Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
14 сәуір, 2023 / taulik / Жаңалықтар

Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?

Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?

Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?
ашық дереккөзі
Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрім түскен. Бұл түні жасалған ғибадат мың айға, яғни сексен үш жылға тең. 2023 жылғы Қадір түні сәуірдің 17-нен 18-іне қараған түнге сәйкес келіп тұр, деп жазады Taulik.kz. Құранда Қадір түні оразаның соңғы он түнінің бірінде екені айтылған, бірақ нақты күні айтылмаған. Бұл түні періштелер жерге түсіп, береке орнайды деп саналады. Періштелердің жерге түсуі Қадір түнінің маңызды екенін көрсетеді. Жылына бір келетін қасиетті Қадір түнінде не істеу керек, не жасамаған дұрыс, қалай қарсы алған дұрыс, ұйықтамау шарт па? Қадір түнінде не істеу керек? Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнін төмендегіше атқаруды үндейді: 1. Бұл түнде Алланың ризалығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек; Құптан, тарауих, тәһәжжуд, тәубе, қажет, қаза намаздарын оқуға тырысу қажет. 2. Құран Кәрім оқу, тыңдау, оны түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс. 3. Пайғамбарымызға (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үммбетінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт. 4. Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең  тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған көмескіліктен арылуыға тиістіміз. 5. Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру керек. Әсіресе, адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс. 6. Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есепке алып, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құмбыл болуы шарт. Осы күнге дейінгі барлық күнәларыңыз бен қателіктеріңізді есіңізге түсіріп, Алла Тағаланың кешіруін сұрап дұға жасаңыз. Себебі, барлық күнәларды кешіруші жалғыз Алла ғана. 7. Алланы зікір етіп, пікір (терең жақсы ойлану) етіп, Ұлы Жаратушының ұшы қиыры жоқ құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларына үңіліп (жақсы терең ойланып), иманымызды күшейтуіміз қажет. Алланы еске алғаннан жүрек тынышталады. 8. Жиі-жиі дұға жасауымыз керек. Өйткені, дұға - адамды Ұлы Жартушыға жақындататын дәнекер. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түні көбінесе мына дұғаны жасаған: «Аллаһумма иннәкә ғафу’ун тухиббуль ғафуә, фәғфу анни!».
Мағынасы: "Уа Жаратушы ием! Сөзсіз Сен кешірімдісін әрі кешіруді жақсы көресін. Мені кешіре гөр! Айша анамыз Алланың Елшісінен: «Қадір түнінде не айтсам болады?», – деп сұрағанда, Ол ﷺ осы дұғаны айтуды кеңес еткен[Әл-Хаким, әл-мүстәдрак –779-баб/№1985-хадис].
Бұл Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін, Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемінің біртұтастығын, елдің амандығын, көркеюін және күллі адамзатты апаттардан сақтауын тілеуіміз тиіс. 9. Шамаңыз келетін көлемде садақа беріңіз және садақаңыздың қабыл болуын сұрап Аллаға жалбарынып дұға етіңіз. Садақаңыз қабыл болса 83 жыл 4 ай үздіксіз садақа берген боласыз. Қадір түнінде не істемеу керек? – Зиян нәрселерден аулақ болған жөн. – Дінде рұқсат етілмеген нәрселерді істеуге болмайды. Мысалы, ішімдік ішуге болмайды. – Біреудің сыртынан ғайбат айтуға, бос әңгімеге үйір болуға болмайды. – Түнде ұйықтамаған абзал, оның орнына құлшылық еткен жөн. – Ұрысуға, біреу туралы жаман нәрсе айтуға болмайды. – Фильмдер мен ойын-сауық бағдарламаларын көріп, уақытты бос өткізуге болмайды. Қадір түні ұйықтамау керек пе? Қадір түні күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап, таң ататын уақытқа дейін жалғасады. Сол себепті мүмкіндігінше ұйықтамаған дұрыс. Мақсат – тек ұйықтамай, ояу жүру емес, дұрысы дұға-тілек жасап, ренжіткен адамдарды кешіріп, намаз оқып, садақа беру, ізгілікке ұмтылу. Нұрлан имам бұл түнді шама келгенше құлшылықпен өткізуге кеңес берді.
"Бір нәрсені түсіну керек, түнін емес, таңын атқызу керек. Көбісі түнін өткізеді де, таңғы уақытта ұйықтап қалады. Біздегі қателік осы. Ұйықтамауға тырысу керек және шама келгенше құлшылық ғибадат, жақсы амалдар жасау керек. Дұғалардың қабыл болатын кезінде әдетте адамдар кішкене қол жаяды да тоқтап қалады ғой, тоқтамай дұға қыла беру керек. Бір дұғадан кейін тағы бір дұға, шай ішіп отырып та дұға ете беру керек. Қасыңызда тұрған періштелер "әумин" десе, ісіңіздің бәрі оңынан жүреді. Тағдырлы түндеріңізде тағдырға әсер ететін көп жақсы амалдар жасау керек", - дейді имам.