logo
search
menu

Соқырішекке операция жасатпақ болған көпбалалы ана қайтыс болды

Жаңаарқада төрт баланың анасы ота кезінде көз жұмды: Жергілікті халық медицинаның сапасына наразы.

Бүгін, 15:23
Соқырішекке операция жасатпақ болған көпбалалы ана қайтыс болды
Фото: телеграм арнадан алынды

Мазмұны

    Қарағанды облысы, Жаңаарқа аудандық ауруханасында соқыр ішекке ота жасау кезінде 42 жастағы әйел қаза тапты. Ол – төрт баланың анасы, ең кенжесі небәрі 3 жаста. Қайғылы оқиға отаға дайындық кезінде, анестезия енгізілген соң болған. Дәрігерлердің айтуынша, әйелде анестезияға қарсы анафилактикалық шок дамып, кейін кома және ми ісінуі тіркелген.

    Марқұмның туыстарының сөзінше, ота алдында әйелдің қант деңгейі жоғары болған, ағзасында қабыну да анық байқалған. Соған қарамастан, медициналық мекеме аллергиялық сынама алмаған. Себеп – арнайы жабдықтың жоқтығы.

    «Отаға дайындық кезінде ешқандай алдын ала тексеру жасалмады. Қанындағы қанттың жоғары екенін біле тұра, бәрібір наркоз салған. Қайғылы жағдайдың болатыны анық еді», – дейді марқұмның туыстары.

    Бұл жағдай – ауыл тұрғындары арасында үлкен наразылық тудырды. Олар жергілікті ауруханаға сенім жоғалғанын айтады.

    «Бір жыл бұрын дәл осы ауруханада менің ұлым да аппендициттен көз жұмды. Бір жылдан кейін енді тағы бір адам қайтыс болды. Бұл жүйелік проблема», – дейді ауыл тұрғыны.

    Қайғылы жағдайдан кейін аудандық ауруханада жаппай тексеріс басталды. Қазірдің өзінде бірнеше лауазымды тұлға – аурухана директоры, оның орынбасары, хирург пен анестезиолог қызметінен шеттетілді.

    Бұл оқиға аймақтағы денсаулық сақтау саласындағы жүйелі мәселелерді қайта күн тәртібіне шығарды. Халық заманауи құрал-жабдықтың жетіспеушілігі, мамандардың жауапкершілігі мен кәсіби деңгейіне алаңдайды. Әсіресе өмір мен өлім арасындағы шешім қабылданатын жерде мұндай немқұрайлық кешірілмейді, дейді сарапшылар.

    Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар жүргізіліп, іс прокуратураның бақылауына алынды. Жергілікті билік бұл оқиғаға бейжай қарамайтынын айтып отыр.

    user

    taulik

    taulik.kz - тәулік бойы ақпарат тарату алаңы