Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан таяуда Түркі мемлекеттерінің оңайлатылған «Кеден дәлізін» құру туралы келісімге қол қоймақ деп хабарлады Taulik.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Украинада оңбай таяқ жеп, беделден жұрдай бола бастаған Мәскеудің Орталық Азиядағы пәрмені азайды. Осыны пайдаланып, өңірде шың елі өз ықпалын күшейтуге ұмтылып, «Орталық Азия – Қытай» форматында түрлі жиын-форум өткізе бастады. Биылдың өзінде ондай оншақты жиналыс ұйымдастырылған көрінеді.
Дегенмен түркітілдес елдер қазіргі алмағайып заманда бас біріктірмесе, жатқа жем болып кететінін түсініп, қаржылық-экономикалық, тіпті әскери тұрғыдан тығыз ынтымақтасуға баса мән бере бастады. Өйткені, Түрксой қатарына шақырылған Ресей оны іштен іріте жаздады.
2015 жылдың соңында РФ мәдениет министрі Владимир Мединский Алтай, Башқұртстан, Саха, Татарстан, Тыва және Хакасия республикаларының басшыларын Халықаралық түркі мәдениеті ұйымымен байланыстарды тоқтатуға міндеттеді. Бұл осы түркітілдес бодан республикалардың ұйым құрамынан шығуына әкеп соқтырды.
Мәскеуге қарайлай берсе, қыр аспайтынын түсінген тәуелсіз түркітектес мемлекеттер енді өз орталарына Ресейді қоспауға нық бекінгенге ұқсайды.
Жалпы қарым-қатынастардың жақындай түскенін азаматтар да сезіне бастады. Түркияда оқитын, өмір сүретін қазақстандықтар теңгені есеп құралы ретінде қабылдайтын орындар, компаниялар көбейгенін байқапты.
Бес түркі мемлекеті арасында Кеден одағы құрылып жатса, бір жағынан, оның саяси пайдасы болады. Түркі әлемінің ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған дәрежеде нығаяды. Тіпті сыртқы жаудан бірлесе қорғанатын жағдайға дейін көтерілуі ғажап емес.
Әйтпесе, XIХ ғасырда Қазақ хандығының түпкілікті жойылуы, бүкіл Орталық Азия елдерін Ресей империясының отарлауы ауызбірліктің жоқтығынан болғаны белгілі. Аймақтағы ұсақ хандықтар бір-бірімен қақтығысып, қырқысып жатты. Ол кезде әлсіреген Түркия да көмек қолын соза алмады. Бәлкім, түркі әлемі қазір күш біріктірсе, сыртқы жауға сес болар еді.