Мектеп мұғалімі тыңдамаған оқушысының қолын байлап, белдікпен сабаған (ВИДЕО)
Уфа қаласында мектеп мұғалімінің оқушыға күш қолданған сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желілерде кең тарады.
Оқиға №161 лицейде еңбек сабағы кезінде болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, 7-сынып оқушысы сабақ тәртібін бұзып, балағат сөздер айтып, Чебурашка кейіпкерінің әдепсіз суретін салған. Мұғалім осы әрекетке ашуланып, оқушыны тақтаға шығарып, қолын байлап, сыныптың көзінше белдікпен ұрған.
Оқиғаны оқушылардың бірі видеоға түсіріп алған. Кейін бұл бейнежазба интернетке тарап, қоғамда қызу талқылануда.
Аталған жағдай бойынша Башқұртстан прокуратурасы тексеру жұмыстарын бастады. Құқық қорғау органдары мектеп басшылығы мен мұғалімнің әрекетіне құқықтық баға беріп, нәтижесіне қарай тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.