Арайлым Серқанова. KAZGUU Newsroom Бұл жыл түрік халқы үшін ауыр басталды. 6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7 балдан жоғары, жойқын жер сілкінісі болды. Зілзаладан зардап шеккендер мен қаза болғандар саны көп. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да бар. Биледжик Шейх Эдебали атындағы мемлекеттік университеттің студенті, қазақстандық Аңсаған Сарсебаеваның айтуынша, Биледжик қаласында төтенше жағдай жарияланбаған. Дегенмен, бұл өңір қызыл аймақта екендігі белгілі болды.
“Апатқа дейін, дәлірек айтсақ, 1 ай бұрын Биледжикте 4,5 балдық жер сілкінісі болды. Бұл жақта жер үйлер өте аз. Негізінен бәріміз көпқабатты үйлерде тұрғандықтан, қажетті құжаттарды алып, тез арада сыртқа шыққан болатынбыз. Бірақ соңғы жаңалықтардан кейін біз бұл оқиғаның қайталануынан қорқып отырмыз. Десе де, қиын жағдайға тап болған өңірлерге көмек берудеміз”, – деді ол.Түркия мемлекетінің астанасы Анкарада білім алатын Қазақстан азаматшасы Жансая Жансағын 8 ақпан күні Адана қаласынан Ыстанбұлға 14 студент, ал Мерсин қаласынан Анкараға 19 студент жеткізіліп, әрі қарай ұшақпен Астанаға жөнелтілгені туралы хабарлады.
“Анкара қаласында жер сілкінісінің магнитудасы аз болғанымен, бұндай төтенше жағдайда біз, студенттер, жай қарап отыра алмадық. Қолымыздан келгенше Түркия еліне жәрдемдесудеміз. Одан бөлек, жер сілкінісі болған қалаларда біздің отандастарымыз да зардап шегуде”, – деді ол Newsroom тілшісіне.Бүгінде бірқатар қазақстандық Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге көмектесуде. Ал Мағжан Мадиев, Алмат Құрмашев және басқа да бірнеше қазақстандық Антакья қаласына өз достары мен жақындарын іздестіруге, әрі түрік халқына көмек көрсетуге аттанған. Іздестіру процессін @Rescuekz телеграмм-арнасы арқылы бөлісіп жүрген олар 70 тонналық кран, FPV дрондар немесе камерасы бар радиомен басқарылатын машиналар, жылу түсіргіштер және аудио сенсорлардың қажеттілігін айтқан. Аталған арнадағы ақпаратқа сәйкес, зілзаладан кейін жоғалған қазақстандықтардың бірі Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні үйінділер арасынан тірі табылған. Оның тек қолы сынған. Өкінішке қарай, Әділ Қадырбеков, Мирболат Құрмашев есімді отандастарымыздың оқиға орнында қайтыс болғаны кейінгі күндері белгілі болды. Олардың денесі Қазақстанға жеткізіліп, 12 ақпан күні жерлеу рәсімі болды. Түркиядағы магнитудасы 7,7 балдық ең жойқын жер сілкінісі Кахраманмараш қаласында тіркелді. Жер сілкінісін елде 10 провинция сезінген. Соңғы жаңартылған мәлліметке орай, зілзала салдарынан көз жұмғандардың саны 36 мыңға жетті. Соған байланысты ел президенті Режеп Тайып Ердоған Түркия мемлекетінде 12 ақпанға дейін қаралы күн жариялады. Азаматтарды іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұл оқиға бірқатар мемлекеттерді алаңдатты. Түркияға көмек берген елдер арасына Қазақстан да бар. Ақорданың мәліметіне сүйенсек, президент Тоқаев түрік басшысы Ердоғанмен телефон арқылы байланысып, жер сілкінісі кезінде қаза тапқандарға көңіл айтқан. Сонымен қатар, ол зардап шеккен өңірлерге Қазақстаннан дәрігерлер мен құтқарушыларды жіберіп, елге гуманитарлық көмек көрсететінін мәлімдеген. Бұдан бөлек, ел азаматтары, еріктілер мен кәсіпкерлер жер сілкінісінен зардап шеккен өңірлерге 100-ге жуық киіз үй, киім, азық-түлік және ақшалай көмек жөнелтіп келеді. Мәселен, журналист Нұрбек Бекбау инстаграмм желісінде 13 ақпан күні тағы 84 киіз үй келеді деп хабарлады. Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі таратқан ақпаратқа сенсек, Қазақстан өңірлерінен Түркияға 150 тонна гуманитарлық көмек, 32 млн теңге қаражат жиналған. Жиналған материалдар Түркия Республикасының елшіліктері мен консулдықтары арқылы жөнелтілуде.