Алимент төлеуден қашып жүргендердің саны азаяр емес

Алимент төлеуден қашып жүргендердің саны азаяр емес

ашық дереккөзі

Бас Прокуратураның есебіне сенсек, Қазақстанда 3 миллионнан астам борышкер алимент төлемей жүр. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Жалғызбасты аналар төленетін алимент мөлшері тіпті аз екенін айтады. Ал алимент ақысы жайлы сот шешімі шыққанымен, оны орындау да үлкен мәселе болып отыр.  Өткен жылғы ресми дерек бойынша, алимент төлеуден жалтарып жүрген  3 миллионнан астам борышкердің қарызы қазіргі уақытта 14 млрд теңгеге жеткен. Мәселен, астаналық Арай есімді жалғызбасты ана 2009 жылы жұбайымен ажырасып, 4 баласымен жалғыз қалғанын. Содан бері ол балаларына алимент ақысын алмаған екен.

“Біз  ажырасқанан кейін ол маған да, балаларға да ешқашан жәрдем берген емес. Өз басын ойлап, қашып жүрді. Өзінің жұмыс орнын жасырды. Ресми жалақысын да құпия ұстады. Алимент өндіру үшін сотқа құжат қалдырғанмын. Бірақ арызым қараусыз қалды”, – деді Арай.
Жоғарыдағы Бас Прокуратура есебін ескерсек, Арай секілді жәрдемақы ала алмай жүрген бірнеше миллион жалғызбасты бары айқындалады. Десе де, алиментті тек әке төлемейді. Кейде балаларды асырау құқығы сот шешімімен әкеге де беріліп жатады. Бірақ ондай кейстер сирек кездеседі. Сот орындаушы Ержан Мұқажанов мұндай жағдайда борышкер алиментті төлемеген өткен айлар мен жылдардың қарызын қайтарып алуға болатынын айтады. Оның сөзінше, егер арыз беруші тарап бұған дейін сотқа жүгінген болса, бірақ оның арызы қараусыз қалдырылған жағдайда алимент қарызы есептеліп, өндіріледі. Ал, алимент төлеуден жалтарып жүргендерге мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
“Борышкер алимент төлмеген жағдайда шоттары мен мүліктері бұғатталады. Шетелге шығу құқығынан айырылады. Көлік басқару құқығы шектеледі. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес, сот 600 сағатқа қоғамдық жұмысқа немесе екі жылға бас бостандығынан айыруға жаза тағайындауы мүмкін. Яғни, біз бұл ретте алдымен борышкерге айыппұл төлетіп, ескерту жасаймыз. Бұдан нәтиже шықпаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Біз құқық қорғау органдарына хат жолдаймыз. Қылмыстық жаза үш ай алимент төлемеген жағдайда қолданылады”, – дейді Мұқажанов.
KAZGUU Newsroom тілшісіне пікір білдірген Айбек (кейіпкер есімі өзгертілген) есімді азамат өзінің ажырасқанын, бірақ қазір жұмыссыз болғандықтан алимент төлей алмайтынын айтады.
“Алимент төлеуден бас тарту себебім, қазір ешқайда жұмыс істемеймін, денсаулығыма байланысты қазір өз ата-анамның үйінде тұрып жатырмын. Денсаулығымды жақсартқаннан кейін міндетті түрде балаларыма тиесілі қаражаттарын тауып беремін”, –  дейді ол.
Мұндай жағдайда алимен төлеу келісімін қайта қарастыру мүмкіндігі бар. Ол үшін екі алимент төлеуші өзінің төлем жасауға қабілетсіз екендігін сотқа арыз жазу арқылы түсіндіруге тиіс. Әкесі немесе анасы алимент төлеуден жалтарғанда немесе төлей алмайтынын дәйектеп, сотқа жүгінгенде, бар ауыртпашылық екінші тарапқа түсетіні анық. Мысалы, астаналық тағы бір жалғысбасты ана екі баласын асырау үшін үш түрлі жұмыста істеп жүргенін айтады.
“Балалары аш-жалаңаш жүргенде, ішер асқа, киер киімге жарымай жүргенде, әкесі титтей мейірімі болса, іздеп келмес пе еді. Танитын адамдардан сұрастырсам, қазір жұмыс істемейді екен. Анасының зейнетақысына күн көреді. Кісілігіне көзім жетпей тұрып, дүниеге сәби әкелгеніме налимын”, – дейді ол KAZGUU Newsroom тілшісіне.
Ал атқарушы билік осы жылдан бастап жалғызбасты аналарға арналған тұрғын үй мәселесінің балама шешімдерін ұсынбақ. Ол үшін жалғызбасты ана тұрғын үйге мұқтаж ретінде онлайн тіркеліп, растайтын құжат алуы керек. Тұрғын үйге кезекке қою қызметін eGov.kz үкімет порталы арқылы алуға болады. KAZGUU Newsroom елімізде қанша жалғызбасты ана барын білу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласты. Мемлекеттік мекеме Қазақстанда “жалғызбасты ата-ана» деген статустың жоқтығына байланысты нақты статистика бере алмады және нақты көрсетілетін қосымша көмек түрлерін де айтпады. “Қазақстан отбасылары – 2022” ұлттық баяндамасы 2019 жылғы халық санағы деректеріне сүйеніп, Қазақстанда 520 986-ға жуық жалғызбасты ата-ана үй шаруашылықтары бар екенін жазады. Оның ішінде жалғызбасты аналардан тұратын 452 730 отбасы және тек балалары бар әкелерден тұратын 68 256 отбасы бар екен.

Ақерке Азатқызы

Loading...