logo
search
menu
АҚШ Тайвань үшін Қытаймен соғысқа дайындалып жатыр ма?
Фото: коллаж Taulik.kz

АҚШ Тайвань үшін Қытаймен соғысқа дайындалып жатыр ма?

Вашингтон — АҚШ Қорғаныс министрлігі Тайвань төңірегіндегі ықтимал қақтығыс жағдайында одақтастардың, атап айтқанда Жапония мен Австралияның, қандай рөл атқаратынын анық білгісі келетінін мәлімдеді. Бұл туралы Financial Times газетіне сілтеме жасаған Reuters хабарлады.

Пентагонның саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Элбридж Колби соңғы айларда Жапония және Австралия қорғаныс шенеуніктерімен кездесіп, АҚШ пен Қытай арасында Тайвань үшін соғыс басталған жағдайда олардың қандай іс-қимылға баратынын нақтылауды талап еткен.

Элбридж Колби өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында АҚШ Президенті Дональд Трамптың «күш арқылы бейбітшілікті сақтау» стратегиясын жүзеге асырып жатқанын жазды. Оның айтуынша, бұл стратегияға одақтастардың қорғаныс шығындарын арттыру туралы талаптар да кіреді.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

«Біз соғыс іздемейміз. Қытайды билеп-төстеуді де мақсат тұтпаймыз. Бірақ АҚШ пен оның одақтастарының жеткілікті әскери әлеуеті болғанда ғана тиімді дипломатия мен бейбітшілік қамтамасыз етіледі», — деді.

Токио мен Канберра Вашингтонның бұл талабына таңданыс білдірген. Себебі АҚШ-тың өзі Тайваньды қорғау бойынша ешқандай ресми кепілдік бермейді. Жапония Қорғаныс министрлігі бұл талапты гипотетикалық сценарий деп атап, ел конституциясы мен халықаралық құқыққа сай жеке қаралатынын айтты. Австралия тарапынан түсініктеме берілмеді.

АҚШ бұрын «стратегиялық белгісіздік» (strategic ambiguity) ұстанымын қолдап келді — яғни Тайваньға нақты көмектесетінін де, көмектеспейтінін де айтпайтын. Бұрынғы президент Джо Байден кей реттерде АҚШ Тайваньға көмек көрсететінін айтқанымен, Дональд Трамп бұл туралы нақты уәде бермей отыр.

Америкалық саясаттанушы Зак Купердің айтуынша,

«АҚШ-тың өзі нақты міндеттеме алмай тұрып, одақтастардан нақты жауап талап ету — қисынсыз».

Колбидің бұл бастамасы Жапония мен Австралиядағы қорғаныс шығындарын арттыруға қатысты ішкі қысымның артуына себеп болып отыр. Мәселен, Жапонияда 20 шілдеде болатын жоғарғы палата сайлауы қарсаңында Колбидің қорғаныс шығынына қатысты мәлімдемесі премьер-министр Шигэру Исибаның ашық сынына ұшыраған.

Пентагон Жапония мен Австралия тарапынан қорғанысқа қосымша қаржы бөлу туралы «оң сигналдар» бар екенін айтқанымен, нақты нәтижелерді күтіп отырғанын мәлімдеді. Вашингтон Тайвань төңірегіндегі жағдай ушығу ықтималдығы жоғары деп есептеп, одақтастармен бірлесіп дайындықты күшейтуге кіріскен.