logo
search
menu
Халқыма басымды иемін – Назарбаев мешітке барып, дұға жасады (ВИДЕО)
Фото: muftyat.kz

Халқыма басымды иемін – Назарбаев мешітке барып, дұға жасады (ВИДЕО)

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 21 маусым күні Астанадағы Республикалық Бас мешітке арнайы барып, Құран аяттарын оқып, ата-бабалары мен дүниеден өткен туыстарына арнап дұға жасады. Сонымен қатар, ол елдің тыныштығы мен тұрақтылығы, халқымыздың бірлігі үшін де арнайы ниет етіп, дұға бағыштады.

Сапар барысында Нұрсұлтан Әбішұлы мешіттің қоғам өміріндегі рухани маңызын ерекше атап өтті. Ол мешіт имамдары мен қызметкерлеріне сенім мен ұлттық келісімді нығайту жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі.

Желіде тараған бейнежазбалардан 83 жастағы экс-президенттің көңіл-күйі көтеріңкі, жүзінен жылулық байқалатынын көруге болады.

Айта кету керек, дәл осы Бас мешіттің Астанада бой көтеруі – Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан ірі жобалардың бірі. Қазақстандағы ең үлкен мешіт 2023 жылғы 12 тамызда салтанатты түрде ашылған болатын. Бұл – тек елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ауқымды діни нысан.

Мешіттің негізгі күмбезінің биіктігі – 83,2 метр, ал диаметрі – 62 метр. Құрылыстың жалпы құны 100 миллиард теңгеден асады және ол толықтай жеке инвесторлар есебінен қаржыландырылған.

Халық арасында бұл мешітті бейресми түрде «Назарбаев мешіті» деп атап кеткен. Себебі, оның құрылысы, тұжырымдамасы мен идеясы тікелей Тұңғыш Президенттің бастамасына негізделген.