Мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесі - 92%. Мұндай деректер Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасында жазылған, деп хабарлайды taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегінше, былтыр мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тілді контенттердің үлесі 83%-ға жеткен. Өткен жылғы мониторинг нәтижесіне сай, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен ұлттық компаниялардағы құжаттардың 96,5%-ы мемлекеттік тілде жүргізілген.
«Ресми мәліметтер бойынша түркітілдес халықтардың ішінде өзбектердің 72%-і, ұйғырлардың 71,7%-і, қырғыздардың 58,5%-і қазақ тілін сөйлеу тілі деңгейінде, ал 12%-і қазақша оқып, жаза алатын жоғары деңгейде меңгергені анықталды. Славян диаспорасы ішінде орыстардың 25,1%-і, украиндардың 23,7%-і, белорустардың 22,8%-і, поляктардың 22,1%-і, сондай-ақ, неміс диаспорасының 25,2%-і ауызекі қазақ тілін түсінеді. Аталған диаспоралар ішінде қазақша оқып, жаза білетіндер үлесі – 2,9%-ті құрайды», - делінген тұжырымдамада.Былтыр жүргізілген әлеуметтік және талдамалық зерттеу қорытындысына сәйкес, Қазақстандағы өзге этнос өкілдерінің 0,4%-ы қазақ тілін өзінің ана тілі ретінде санайды. Жоғарыда келтірілген мәліметтерге сәйкес, еліміздегі қоғамдық қарым-қатынас негізінен орыс тілінде жүргізіледі. Орталық және атқарушы мемлекеттік органдардың құжаттары орыс тілінде әзірленеді кейін қазақ тіліне аударылады. Яғни, мемлекеттік тіл өзінің мәртебесіне сәйкес негізгі тілдің функцияларын орындамай, тек аударма тілі ретінде қолданылады. Елдегі заң шығарудың негізгі тілі де - орыс тілі. Атап айтқанда, ҚР Парламентінің VI және VII шақырылымында қабылданған 601 заңның тұпнұсқасы орыс тілінде әзірленіп, қазақ тіліне аударылған. Сондай-ақ, сот ісін жүргізуде орыс тілі басым тіл ретінде қолданылады. Іскерлік ортада, халықаралық қатынастарда, қызмет көрсету салаларында және қоғамдық ортадағы қарым-қатынаста орыс тілінің үлесі басым. Еліміздегі сарапшылардың 61,7%-ы орыс тілін жетік меңгерген. Интернеттен ақпарат іздеу кезінде халықтың 65,7%-ы орыс тілін пайдаланады.
«Қазіргі таңда халықтың мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші бойынша өңірлер арасында бірыңғайлылық жоқ. Бұл тиісті өңірдің географиялық орналасу ерекшелігі мен тұрғындардың этникалық құрамына байланысты. Мысалы, зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қазақ тілін меңгерген респонденттердің көбі – Атырау (78,8%), Маңғыстау (76,1%), Жамбыл (74,1%), Қызылорда (73,2%) облыстарының тұрғындары. Қазақ тілін тиісті деңгейде меңгермегендердің үлесі Солтүстік Қазақстан (8,2%), Қостанай (9,0%), Қарағанды (6,5%) облысының тұрғындарына тиесілі болды. Бұл аталған өңірлерде тіл саясатын жандандыру қажеттігін білдіреді», - деп жазылған.Тұжырымдама жобасы 25 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады. Бұған дейін Президент төрағалығымен өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің жеткіліксіз деңгейде дамып келе жатқанын мәлімдеп, оны латын әліпбиіне көшіру аясындағы проблемаларға тоқталған болатын. Аталған тұжырымдаманы әзірлеу барысында Мемлекет басшысының тарапынан айтылған барлық сын-ескертпелер ескерілген. Құжат жобасын әзірлеу кезінде тіл саясаты мәселелері бойынша кешенді әлеуметтанушылық және талдамалық зерттеулердің қорытындылары зерделеніп, қабылданған. Тұжырымдаманы іске асыру елдегі тілдік ахуалдың әлеуетін арттыруға және оның қоғамдық-саяси және әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесін арттыруға, өңірлік деңгейде өзекті мәселелерді шешуге, оның ішінде тілдік кемсітушіліктің алдын алу жөніндегі шараларды жүзеге асыруға ықпал етпек. Тұжырымдаманың іс-қимыл жоспарында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда қаралған және келісілген іс-шаралар көзделген. Құжат жобасында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі де жан-жақты қарастырылған. Әліпбидің бастапқы нұсқаларын әзірлеу кезінде туындаған мәселелер және оларды шешудің жолдары талданады. Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілмек. Құжатты талқылау қорытындысы бойынша халықтың пікірін ескере отырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.