Адам өмірінің соңғы сәтінде өзін қалай ұстайтынын және не айтатынын білмейді. Ол кезде не туралы ойлайды, кімге және не айтқысы келеді? Бұл туралы Massaget.kz хабарлады, деп жазады Taulik.kz.
Паллиативтік көмек көрсететін американдық дәрігерлер Мина Чанг пен медбике Джули Макфадден науқастар өлім алдында не дейтінін айтты.
"Мен еш өкінбеймін" және "өкінішті"
Мина Чанг науқастардан "мен еш өкінбеймін" деген сөзді жиі еститінін айтады. Ал медбике Джули Макфадден қарт кісілер, керісінше, өз өміріне мән бермегеніне, отбасы мен достарынан алыстап кеткеніне және көп уақытын жұмысқа арнағанына өкінетінін айтады. Біреулер жақындарына ұзақ уақыт бойы маңызды нәрсені айта алмағанына өкінеді. Көпшілігі ұрысып қалып, кейін татуласпағанын есіне алады.
Сондай-ақ науқастар көру, тыныс алу, жүру және ауырмай өмір сүру секілді дүниелерді бағаламағанын және денсаулығына "міндетті" деп қарамағанын мойындайды.
"Мен өлуге дайын емеспін" және "мен дайынмын"
Ұзақ ауырып қайтыс болған жастар өлуге дайын емес екенін, өмірде көп нәрсе жасап үлгермегенін айтады. Кейде егде жастағы кісілерден өмірден өту сәтіне рухани түрде дайын екенін, тыныш және жақсы өмір сүргендерін естиміз.
"Мен сені жақсы көремін"
Медбике Джулидің айтуынша, адам өлім алдында, өмірден өткен әке-шешесіне "мен сені жақсы көремін" деп жиі айтады.
"Әрине, бұл - біз кинода көретіндей соңғы демі қалғанда шығатын сөздер емес. Кинода оны драмаға айналдырады", - дейді медбике.
Оның айтуынша, хоспистегі (хоспис - аурудың соңғы сатысында өлім алдында жатқандарға жан-жақты қолдау көрсететін мекеме) науқастар жалпы ата-анасының өлімі мен олардың өмірі жайлы, олардан не сұрағысы келетінін көп ойлайды. Өлім алдында ата-ана жайлы ойлар өзінше бір "жұбаныш көзіне" айналады.
"Кешір мені" және "мен сені кешірдім"
Хосписте дәрігерлер тек науқастардың жағдайын емес, олардың жақындарымен қарым-қатынасын да жақсартуға тырысады. Әдетте, өлім алдында науқастар туғандарынан кешірім сұрайды немесе олардың қандай да бір жаман әрекетін кешіргенін айтады.
"Маған үйге бару керек"
Науқас хосписте ұзақ уақыт өмір сүрсе де және оған үйреніп қалса да, өмірінің соңғы минуттарында ол үйіне қайтқысы келеді.
Туған тілінде сөйлейді
Дәрігерлердің айтуынша, адамдар өмірінің соңғы минуттарында, кенеттен, өзінің туған тілінде сөйлеп кетеді. Әдетте, адам басқа елде өмір сүріп, басқа тілде сөйлеп жүрсе де, өлім алдында туған тілінде сөйлейді екен.
Ештеңе айтпайды
Кейде адамдар өзінің ағзасында болып жатқан өзгерісті жоққа шығаратыны соншалық, олардың рефлексияға, жақындарымен сөйлесуге, қоштасуға күші қалмайды.
"Олар өз жағдайы жайлы ойламауға тырысады, алайда олар туғандарымен қоштасса, жеңілдеп қалар еді", - дейді дәрігерлер.