілдің құрылымын зерттеуге мүмкіндік береді. Қазақ тілінің жиілік сөздігі сөздердің тілдегі қолданылу жиілігін көрсетеді. Бұл арқылы белгілі бір сөздердің жиі немесе сирек қолданылуы туралы ақпарат алуға болады, сол арқылы тіл құрылымындағы өзгерістерді бақылай аламыз.
- Сөздер мен сөз тіркестерінің, сөз формаларының қолданылу динамикасын зерттеуге мүмкіндік береді. Осы арқылы лексикалық және грамматикалық құрылымдардың қалай өзгеретінін көруге болады.
- Тіл ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашады. Жиілік сөздік мәтіндерді өңдеу, автоматтандырылған аударма, сөйленімді тану сияқты бағдарламалық өнімдер үшін қажетті деректерді жинақтауға көмектеседі.
- Тілдің мәдени және әлеуметтік аспектілерін зерттей аламыз. Сөздердің жиілігі мен қолданылу ауқымы әлеуметтік, мәдени жағдайларға байланысты өзгеріп отырады. Жиілік сөздіктер жаңа қолданыстар (жаңалықтар), ақпараттық ағындарды зерттеуге мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, жиілік сөздік құрастыру тәжірибесі тілдің қазіргі жай-күйін, даму динамикасын, сонымен қатар лексикография мен тіл білімінің басқа да салаларын зерттеу үшін өте маңызды.
«Жалпы білім берудегі қазақ тілінің жиілік сөздігінің» ауқымы қандай кең болса, практикалық мәні, қоғамға тигізер пайдасы да соғұрлым жоғары. Әсіресе, тіл үйренушілерге көмекші құрал бола алады. Тіл үйренуші жиілік сөздікте ең жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркесін меңгеруі арқылы жергілікті халықпен қарапайым коммуникацияға түсе алады. Осылайша тілді тиімді меңгеруге мүмкіндік береді.
2018 жылдары А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Терминология бөлімі бірнеше сөздікті жарыққа шығарды. Олар:
1. Қазақша-орысша қоғамдық ғылымдар терминдерінің сөздігі / орысша-қазақша қоғамдық ғылымдар терминдерінің сөздігі (Ө. Айтбайұлы, Қ. Айдарбек, Н. Әшімбаева, Б. Жонкешов, Ш. Нұрмышева, Н. Шүленбаев);
2. Ағылшынша-орысша-қазақша салалық терминдер сөздігі;
3. Кірме сөздер сөздігі (1-бөлім).
2018-2020 жылдары А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары «Латын графикалы жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын жаңғыртудың ғылыми-лингвистикалық базасын әзірлеу» атты бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобасы бойынша жұмыс істеді. Бұл жобаның басты мақсаты – қазақ тілінің жазуын латын графикасына көшіру үдерісін ғылыми негізде қамтамасыз ету. Сол мақсатта латын графикасына негізделген әліпбидің қазақ тілінің фонетикалық, морфологиялық және орфографиялық ерекшеліктеріне сәйкес келетін оңтайлы нұсқасын жасау, әліпбидің қоғамға оңтайлы түрде енуін қамтамасыз ететін жазу ережелерін әзірлеу сынды жұмыстар атқарылды. Жоба нәтижесінде институт ғалымдары бірнеше сөздік дайындады. Олар:
- Антропонимдік сөздік (Т.Жанұзақ, Қ.Рысберген, Н.Оңғарбай, Н.Бармешова, Ж. Тұрғынбаева, З.Садырбаева, Д.Садық);
- Ескі қазақ тілінің сөздігі (Г.Мамырбек, Г.Көбденова, Ж.Абитжанова, Б.Ешметова);
- Жаңа сөздер сөздігі (кирилл және латын графикасы бойынша) (Р.Н. Шойбеков, А.М. Алдаш, Э.Ә. Өтебаева, А.А.Солтанбекова, Г.С. Исаева, М.С. Садықова, Қ.Қ. Дүйсенов);
- Кирилл және латын графикаларында кірме араб-парсы сөздерінің түсіндірме сөздігі (М. Малбақов, А.Сейітбекова, Д. Пашан);
- Кирилл және латын графикаларында қазақ тілінің тіркесімдер сөздігі (Б.Қ. Момынова, Ж.А.Манкеева, А.Б.Әмірбекова, А.А.Солтанбекова, А.А.Хабиева, Қ.Ғабитханұлы, А.Баймурзина, М.Әбдірахман);
- Кирилл және латын графикасындағы салалық терминологиялық сөздік (қоғамдық ғылымдар) (Б.Жонкешов, Н.Әшімбаева, Н.Шүленбаев, Б.Қордабай);
- Теолингвистикалық сөздік (Р.Мухитдинов, Қ.Жұмабеков, Ә.Сейдамат);
- Қазақ тілінің жарыспа сөздер сөздігі (кирилл және латын графикалары бойынша) (С. Бизақов).
