Қазақ ғылымының тарихында әйел ғалымдар аз болмаса да, айтарлық көп емес. Кей замандарда әйел ғалымдар туралы мүлдем айтылмаған кезең де болды. Бірақ уақыт ең әділ төреші деген қазақтың нақыл сөзі бәрін өз орнына қойды. Егемен Қазақстан газеті 12 сәуір Ғылым күніне орай жазылған зерттеу мақаласында 22 456 ғалым болса оның 9601 әйел адамдары екенін айтады (егемен қазақстан). Гендерлік саясат тең құқық алып қоғамның барлық саласына араласып, табысты еңбектеніп жүрген әйелдер өте көп. Солардың әу басында Аққағаз Досжанова (дәрігер), Патшайым Тәжібаева (геолог-ғалым), Наиля Базанова (физиолог), Р.Сыздық (лингвист) және т.б. ғалым қыздар бар. Осы асылдардың ізін жалғап саналы ғұмырын тілді зерттеумен айналысып келе жатқан ғалым Жамал Айтқалиқызы Манкеева мерейлі 75 жасқа келіп отыр. Қазіргі тілтанушы ғалымдардың алдыңғы буын ақылшысы, ардагері Ж.Манкеева Қазақстанның ғалым әйелдер қоғамының мүшесі, «Ана тілін дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Ұлттық құндылықтар академиясының корреспондент мүшесі, Ерен еңбегі үшін марапатының, «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері және Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы.
Ж.Айтқалиқызы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 33 жылға жуық қызмет етіп, тілдің этномәдени лексика саласында қажырлы еңбектер жазды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілін зерттеу, бай мұрасын ғылыми айналымға шығару тақырыбы әр зерттеуші ғалымдар үшін маңызды болды. Ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан материалдық һəм рухани-мəдени мұрасын, жалпы рухани қазынамызды, ұлттық салт-дəстүр мен таным-түсінігімізді жаңа парадигмада, «ұлт – тіл – мəдениет» контексінде зерттеу қажет туындады.
Жамал апайдың басты еңбектері: Реконструкция первичных корней глагольных основ казахского языка (1991 ж.); Мәдени лексиканың ұлттық сипаты (1997 ж.); Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис (2002 ж., авторлардың бірі); Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері (2008 ж.); Қазақ тіліндегі байырғы түбірлерді жаңғырту (2010 ж.); Қазақ филологиясы: егіз негіз (ғылыми мақалалар жинағы – авт.бірл. 2010 ж.); Қазақ әдеби тілі сөздігі (2006 ж., Т.І; 2007 ж., Т.IV; 2008 ж., Т.ХІ, авторлардың бірі); Қазақ сөзінің синергиясы (2021ж.).
Біз бүгін сөз еткелі отқан синергия тақырыбы – антропоөзекті парадигма аясында зерттеудің жаңа, тың тақырыптарының бірі. Қазақ тілінің синергиясын алғашқылардың бірі болып зерттеу нысанына алған Жамал апай синергияға мынандай анықтама береді: «Лингвосинергетика – тілді адами, әлеуметтік, биопсихикалық, когнитивтік құбылыс ретінде танитын жаңа парадигма. Сондықтан да адам болмысы мен әрекетіне сәйкес күрделі жүйе құрылымының менталды лексиконы (этномаркерлі лексиканы) синергетика әдіснамасы арқылы іштей ұйымдасқан психолингвистикалық үрдістің динамикасын бейнелейтін адами жүйе ретінде танылады».
Тіл де – іштей дамып, өзі ұйымдаса алатын динамикалық күрделі жүйе. Ол әр кез даму, толу үстінде болады. Қазақ тілі ғана емес, қазір әлемде ғылым мен білімнің қарқынды дамуы жаңа терминдермен толығулар, жаңартпалардың енуі, гибрид сөздердің көбеюі сияқты өзгерістерге толып жатыр. Әрине бұл үрдіс тілдегі сөз санын артуына, техника тілінің дамуына оң әсерін тигізсе, ұлттың болмысын, мінезіндегі көңіл-күй лебізін, этнобірліктердің орнын баспай, керісінше, сол ескі атаулармен бірге үндесіп, бірлікте дамыту керек. «Тіліміздің асыл қазынасында ғасырлар бойы өзектеліп, ізгі-тілектерде тұжырымдалған тәрбиелік, елтұтастырушылық т.б. қызметке ұласқан қазақ сөзінің күш-қуатын синергия арқылы тану – қазіргі таңдағы рухани сананы жаңғыртудың бір құралы.
