Кеше Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек Facebook парақшасында қызметтен кететіні туралы жазба жариялады.
«Мен бүгіннен бастап Қазақстан жазушылары одағындағы қызметімнен ресми түрде кеттім. Келе жатқан Құрылтайда қойылатын спектакльге қатысуға құлқым жоқ. Ұлтымыздың ұлы әдебиеті жасай берсін!» - деп жазды ол.Ал бүгін жазушы Одақтағы қызметінен не себепті кетіп жатқанын толық түсіндіріп берді.
«Жария кеткенімнің себебі - біреу ғана. Ол - бойын жасыра бұқпантайлап қашқан адам ұқсамай, ашық айтып кету еді. Тыныш қана арызымды жазып кетсем, ел оны сан-саққа жоритыны тағы бар», - деді Ақберен Елгезек.Көпшілік жазушыға «Спектакль деген не?» деген сұрақ қойып, жазғанының мәнін сұраған. Оның айтуынша, әр Құрылтай сайын ұйымның мүшелері - қаламгерлердің ерікті таңдауына іші пысқанның бәрі араласады.
«Құрылтай қарсаңында небір жершілдік, рушылдық сияқты сасық принциптерге негізделген әрқилы топтар құрылып, жазушы қауымның ішін іри-тіри қылады. Жоғарыға арыз домалатып, бірін-бірі тілдеп, ел алдында масқара боп жатады. Ұят! Биылғы Құрылтайдың алдында да мұндай ыбыр-жыбыр ахуал бет қаратпай күйіп тұр. Құдды бір Одақтың табалдырығының астына біреу аттың басындай алтын жасырып қойғандай. Сондай лас әңгіме, топас интригалардан қашқаным рас. Ондай ырду-дырдуға араласқым келмеді. 5 жыл Одақта жұмыс істедім. Ұлағаң бастаған командамен бірге, бір үйдің баласындай тізе қосып, қолымыздан келген дүниенің барлығын жасап бақтық (зерттеймін деген адамға атқарылған шаруа, жасалған жобалар, ұсынған идеялар қағазда да, интернетте де самсап тұр). Енді осы еңбектің барлығын жоққа шығарғысы келетін кейбір адамдардың ұсақ тірліктері мен қаңқу әңгімелерінен жүрегім айныды. Сатқындық пен өсек-аян, ғайбаттың небір таңғажайып үлгілерін көзім көріп, құлағым естіп жатыр», - деп жазды ол.Сондай-ақ ақын ешкімге ренжімейтінін, бұл шешімді өзі қабылдағанын жеткізді. Одан бөлек сайлау өтпей жатып, өздерін төраға сайлап алған үміткерлерге аптығын бассын деген ескертпе жасады.
«Бәрін кешірдім. Пейіштегі періште емеспіз. Өмір ғой, бәрі заңды. Ораза айында күнәдан тазарғанның орнына күнә арқалап жүрген сияқтымыз. Сондықтан жеке өзіме қатысты қабылданған шешім бұл. Сондай-ақ сайлау өтпей жатып, өздерін төраға сайлап алған үміткерлер де аптығын бассын дедім. Бұл үлкен шаруаға тек жауапкершілігі мол һәм өз қабілетіне сенімді кісі ғана басын тігіп, кіріскені абзал. Сайланып алу аз, ал ол қызметті абыроймен алып жүру - оңай шаруа емес. Үнемі қоғамның, қаламгерлердің жіті назарында боласың. Әр қаламгер - жеке-жеке планета сияқты. Бәрінің көңілінен шығу өте қиын. Сол жағын ескеріп, амбицияларын сәл тізгіндеп ап, аз-маз ойлансын дедім. Ақылды адамдар ғой, ойланып та қалған шығар. Ал делебесі қозып алғандарға айттың не айтпадың не - бәрі бекер», - деді ол.Қаламгер «жазушылар одағы - өзінің екінші үйі» екенін айтып, төраға Ұлықбек Есдәулет туралы пікір білдірді.
