Биылдан бастап елімізде шетелдік тіркеудегі көліктерді заңдастыру рәсімі жүріп жатқаны белгілі. Мемлекет ұсынып отырған айрықша жеңілдікке 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына кіргізілген көлік құралдары ие болады. Жақында Әкімшілік полиция комитеті 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға келген шетелдік көліктерді заңдастыру туралы қаулыға өзгеріс енгізуді ұсынды. Ол бойынша техникалық паспорты мен көлік құралының паспорты жоқ көліктер де заңдастырылуға жатуы мүмкін. Қаулы мәтіні Ашық үкімет порталында жарияланған, деп хабарлайды taulik.kz egemen.kz-ке сілтеме жасап.
Қаулыны талқылау мерзімі наурыздың 24-іне дейін. Онда техникалық паспорты жоқ көлік құралын елге алып келген жеке тұлғаның өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемесінен босатылатыны айтылған. Қазіргі уақытта шетелдік көлікті заңдастыру үшін жеке басын куәландыратын құжат, автокөліктің паспорты немесе оны тіркеу туралы куәлік, сондай-ақ меншік құқығын растайтын құжат талап етіледі. Ал жаңа өзгеріс бойынша тек көлік пен тіркеу туралы куәлікті ғана қабылдау (болған жағдайда) қарастырылып отыр.
Бұл тіркеу құжаттары жоғалған жағдайда автокөлікті заңдастыру процедурасын жеңілдету үшін қажет.
Сонымен қатар авторлар «конструкторлық» деп аталатын машиналарға және қосалқы бөлшектер деп әкелінетін техникаға қатысты өзгерістер дайындаған. Көлік құралының кедендік ресімдеуден өткені туралы мәліметтер болмаған және ол ізделмеген жағдайда бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін алым мөлшерлемесін қолдануға мүмкіндік беріледі. Ондай көліктер тек Қазақстан аумағында ғана пайдалануға берілетіні және олардың меншік иесінің өзгеруіне жол берілмейтіні баса айтылды. Мұндай көлік құралының тіркеу куәлігінде тиісті жазба болады.
Еске салайық, елімізде шетелдік тіркеудегі көліктерді заңдастыру биыл 23 қаңтарда басталды. Заңдастырылатын автокөліктер іздеуде жоқ, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік есептен шығарылған, кедендік тазартудан өткен болуға тиіс (бұл талап алынып тасталуы мүмкін).
Көлікті заңдастыру туралы өтініш қабылданғаннан кейін көлік иесі бастапқы тіркеу алымы ретінде 200 000 теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік баж салығын – 4313 теңге, мемлекеттік нөмір үшін баж салығын – 9660 теңге төлейді. Тіркелетін машина үшін утиль алымын төлеудің қажеті жоқ. ЕЭО елдерінен келген көлікті кедендік тазартудан өткізеді, ал қырғызстандық техниканы кедендік салық айырмасын төлегеннен кейін ғана біздің елде тіркеуге болады. Оның сомасын кез келген мамандандырылған ХҚКО-дағы Мемлекеттік тіркеу комитетінің маманы есептеп береді.
Сондай-ақ көлікті қашықтан есептен шығару мүмкін емес. Бұл туралы біраз уақыт бұрын Әкімшілік полиция комитеті басшысының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев айтқан болатын. Оның сөзінше, Қырғызстан мен Арменияның ресми органдары автокөлікті қашықтан есептен шығарудан бас тартқан.
Ішкі істер министрлігі шетелдік автомобильдің ел аумағына қашан кіргенін шекарашылар мен кеден қызметінің базасынан білетінін атап өтті. Деректер базасында машина нөмірі мен VIN-коды сақталады. Бұл үдеріс толықтай автоматты жұмыс істейді. Автокөлік келген уақыт туралы нақты мәлімет болмаса, міндетті сақтандыру полисі ресімделген уақыт қаралады.
Заңдастыру үдеріс аяқталған соң автомобиль жергілікті нөмір тағады, мұндай машинаны иесі еш кедергісіз пайдалана алады.
Автокөлік заңдастыру 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады.