logo
search
menu
Алакөлге енді Түркия мен Мысырға барғандай боласыз
Фото: коллаж Taulik.kz

Алакөлге енді Түркия мен Мысырға барғандай боласыз

Абай облысының әкімі Берік Уәлиге Алакөл курортын дамытудың жаңа бас жоспары таныстырылды. Жоба тұжырымдамасына сәйкес, курорт халықаралық стандарттар негізінде жаңғыртылып, туристер үшін қолайлы әрі заманауи демалыс аймағына айналады. Өңір басшысы туристер санының жыл сайын артып келе жатқанын айтып, инфрақұрылымды жетілдірудің өзектілігін атап өтті.

«Алакөлге келетін демалушылар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Біз олар үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек. Ол үшін көл жағалауындағы инфрақұрылымды дамытып, жағажай аймағын кеңейтуіміз қажет. Жаңа бас жоспар халықаралық стандарттарға сай әзірленетін болады», — деді Берік Уәли.

Қазіргі уақытта көл бойындағы жағажай аумағы шамамен 300 гектарды құрайды. Бас жоспар бойынша бұл аймақ кеңейтіледі. Оң жағалаудағы жер бедері — глинисті топырақ болғандықтан, жұмыс негізінен сол жағалауда жүргізіледі. Жағалаудан 100 метр қашықтықта құм төселіп, жағалау сызығы нығайтылады. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар салынып, абаттандыру жұмыстары қолға алынады.

Алакөлдің инфрақұрылымын дамыту мәселесі шетелдік инвесторлармен, соның ішінде Қытай компанияларымен де талқыланған. Кездесу барысында қытайлық тарап бірнеше инвестициялық жобаларды ұсынды. Олардың қатарында көл жағалауына демалушыларға арналған алғашқы 100 тұрғын үйді орналастыру бастамасы бар. Инвесторлар бұл үйлерді жақын арада орнатуға дайын екендерін білдірді.