«Жазушылар одағы - менің екінші үйім. Осы киелі шаңырақтың астында өстім, тәрбиелендім. Әдебиеттің қызығы мен шыжығын осы Одақтың киелі қабырғаларында бір кісідей көрдім, болашақта да көре беруді жазсын Құдай. Қанатқақты дүниелерім де осы ортада алғаш талқыланып, қағаз кемедей қалтылдап әдебиеттің шексіз, шетсіз мұхитына аттанды. Алла қайырын берсін деймін. Мен Жазушылар одағының терең тарихына құрметпен қарап, оны құрған, әр дәуірде қабырғасында қызмет еткен ұлы тұлғаларға тағзым ететін азаматпын. Сол себептен өз кезегімде қолымнан келгенін бәрін жасауға тырыстым. Ендігәрі егер қандай да бір азамат: «оны олай емес, былай істейді» деген ниеті болса, келіп істеп көрсін. Еш мәселе жоқ. Қолында қаламы бар кез келген кісінің оған толықтай хақысы бар. Ұлықбек ағама келейік. Ол - менің рухани Әкем. Талай жерде айтқам, жазғам, сол сөзімде тұрам. Ағамыз екеуміздің арамыз сол қалпы ынтымақты, жаздай мамыражай. Және бір айтарым: менің бұл шешіміме Ұлағамның да, менімен бірге жұмыс істеп, туғанымдай боп кеткен әріптестерімнің де бір мысқалдай әсері болған жоқ. Керісінше, ол әріптестеріме мені қолдағандары үшін, менің талаптарыма көніп, бірге жұмыс істегендері үшін ризашылығым шексіз! Демек бұл қайталап айтам - менің жеке дара, жеті өлшеп, бір кескен дербес шешімім», - деді ақын.Ақберен Елгезектің сөзінше, алдағы Құрылтайда барша қаламгер қауымның көкейінде: кім төраға болады деген сұрақ емес, әдебиет алдағы 5 жылдықта қалай дамуы тиіс деген сұрақ тұруы керек.
«Қай үміткер жан-жақты бағдарлама ұсына алады, сол ұсыныстар қызу талқыланып, ымыра мен бірлік орнап, бағдарлама иесі бірауыздан сайлануы керек. Сонда әділетті болады. Және бұл процеске билік те, әдебиетке қатысы жоқ басқа да күштер араласпауын қатаң қадағалау қажет. Әдебиет жазушы мен оқырманға керек, әдебиетті сүймеген адамға ол үш тиынға да керек емес. Сондықтан, бұл нәзік саладан хабары жоқ, бірақ білгішсініп, әдеби процесске араласқан күштер керісінше бұл рухани кеңістікті мейлінше былғап, былықтырып кетеді. Сосын кім жаман, жазушы жаман. Олай болса, аяғын төбеден салбыратып әкеп, қонжитып тағайындасын да жіберсін, көзбояшылық жасап, өтірік сайлау өткізіп қайтеді?! Спектакль дегенім міне осы», - деп жазушы айтқан пікіріне түсініктеме берді.Сонымен қатар ол әлемдік тәжірибені бірнеше бет қып дәлелдеп жазып, Ақордаға, Мәдениет министрлігіне жаңа министр келген сайын неше рет апарып ұсынғанын, заңға өзгеріс енгізуге тырысқанын атап өтті.