Халқымыздың ұлттық құндылығының тілдік сипаты ретінде қазақтың бай да айшықты тілінде қалыптасқан бата-тілектерінің мәні ұлттық танымның «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қағидасымен уәжделген. Осыған сәйкес қазақ мәдениетінде қандай жағдайда болса да, қиналған адамға күш беретін, қашан да биік сана мен парасат, төзімділік, ізгілік пен үміт, татулық пен бірлік, имандылыққа шақыратын – сөз құдіреті». Сөздің құдіреті әсер ету үшін – сөзде рух, энергия, синергия болу керек. Шын мәнінде, қандай да бір халықтың тілін алсақ та, онда ұлттық болмыс ұғымына қатысты және күнделікті тұрмыс жағдаятына байланысты адамның әрқилы көңіл күйінің әсерімен айтылып, көңіл-күй лебіздерін білдіретін сөз орамдары болады. Ондай сөздер әр адамның мінез-құлық ерекшелігінен, өмірге, қоршаған ортаға деген қатынасынан, отбасында қалыптасқан тәрбиесі мен білім-біліктілігінен туындаған эмоциялық-экспрессивтік сипатта айтылады. Осыған орай айтар ой-пікірін дәл жеткізу үшін сөзді дұрыс талғап, жүйесін табуда этикалық норманы сақтап, ізеттілік, сыпайыгершілік, кішіпейілдік, әдептілікке саятын қазақ қоғамындағы сөз саптаудың адамдармен күнделікті қарым-қатынасында зор маңызы бар. Сондықтан көтеріңкі көңіл-күй лебіздері адамға қуат бітіріп, бойын сергітеді. Көңіл-күйді бейнелейтін ең алғашқы бірліктер түстермен ассоциация болып келеді деп ойлаймыз. Осы түстерге байланысты бірліктер «Қазақ сөзінің синергиясында» қалай беріліп, семантикасы ашылғанын мысалдарын қарастыратын боламыз. «Жалпы қазақтың дәстүрлі танымында түстердің ерекше мәнге ие болғаны белгілі. Мысалы, жылқының ақ боз түстісі ерекше символдық және магиялық, сакральдық сипатқа ие екені белгілі. Сондықтан жаугершілік замандарда болған анттасу дәстүрінде, соғыс кезінде боз бие құрбандыққа шалынып, оның қанына екі жақтың адамдары саусағын батырып, серттесіп, бітімге келетін болған. Сол сияқты ертеде болашақ ханды боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге көтеріп хан сайлаған. Осындай түстерге байланысты этнолингвистикалық синергияны көркем әдебиеттерден үзін алып, талдайды. Түстерді тануда ахроматикалы және хроматикалық түстерді екіге бөліп қарастырады. Ұлттың танымында ақ пен қара тек атауынан асып, номинативтік мағына ие болған сөздер. Шағын мақаламызда қазақ синергиясындағы түстердің атауларына байланысты айтылған қызықты мысалдарды талдап, семантикасы мысалдармен келтірілген мәтіндерді ұсынуға тырысамыз. Көрнекті ұлттық тілдік тұлға Ә.Кекілбаевтың шығармаларында қазақ халқының ұлттық санасында қалыптасқан күштіліктің символы – нар түйенің, елі үшін туған ерлердің жан серігі – арғымақтарының не ақ боз, не көк түс түрінде келуінің киелі қасиет болып қалыптасуының синергиялық уәжін лингвомәдени (тіл мен мәдениет) сипатта түсіндіруге болады. Бұлай дейтініміз, ауыз әдебиетінде негіз салып, жыраулар поэзиясында жалғасын тапқан күштілікпен арғымақтарды теңеуі Ә.Кекілбаевтың туындыларында жаңғыруы оның танымдық тұлғалануын айшықтай түседі. Осындай тағы бір авторлық, дискурстық сипаттағы портреттер, сұлу қыздың бейнесі, табиғат суреті т.б. әртүрлі айшыққа толы суреттеулердегі көркемсөздің эстетикалық әсері Абай сөз әлемінің көркемдік қуатын дәлелдейді: Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы; Қар – аппақ, Бүркіт – қара, Түлкі – қызыл, Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға т.б. Ақын, жазушылар шығармаларында сөздердің кумулятивтік қызметтегі этнотаңбалары мәдени бай мұрамыздың синергиялық маркерлері дейді ғалым Ж.Манкеева. Адамдарға әркелкі әсер ететін және белгілі бір сезімдермен, жағдайлармен, әртүрлі қатынастармен тығыз байланыста болатын заттар мен құбылыстардың ерекшеліктерінің тілдік көрінісі символ ретінде қолданылады. Мысалы, қазақ тілінде ақ сөзінің «пәктік» белгісі, қара сөзінің «қиыншылық, қайғы, қаза», қызыл сөзі «махабаттың» т.б. мәнін білдіруі символдық мағынаға ие. Демек, символ – белгілі бір таңба, сөз, белгі, көрініс, бейне, зат т.б. мағынасында қолданылып, адамның іс-әрекет моделі сипатында қызмет көрсетеді, өмір сүру жолдарын анықтауға ықпал етіп, шексіз мәнге, мазмұнға бейнелілік қасиетке ие ашық жүйедегі концептуалды құбылыс. Бір түстің семантикасын ашу үшін әр тараптан зерттеу жүргізеді. Әр сөздің сөйлем арасында қолданып, сақталуының уәжі болды. Оны тарихи деректермен, этномәденимаркерлермен берілген синергия еңбегі тілтанымда ерекше маңызды зерттеу жұмыстарының бірі.
