А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының гинеколог дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Алдангарова Гулем Ахметовна жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге ақыл-кеңесін айтты, деп хабарлайды taulik.kz.
⠀
- Сіздің қабылдауыңызға әйелдер көбінесе гинекологиялық аурудың қай түріне байланысты келеді?
- Әйелдер жиі шағымданатын патологиялардың бірі – жатыр миомасы. Өкінішке қарай қарап-тексерілуге келетін науқастардың көпшілігі жатыр миомасының асқынған түрлерімен келеді, мұндай жағдайда хирургиялық емге, оның ішінде органды алып тастауды қажет ететін отаға жүгінуге тура келеді. Дегенмен жақсы жаңалық та бар. Қазіргі таңда органды сақтайтын оталар жасалады. Мысалы, жатыр артерияларының эмболизациясы. Мұндай ота кезінде миоматоздық түйіндердің қанмен қамтамасыз етілуі іріктемелі түрде жабылады. Миоматоздық түйіндер одан әрі өспейді және 30-50-70%-ға кішірейеді. Жатыр артерияларының эмболизацияларынан кейін әйел бала көтеріп, ана бақытын сезіне алады.
- Жүктілікті жоспарлағысы келетін әйел қандай тексерулерден өтуі қажет?
- Жүктілікті жоспарлау кезінде ерлі-зайыптылар стандартты зерттеу әдістерінен (жұқпаларға тексерілу және т.б.) бөлек, дәрумендер және микроэлементтер бойынша жеткіліксіздікді анықтап, ағзадағы дәрумендер тапшылығын жоюы керек. Өйткені бала микробиотаның 80%-ын анасынан алады. Ішектің сау болуы болашақ ана мен дүниеге келетін сәбидің иммунитеті үшін өте маңызды.
- 40 (+) жастан асқан әйелдерге беретін ақыл-кеңесіңіз?
- Қырықтан асқан әйелдерде аналық без қызметінің төмендеуіне байланысты үлкен өзгерістер кезеңі басталады. Өйткені осы жаста оксидативтік күйзеліс, инсулинге резистенттілік, митохондриялық жеткіліксіздік, ағзада ауыр металдардың жиналуы орын алады. Сондықтан 40 жастан асқан әйелдер ұйқы режимін ретке келтіріп, дұрыс тамақтанғаны жөн. Жүйелі түрде бүкіл ағзаға детокс жасап, оксидативтік күйзелістің деңгейін төмендетуі керек, дәрумендер мен микроэлементтердің тапшылығын жойып, митохондрияны сауықтырғаны абзал. Сонда аналық бездер ұзағырақ қызмет етіп, климактериялық кезеңді де жеңіл өткеруге мүмкіндік туындайды.