Аталған сөздіктер – қазақ тіліндегі терминдердің кирилл және латын графикаларында бірдей қолжетімді етуді мақсат ететін маңызды еңбектер. Оның негізгі ерекшеліктері мен артықшылықтары мынадай:
1. Терминдер кирилл және латын графикаларында ұсынылды. Бұл сөздіктер бір терминнің жазылуын екі түрлі графикада (кирилл және латын) көрсетеді. Бұл қазақ тілін кирилл қарпінен латын қарпіне көшіру процесінде терминдерді біріздендіруге көмектеседі.
2. Тіл бірізділігі мен стандарттауды қамтамасыз етеді. Латын әліпбиіне көшу кезінде көптеген терминдерге нақты, ресми бекітілген аудармалар қажет. Сөздіктер осы мақсатты орындауға бағытталған.
3. Ғылыми негіздемесі бар терминдер қамтылған. Сөздікте ұсынылған терминдер ғылыми тұрғыдан негізделген және ұлттық терминологиялық стандарттарға сәйкестендірілген.
4. Қолдануға ыңғайлы. Әрбір термин кирилл және латын нұсқасында қатар берілетіндіктен, сөздік кез келген графиканы қолданушылар үшін түсінікті әрі тиімді.
5. Тіл үйренушілер мен аудармашыларға көмекші құрал. Латын графикасында жазуға дағдыланған жаңа буын үшін бұл сөздік құнды құрал болып табылады. Сонымен қатар, аудармашылар мен тіл мамандары үшін де пайдалы ресурс.
6. Ұлттық тіл саясатының бір бөлігі. Бұл сөздік қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін қолдай отырып, тілдік реформаны жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.
Қорытындылай келе, аталған сөздіктер – тек терминдерді аудару құралы ғана емес, ол қазақ тілінің заманауи стандарттарын дамытуға және екі графика арасында көпір болуға бағытталған маңызды құрал болып табылады.
2021 жылы Ономастика бөлімінің ғалымдары (Қ.Қ. Рысберген, Д. Садық, Н. Рсалиева, Д. Пашан) «Алматы қаласының ономастикалық сөздігін» әзірлеп шығарды. Бұл сөздік – Алматы қаласындағы географиялық атаулардың, көшелердің, аудандардың, мекемелердің, және басқа да нысандардың атауларына арналған арнайы ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесі болып табылатын құнды еңбек.
Сөздікте атаулардың этимологиясы, өзгеру тарихы, олардың пайда болуының себептері туралы деректер жинақталған. Сол себепті сөздік Алматы қаласының қалыптасу және даму тарихын зерттеуге мүмкіндік береді. Белгілі тұлғалар мен оқиғаларға байланысты қойылған атаулардың мәні тарқатылады. Қаланың тарихи ескерткіштері мен маңызды оқиғаларын еске түсіруге көмектеседі.
Сөздікте қаладағы өзгеріске ұшыраған барлық атаулар, сондай-ақ, тек қазақ тіліндегі атаулар ғана емес, орыс, ағылшын және басқа да шет тілдеріндегі атаулар да қамтылады. Бұл қала атауларындағы ұлттық, мәдени және әлеуметтік құндылықтардың көрінісін ашады.