Синергия – тілдік бірліктердің бірегейлігі мен әркелкілігін семантикалық тұрғыдан тоғыстырып, көпмағыналылық пен мағынаның шексіз ұлғаюын қалыптастыратын үдеріс деп келтіргендей түстердің мағына шексіздігі көбінесе қара түсімен байланысты болып келеді. Қара ең алдымен жұптық сыңарда қолданылатын оны екі топта қарастырады: бірінші, мифопоэтикалық тіркестердегі жұп символдар (ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс), архитанымдағы антитезалық жұп символдар (ақ бата, қара бет). Антитезалық жұп символындағы қара бет тіркесінің семантикасы тікелей қара түсті тері емес, қарғыс алып, ел көзіне көріне алмай жүрген адам қабылдаймыз. Бұл қазақ тілін толық білетін, қазақ әдеби сөздік қорымен таныс кез келген адамның ұжымдық санасында белгілі стереотип. Қара бет тіркесінің пайда болып, халық жадында қалуының тарихын қарасақ қара бет әуелде теріс іс жасап, елден қуылған адамдың бетіне күйе жағып, атқа теріс мінгізіп қуатын заң болған. Содан бетіндегі күйеден қара бет болып, кейіннен күйе жақсыпаса да қара бет дей келе соңғы жылдары қара бет тіркесі бірігіп жазылып, қарабет – ел алдында барлық сенімнен айырылған, елдің қарғысына қалған арсыз, ұятсыз, жексұрын (15 томды, 9 том) адамның номинативті атауы болды. Қарабет оқырманға әсері ерекше негативті атау. Қанша уақыт өтсе де бұл атаудың синергиялық қуаты, семантикалық мағынасы төмендемеген. «Қазақ дәстүрінде шыққан тегі мен тәрбиесіне қатысты айтылатын жағымды және жағымсыз сөздердің коммуникативтік қызметі және экспрессивті-эмоционалды әсері тұрғысынан ықпалы күшті. Осыған орай қазақ үшін көргенсіз, ұятсыз, жүзіқара, қара бет, иттің баласы, имансыз, мәңгүрт сияқты балағаттаудан ауыр сөз жоқ» (синергия). Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романындағы сөз-символдарды сөз құдіретін ерекше сезінетін жазушы даралығы мен шығармашылық мәнерінің бір белгісі ретінде қарайды. Бұл ойының дәлелін ғалым, біздің ойымызша, шығарманың «Ақбілек» атауы мен романның бас қаһарманы Ақбілекке кереғар образ Қарамұрттың аттарын талдаудан бастайды. Синекдоха тәсілімен берілген екі атаудың да жазушы танымына сай ерекше символдық жүк атқарып тұрғанын аңғаруға болады. Мұндағы ақ пен қара біріне-бірі қарама-қарсы екі түрлі дүниетанымды, екі түрлі адамның жан дүниесін, ұлттық психологияны, жақсылық пен жамандықты, ізгілік пен зұлымдықты, сұлулық пен сұрықсыздықты, мейірімділік пен қатігездікті, әділеттілік пен әділетсіздікті, екі түрлі өмір мәнін көрсетеді деген мысалмен келтіреді. Расында шығарманы оқушы кез келген адам ол туралы ойламауы мүмкін. Адам атаулараның өзі шығарманың кейіпкерінің болмысын, мінезін ашып тұрғандай.
