VI және VII шақырылымдағы Парламент қабылдаған 601 заң орыс тілінде әзірленген

VI және VII шақырылымдағы Парламент қабылдаған 601 заң орыс тілінде әзірленген

ашық дереккөзі

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асып кетсе де, елімізде қазақ тілі өз тұғырына қона алмай келеді. Қазақстанда заң шығарудың негізгі тілі - орыс тілі. ҚР Парламентінің VI және VII шақырылымында қабылданған 601 заңның тұпнұсқасы орыс тілінде әзірленіп, қазақ тіліне аударылған, деп хабарлайды taulik.kz Ulysmedia.kz  сайтына сілтеме жасап. Бұл туралы Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасында жазылған. Құжатта айтылғандай, іскерлік ортада, халықаралық қатынастарда, қызмет көрсету салаларында және қоғамдық ортадағы қарым-қатынаста орыс тілінің үлесі басым. Еліміздегі сарапшылардың 61,7%-ы орыс тілін жетік меңгерген. Интернеттен ақпарат іздеу кезінде халықтың 65,7%-ы орыс тілін пайдаланады.
«Қазіргі таңда халықтың мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші бойынша өңірлер арасында бірыңғайлылық жоқ. Бұл тиісті өңірдің географиялық орналасу ерекшелігі мен тұрғындардың этникалық құрамына байланысты. Мысалы, зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қазақ тілін меңгерген респонденттердің көбі – Атырау (78,8%), Маңғыстау (76,1%), Жамбыл (74,1%), Қызылорда (73,2%) облыстарының тұрғындары. Қазақ тілін тиісті деңгейде меңгермегендердің үлесі Солтүстік Қазақстан (8,2%), Қостанай (9,0%), Қарағанды (6,5%) облысының тұрғындарына тиесілі болды. Бұл аталған өңірлерде тіл саясатын жандандыру қажеттігін білдіреді», - делінген тұжырымдама жобасында.
Тұжырымдама жобасы 25 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болмақ.

Loading...