«Бір дүниені түсініп алайық, әдебиетті Одақ жасамайды, тек қолынан келгенше жағдай жасаушы, қаламгердің құқығын қорғаушы қарапайым үкіметтік емес ұйым ғана. Ондай ұйым басқа дамыған елдерде жоқ дейсіздер. Ондай ұйымдардың дамыған елдерде жеті атасы бар. Мәселен ең капиталистік ел деп айтатын АҚШта 1965 жылы құрылған, федералдық бюджеттен қаржысын алатын Өнерді қолдау қоры (National Endowment for the Arts,NEA), Бельгияда мәдениет министрлігіне қарасты Фламандық әдеби қор, (Fonds voor de Letteren), Германияда федералдық бюджеттен қаржыландырылатын Неміс әдебиетінің қоры (Deutscher Literaturfonds), Ұлыбритания мен Австралияда Өнер кеңестері деп аталатын әдебиетті қолдайтын мемлекеттік құрылымдар бар (ArtsCouncils) т.т. Бұлардың барлығы да сол елдердің мемлекеттік бюджетінен қаржыландырылады. Өйткені бұл мемлекеттерде «әдеби саясат» (литературная политика) деген ұғым бар. Әдебиетті бұлар сыртқы саясатта «жұмсақ күш» ретінде пайдаланады. Қытайдың жағдайы сіздерге белгілі шығар. Ол елдің Жазушылар одағы деген ұйым алып корпорацияға айналғалы қашан! Өзіміздің өзбек ағайындардың Жазушылар одағы Ұлттық Парламенттің дәл жанында пәлен гектар жердің аумағын алып жатқан мығым ұйым, бюджеттен тікелей қаржыландырылатын «Ижод» деген бай қоры тағы бар (өз көзіммен көріп қайтқам). Оған қоса Өзбекстанда Әдебиет институты бар, ол институт тікелей жазушылар одағымен жұмыс істейді. Осының бәрін өз басым тізбелеп, әлемдік тәжірибені бірнеше бет қып дәлелдеп жазып, Ақордаға, Мәдениет министрлігіне жаңа министр келген сайын неше рет апарып ұсынғам. Заңға өзеріс енгізіп, жазушының мәртебесін анықтап жазып, оның қаламақы мәселесіне қатысты механизмдерін шешейік деп талай қақсадым. Әлі күнге дейін ол жақтан өлі тыныштық жаңғырып тұр. Мен мұның бәрін барынша қысқартып жазып отырмын. Сол себептен қалт-құлт етіп жұмыс істеп тұрған біздің Жазушылар ұйымына ауыр сөз айтып, «данышпансу» - аса бір береке мен абырой әкелетін тірлік емес деп айтар едім. Біз мұның бәрін зерттегенбіз, айтқанбыз, биік кабинеттердің табалдырығын әбден тоздырғанбыз. Ұқпаса, не істейміз енді?! Одан бөлек Әдебиет академиясын құрайық, жастарды тек әдебиетпен емес, қазіргі ғылымның барлық жетістіктерімен таныстырып, таным көкжиегін кеңейтіп, адамзаттың озық идеяларымен сусындатайық, қала берді «Болашақ» бағдарламасымен жас таланттарды шетелге оқуға жіберейік, сонда ғана олардың әлемдік деңгейде шығарма жазуға қабылеті артар еді деп 5 жыл зарладым. Жазатын жерге жаздым, үлкен шенеуніктердің кабинеттерінің алдында сарыла күтіп, талай кірдім, маңдайдағы тамырым шодырайып дауластым да. Естіген құлақ, салынған назар болды ма?! Жоқ! Тек миығынан күлген ақ жағалылардың кекесінге толы бейнелері қалды есімде. Шаршамайсың ба?! Шаршайсың!» - деп жазды жазушы.Қорытындылай келе, Ақберен Елгезек өзінің сайлауға қатыспайтынын ашық айта келіп, Одақтан кеткенімен, әдебиеттен кетпейтінін тілге тиек етті.
«Енді келіп, бұлардың барлығының көзін құрту керек, бұлар дым бітірмеді, жою керек деп әпербақандық танытып жүр екен кейбір кісілер. Нәтиже жоқ қой дерсіз, есесіне зор талпыныстар болды ғой. Ал нәтиже бізге байланысты болса ғой, шіркін! Қолда мол қаражат болса, кәнекей! Ешкімге жалынбай, жайнатып-ақ қояр едік қой. Ал енді өзің осындай дүние жасай аласың ба? Әлде әупірімдеп, интрига арқылы Одаққа келіп ап, ертең биліктің айтқанын істеп, мыңқиып отырмақшысың ба?! Онда алға! Осындай қыртқан әңгімелерден соң, қалай кетпейсің?! Мен сайлауға қатыспаймын. Ол мәселені бірден шешіп тастайық. Мен Одақтан кеткенмен, әдебиеттен кеткем жоқ. Ойымда жүрген бірталай дүние бар. Сол шығармаларды қағазға түсіріп, елге ұсынуға міндеттімін. Бәрі өткінші. Алдымызда ұрпақ алдындағы парыз бен Алла дәргейінде жауап беру шаруасы тұр. Соны ойлаған адам ғана опық жемейді. Осымен сөз тәмам. Аман болайық!» - деді қаламгер.