Сөздік Алматы қаласының ономастикалық деректерін жинақтап, болашақ ұрпаққа қалдыратын құнды мұра болып табылады.
Бұл сөздік тек ғалымдар, зерттеушілер үшін ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтары үшін де пайдалы, сондай-ақ, картография, туризм, қалалық жоспарлау саласында, мәдениеттану, тарих, география, тіл білімі, урбанистика, қоғамдық және саяси зерттеулер салаларында пайдалануға болады. Әкімшілік және қоғамдық ұйымдар үшін нысандардың атауларын өзгерту, қайта қарау немесе бекіту үдерістеріне бағыт-бағдар береді.
Бұл сөздік Алматы қаласының рухани, мәдени және тарихи айнасы ретінде маңызды орын алады.
2023 жылдың елеулі жаңалығы – қазақ тілін әлемге паш еткен «Oxford Qazaq Dictionary» атты сөздіктің жарық көруі. Oxford Qazaq Dictionary (Oxford қазақ сөздігі) – ағылшын және қазақ тілдеріндегі аударма мен тіл үйренушілерге арналған заманауи сөздік. Сөздікті құрастыру жұмысы президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен «Қазақ тілі» қоғамына жүктеліп, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мамандары да ат салысып, институт сараптамасынан өтті. Жалпы айтқанда, сөздікті дайындауға 50-ден аса тәжірибелі маман тартылды.
Бұл сөздіктің басқа сөздіктерден айырмашылығы да, ерекшелігі де, артықшылығы да көп.
Бірінші ерекшелігі – екі тілді сөздік болуы. Қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша бағытта аударма жасауға мүмкіндік береді. Тіл үйренушілер үшін өте қолайлы, себебі екі тілдегі сөздердің дұрыс қолданылуын түсіндіреді.
Екінші ерекшелігі – заманауилығы. Сөздікке қазіргі заманғы қазақ және ағылшын тілдерінде жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері енгізілген. Мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда саласындағы, күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолданылатын жаңа терминдер де қамтылған.
Үшінші ерекшелігі – ағылшын тіліндегі сөздер, сөз тіркестері қазақ тіліне жай ғана тікелей аударыла салмай, қазақи сана, ұлттық танымын ескере отырып аударылып отырды.
Төртінші ерекшелігі – әр сөздің аудармасымен қатар, оны дұрыс қолдануға арналған мысалдар да беріліп отыруы. Мұнда фразеологиялық тіркестер мен тұрақты сөз тіркестері енгізілген.
Бесінші ерекшелігі – ағылшын сөздерін дұрыс айтуға көмектесетін фонетикалық транскрипция және аудиоқолдаудың (кей нұсқаларында) бар болуы.
Алтыншы ерекшелігі – бұл сөздікті дайындау кезінде Oxford екі тілді сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы, тәжірибесі негізге алынды.
«Oxford Qazaq Dictionary» сөздігі қазақ тілі үшін әлемдік деңгейге шығатын жол болмақ. Осы сөздік арқасында қазақ тілі әлемнің ең ірі 100 тілін қамтитын Oxford Global Languages платформасына қосылады. Ең іргелі тілдердің базасын жинақтаудағы мақсат ғаламдық тіл корпусын құрастыру болып табылады.
Оxford Qazaq Dictionary Oxford University Press сияқты танымал баспа үйінің қолдауымен жасалған, бұл сапа мен сенімділікті қамтамасыз етеді. Қазақ тіліне арналған осындай халықаралық деңгейдегі сөздіктер жоқтың қасы, сондықтан оның құндылығы ерекше.
Екі тілдік сөздік болғандықтан, әсіресе, тіл үйренушілерге өте қолайлы. Ағылшын тілін үйренуші қазақтарға да, қазақ тілін үйренуші ағылшын тілділерге де бейімделген. Берілген мысалдар, сөйлемдер сөзді дұрыс түсінуді, тіл үйренуді жеңілдетеді.
Бұл сөздік тілді кәсіби, білім беру немесе күнделікті қарым-қатынаста пайдаланатындарға өте тиімді құрал.
А.Солтанбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, ф.ғ.к.
Алтын Кегенбекова, PhD докторант
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты