Зерделі ойдың зергері – Әбілфайыз

Зерделі ойдың зергері – Әбілфайыз

ашық дереккөзі

«Журналистика – екінің біріне бағына бермейтін, жалына қол тигізбейтін мамандық. Бұл жолға түсу үшін әуелі таза жүрек, терең түйсік пен асқан сезімталдық керек» дейді ілгерідегілер. «Журналист болу – тағдырдың маған жазған бақыты» деген Әбілфайыз Ыдырысұлының өмір жолы жоғарыда айтқан пікірді қуаттайды. Әрбір халық бүкіл адамзат мәдениетін байытатын өз мәдениетінің қайталанбас мазмұнын жасап, әлемдік мәдениетке өзіндік үлесін қосады. Кез келген халықтың өсіп-өркендеуі, мәдениеті мен әдебиетінің, өнерінің дамуы бір сөзбен айтқанда, ұлттық сананың салтанат құруы, ұлттың ішкі рухани дүниесінің жалпыадамзаттық игілікке жетуге ұмтылысы халықпен өз өмірінен, тарихи қайталанбас талантымен қоғамды жақсы жаққа өзгерткендігі көрнекті адамдардың жетістіктерімен өлшенеді. Қазақ халқының ірі қайраткері, өз заманының ең үлкен, түйгенін келелі көріністі сөзімен де, қаламгерлік жасампаздығымен де, журналистік қырымен де танытып, қазақ халқы үшін даналықтың, өнегенің өшпес үлгісіне айналған қазақтың кесек тұлғалы тарланы – Әбілфайыз Ыдырысов. Қара сөздің қадірін бағамдап, жазушылық қабілетін жаңашылдықпен астастырған, маржан сөздермен тізілген ойлы туындыларымен халық жүрегінен орын алатын ол, әрине, жазушы. Жазушылық өнер тума талант пен адам басына қонған бақ құсы болса да, өмір бақи жазушы шыңында қалу жазушылық өсу мен дамуды талап ететін кәсіби шеберліктің, терең ізденістің, мол еңбектің арқасында ғана орындалмақ. Жазушыға тән кәсіби шеберлікті көрсету үшін өмір сүріп жатқан қоғамды терең  зерттеуің керек. Әбілфайыз Ыдырысұлы – қазақ көсемсөзінің беделін биіктеткен жарқын тұлға. Шу дегеннен қоғам өміріне білек сыбана араласты. Адам тағдырына жанашыр болды. Болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін күресті. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бас редакторы, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің штаб бастығы – жауапты хатшысы қызметтерін абыроймен адал атқара білді. Журналистік-редакторлық қызметінде күрмеуі ауқымды әлеуметтік, ұлттық мәселелерді кеңінен қамтып, өзі қозғаған тақырып жайын өндірте жазып, ұлт мәселесін шешуге, қазақ баспасөзі мен әдебиетінің рухани қорының толығуына өзіндік үлесін қосты. Өзі қызмет еткен, басшылық жасаған басылымдар арқылы қоғамдық сананың тамыр жаюына көп күш салды. Тақырыпты астарлы әзіл, ащы сын арқылы тауып қоя білу – нағыз шеберлік. Бұл автордың журналистік-редакторлық қызметіндегі өзіндік даралығы еді. Осы орайда оның қазақ халқының, ұлт рухының сапалық сипатын жетілдіруге қосқан үлесі сөзсіз. Қандай туындыларын алсақ та, тақырыбы туған жер, ұлт мүддесі, тіл тағдыры, қазақтың рухани құндылықтары, айналасына деген махаббат екенін көруге болады. Осы тақырыптар жүрегін толқытқан сәттерде қаламгер жазушы болып сөз қозғады, ғалым болып тарихты тереңінен зерделеді. Нәтижесінде оның қаламынан тамаша дүниелер туды. Әбілфайыз Ыдырысұлы – ұлттың жадында ерекше ықыласпен, жанжүректілікпен байланысатын, қазақ халқының жүрек мұнарасынан ойып тұрып орын алатын біртуар болмыс иесі. Оның өмір жолын зерделей отырып, ұрпақ үшін жасаған ерен еңбектерін қарап отырып, бағалай білген жанға бұл нендей қажырлы іс, неткен ұлтжандылық деп ойлайсыз. Біз, жастар, болашақ елдің кемеңгерлері, еліне адал қызмет етіп, елін, жерін бар ықылас сүйіспеншілігімен қорғап, ұлттық дүниетанымды негіз етіп жоғарыға жетелей білген аға буын өкілдеріне қарап еліктейміз, тамсанып-таңырқаймыз және ең бастысы үлгі аламыз. Жүріп өткен жолынан бөлек, тұлғасы, шығармашылығы өз алдына бір төбе, өнегеге толып жатыр емес пе? Әбілфайыз Ыдырысовтың ұлағатты әр сөзінде «дәм» бар. Әр мұрасы тарих сахнасында ақ жазумен қалатын тұлғаның мұраларымен сусындау, оны тұла бойға дарыту борыш, міндет.  

Динара Боранбай,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультеті

Баспагерлік-редакторлық

 және дизайнерлік өнер

кафедрасының 3 курс студенті.

Loading...