Бірер жылдан кейін Қазақстанда атом бомбасы пайда болады – журналист

Бірер жылдан кейін Қазақстанда атом бомбасы пайда болады – журналист

ашық дереккөзі

Айбар Олжай Маңғыстауда орын алып жатқан жағдайға қатысты Фейсбук парақшасында пікір білдірді, деп жазады Taulik.kz. Желі белсендісі соңғы 10 жылда Маңғыстау облысындағы халық саны 77 пайызға артқанын, сондай-ақ облыста ішкі демографиялық өрлеудің бар екенін, 2000 жылдан бері көршілес елден миграция процесі белсенді жүріп келетінін айтады. Автордың сөзінше, дәл осы кезден бастап облысқа республикалық бюджет субвенциясы айтарлықтай өспеген.

«Маңғыстау – орталық бюджеттен ең аз ақша алатын 3 облыстың бірі (Ұлытау, Павлодар, Маңғыстау). Биыл оған 121,9 миллиард теңге бөлінген. Әрекетсіздік – бүкіл Қазақстанды қақ айыратын жарылысқа алып келеді. Сондықтан осы жүйелі проблеманы қазір шешу – ең күттірмейтін тапсырма. Республикалық бюджет халық санына қарап бөлінеді деген принциппен алып қарасақ, Маңғыстауға қатысты әділетсіздікті байқаймыз», – дейді ол.
«Маңғыстауда мұнай бар, өздері «разберутся»
«2023 жылдың наурызында Қазақстан халқының саны 19,7 миллион адам болды. Оның ішінде Маңғыстауда 766,9 мың адам тұрған. Бұл ретте, осынша халқы бар Маңғыстауға 121,9 миллиард теңге бөлінсе, одан халқы аз Шығыс Қазақстан облысына (730 мың тұрғын) 233,3 миллиард теңге, Солтүстік Қазақстан облысына (534 мың тұрғын) 306,2 миллиард теңге, Жетісу облысына (698,6 мың тұрғын) 338,8 миллиард теңге бөлінген», – дейді автор.
Айбар Олжайдың айтуынша, Маңғыстаудағы мұнай – болашақта орын алатын мәселенің ошағы.
«Өзен, Қарамандыбас, Қаражанбас кеніштеріне кем дегенде 50 жыл уақыт болды. Олар өздерінде бар қордың шамамен 70 пайызын сарқыған және жыл сайын олардан мұнай шығару қиындай түспек. Бұл ретте, өңірде жаңа геологиялық барлау жұмыстары бойынша белсенділік байқалмайды. 2021 жылы жарнамасы жер жарған, жаңадан ашылған Тепкедегі кеніш проблеманы шешпейді. Себебі одан алынатын мұнай қоры 10-15 миллион тоннаның шамасында. Бұл тым аз», – дейді Айбар Олжай.
Мәселенің басын аша келе, желі белсендісі өңір мәселесін шешудің системалық жолдарын ұсынды: – Республикалық бюджеттегі Маңғыстау үлесін арттыру; – Жаңа мұнай кеніштерін іздеу, «Каспийшельф» сияқты геологиялық фирмаларды қайта жаңғырту; – Шетелдегі тендерлерге қатысатын отандық компания құру; – Мұнайдан басқа кластер ашу (тігін, теплицалар, машина құрастыру, т.б); – Солтүстіктегі шекаралас аймақтардан тегін жер учаскелерін тарату. Жазба авторының айтуынша, Жаңаөзенде орын алатын жағдайларды тек әкім ғана емес, Республикалық, Үкімет деңгейінде қамтылу керектігін айтады. Өңірде орын алатын мәселелерді шешуге әкімнің күші жетпейді.
«Наразылық білдірген топтың талабы орындалып, штат мәселесі, тендер жүйесі оңды шешілері анық. «Өзенмұнайгаз» қиналса да, «Қазмұнайгаз» тобы бойынша оған 2-3 жылға жететін резервтер бар», – дейді ол.

Loading...