Сәтсіз шешім 2030 жылы 14 млн адамның өмірін алуы мүмкін
The Lancet медициналық журналы жариялаған жаңа зерттеу мәліметтеріне сәйкес, АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) тарапынан көрсетілетін жаһандық медициналық көмек қаржыландыруының күрт қысқаруы 2030 жылға дейін 14 миллионға жуық адамның өліміне алып келуі мүмкін.
Мамандар бұл қысқартулардың ВИЧ, безгек (малярия) және тыныс алу органдары инфекцияларымен күрес бағытындағы ондаған жылдар бойы жүргізілген тиімді жұмыстарды жоққа шығаратынын ескертеді.
«Құрылымдық қаржыландыруды қысқарту — соңғы онжылдықтардағы жаһандық денсаулық сақтау саласына төнген ең үлкен қауіптердің бірі болуы мүмкін», — деді Financial Times басылымына берген сұхбатында Барселона жаһандық денсаулық сақтау институтының профессоры Давиде Раселла.
Зерттеу авторларының айтуынша, ең ауыр соққыны Африка және Азиядағы кедей елдер көруі мүмкін. Себебі бұл аймақтарда халықтың едәуір бөлігі дәл осы USAID бағдарламалары аясындағы медициналық көмекке тәуелді.
USAID соңғы жылдары ВИЧ/СПИД-ке қарсы күрес, туберкулезді емдеу, ана мен бала денсаулығын жақсарту, пандемияға қарсы әрекет ету сияқты бағыттарға миллиардтаған доллар бөліп келген. Алайда АҚШ-тағы ішкі саяси жағдайлар мен бюджеттік өзгерістер бұл көмектің болашағына қауіп төндіріп отыр.
Сарапшылар халықаралық қауымдастықты дағдарысты болдырмау үшін қаржыландырудың балама көздерін іздеуге және жаһандық денсаулықты сақтаудың маңыздылығын естен шығармауға шақырды.