Былтыр бұл жәндіктердің жаппай қаптауы төтенше жағдай режимін енгізуге шақ қалған болатын. Биыл Баянауыл ұлттық табиғи паркінің мамандары қауіптің алдын алу мақсатында қарақұрттарды ертерек жою жұмыстарын бастап кетті.
Коконда жүзге дейін жұмыртқа болуы мүмкін
Мамандардың айтуынша, күн ысуына байланысты қарақұрттар белсенді көбейіп, олардың саны күрт артып кетуі мүмкін. Бұл, әсіресе, жаз мезгілінде ерекше байқалады. Ұрғашы қарақұрттар өз ұрпақтарын қорғау үшін агрессивті мінез танытады.
«2025 жылға арналған бақылауымызда қазірдің өзінде алғашқы ұрғашы қарақұрттар пайда болды. Олар кокондарын қорғап отыр», – дейді ұлттық парк қызметкерлері.
Ерекше қорғалатын аумақ – химиялық құралдарға тыйым салынған
Торайғыр көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ЕҚТА) мәртебесіне ие. Осыған байланысты бұл аймақта химиялық препараттарды қолдануға заңмен шектеу қойылған. Сондықтан мамандар зиянкестермен биологиялық әдіспен – қолмен ұстап, жою арқылы күрес жүргізуде.
«Ұрғашы қарақұрттарды ұстап алып, сол жерде жоямыз. Ал олардың кокондарын жинап, есепке алған соң өртейміз», – деп мәлімдеді парк маманы.
Торайғыр көлі – қазақтың ұлы ақыны, Алаш арысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімімен тығыз байланысты киелі жер. Ақынның есімімен аталған бұл табиғи аумаққа жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен туристер мен зиярат етушілер келеді.
Осыған байланысты мамандар туристер мен жергілікті тұрғындарды ерекше сақ болуға шақырады. Қарақұрт өрмекшісі адамның өміріне қауіп төндіретін улы жәндік болып табылады. Оны байқасаңыз, бірден ұлттық парк қызметкерлеріне хабарлаған жөн. Ал шаққан жағдайда – дереу дәрігерге жүгіну қажет.