Қара сөзінің келесі мысалы қазақ дәстүрінде кездесетін тұсаукесу рәсімінде орындалатын жосындардың бірі ала жіпті кесу туралы «Қазақтың дүниетанымында, философ-ғалым Ғ.Ақпанбек көрсеткендей, «ала жіпті» пайдаланудың өзіндік мәні бар. Лұқпан хакімнің айтуы бойынша өмірде он жұп болады. Солардың бірі – ақ пен қара (ерекшелеген біз – М.Ж.). Есілген жіптің бір қабаты ақ, екінші қабаты қара болып келеді. Жіптің екі қабаты ажырамастай астасып, кезек алмасып, тығыз өріліп отырады. Бұл – тоқтаусыз ауысып келіп отыратын күн мен түннің белгісі. Сонымен қоса жалпы өмір мен тіршіліктің ишара тұспалды бейнесі де болып табылады. Сондықтан да қазақ халқы ала жіпке киелі деп қарап, айырықша мән берген. Біреудің «ала жібін аттамау» деген сөз кісіге қиянат жасамау мағынасында қолданылады». М.Дулатұлы көсемсөзінде жазушының таным әлеміне сай ұлттық руханилық пен құндылық, мінез-құлық, психология күші сіңірілген фразеологизмдерді тиімді пайдалану да айрықша прагматикалық мәнге ие болады: Әрбір ақыл иесі адам қара қазан, сары баланың қамын ойламай, бұрынғыдай пайдасыз дүрмекпен кете берсе, құдай алдында мойындарынан үлкен борышты түспей, кейінгі нәсілінен де қарғыс алуында шибһе жоқ. Бұл сөйлемде қара қазан бүкіл отбасыны асыраушы, берекенің, ас-тамақтың орнына қолданып отыр. Мұнда қара түсінің ұлттық санадағы тағы бір кең тараған мағынасы көлемінің үлкендігі, берекенің бастауы ретінде айтуға болады.
Дауылпаз ақын Махамбеттің күрескерлік болмысына сай қалыптасқан дискурсын өзектейтін – шар, қара балта, қара нар, қас үлек, боз орда т.б. коннотациялары ұлттық тілдік тұлға дискурсының концептуалды өрісін, яғни ұлтмазмұнды сөздерден тұратын тезаурус құрайды. Осындай мысалдарды келтіріп қара сөзінің әр алуан синергиялық болмысын және оның сол контекстегі мағынасының өте маңызды. Махамбет поэзиясының синергиялық болмысын танытатын көркем тілінің желісі метафора тәсілі арқылы кестеленген. Ақын белгілі бір құбылысты, аң-құс, қару-жарақ, өсімдік атауын суреттеліп отырған объектіге балап бейнелеуі арқылы ойын экспрессивті, бейнелі түрде жеткізеді. Мысалы, Махамбет «Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзінде» өз бейнесін: «Мен бір шарға ұстаған // Қара балта едім, // Шабуымды таппай кетілдім, // Қайрасаң, тағы жетілдім», – деген жолдар арқылы таныта келе, өзін шарға ұстаған қара балтаға балайды. Яғни, ақын тілінде шарға ұстаған қара балта – «мықтылық, күштілік, беріктік, қайсарлық» семаларын бейнелеп, ақынның ер тұлғасын танытады.
Осы тұста қара сөзінің тіркестері тек көне сөз тіркестерімен ғана емес, орыс тілді басылымдардың негізінде аударма арқылы пайда болып, баспасөз беттерінде көрініс табатын фразеологизмдерді де атап өтуге болады: өнер жұлдыздары, түнгі көбелек, жаңа қазақ, қара пиар т.б. сөздерде де синергиялық күші бар екенін айта кеткен жөн.
Қара атауына байланысты мысалдар Қазақ сөзінің синергиясы кітабында 63 түрлі мағыналармен әр түрлі мысалдармен талданады. Қара атауы қазақ тілінде кеңінен қолданатын сөз болғандықтан біздің зерттеу мақаламыздың көлеміне сыймады.
Тілде жеке тұлғалық ұлттық санадан ұлттық ұжымдық сана қалыптасады деген пікір айтылады. Қоғамдық сананы бекітушы негізгі фактор коммуникация ол – ұлттық көзқарастарды нығайюына әсер етеді. Оның негізгі құралы – тіл! Ғалым Жамал Айтқалиқызы Манкеева қазақ тілінің қаймағы бұзылмай, сөздік қорымыздың өзге тілдермен араласпай тазалығын сақтау үшін аянбай еңбек етті. Қызметі де, адамдық болмысы да ұлт үшін, ізгілік пен асыл тәрбиенің үлгісі іспетті. Жамал апайдың ұжым арасында «Ақмама», «Ақжамал» деген аты бар. Жоғары айтқандай есіміне ақ сөзінің қосылуы сол ақ ниеті мен көңілі, қамқорлығының дәлелі болар. Адам немен айналысса мінезі, бүкіл жан-дүниесі сол қызметпен астасып кететін сияқты Жамал Манкеева бар болмысы қазақылықтан, ұлттық құндылықты бойына сіңірген қамқорлықтан тұрады.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты,
Лексикология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері
ГүлнарТалғатқызы