«Педагогтардың біліктілігін арттыратын тесттің сұрақтары расында күрделі» – Батыр Әлиев

«Педагогтардың біліктілігін арттыратын тесттің сұрақтары расында күрделі» – Батыр Әлиев

ашық дереккөзі

Астана қаласындағы білім саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев педагогтардың біліктілігін арттыратын тесттің сұрақтарының күрделі екенін айтып, астаналық педагогтардың ең өзекті деген мәселелеріне тоқталды, деп жазады taulik.kz massaget.kz-ке сілтеме жасап. "Қазір біз 2020 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында жұмыс істеудеміз. Мен осы заң жобасын жасаған жұмыс тобында болдым. Ол заң педагогтерге жақсы пайдасын тигізуде. Жалақылары жыл сайын 25 пайызға өсіп тұрды. Ал келер жылы жалақылары қалай болатынын айта алмаймын. Бізде дегенмен инфляция деген бар. Бір жағынан жалақыны көтермеу мүмкін еместей. Санатына байланысты үстемақы алатындар бар. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бірақ проблемалар аз емес. Соның бірін айтар болсақ, осы шақырылымдағы Мәжілістің бірінші сессиясында Президент те атап өткендей, мұғалімдерді аттестаттаудың талаптарын жеңілдету керек. Әңгіме мұғалімдер санатын арттыратын кезде тапсыратын аттестация жайында болып тұр. Бұл осы уақытқа дейінді түйінді күйінде еді, мемлекет басшысы көтергеніне қуандым. Себебі аттестациялық комиссияда өзім бармын. Өзім куәмін. Мысалы, сұрақтар күрделі. Оған қоса, портфолио дайындау керек. Бізде портфолионы тек мұғалімдер жинайды. Дәрігерлер біліктілігін арттыратын болса, портфолио жинамайды. Мемлекеттік қызметкерлер де солай, тек тест тапсырады. Сонымен қатар мұғалімдер аттестацияның бірінші кезеңінде түрлі курстардан өткенін растап, оқушының, өзінің жетістіктерін түгендеуі тиіс. Балабақша тәрбиешілерінің конкурсқа қатысу мүмкіндіктері шектеулі.  Өйткені конкурстардың саны шектеулі. Мысалы, Астанада 100-ге жуық мемлекеттік балабақша бар. Ал тәрбиешілерге бір қолдың саусағымен санарлық конкурс бар. Оларда бас жүлдені қоса есептегенде 4 орын ғана есепке алынады. Сонда конкурстардан бас-аяғы 20-ақ орын алуға болады. Ал тәрбиешілер өте көп. Қосымша білім беру мекемелерінің оқытушыларына да талап жоғары. Ондағы мұғалімдердің әрқайсысы әртүрлі аспапты меңгерген. Алайда тесттегі сұрақтары бірдей. Мектепте аттестация кезінде математика пәнінің мұғалімі мен физика пәні мұғалімінің сұрақтары әртүрлі болады ғой. Бірақ баянға үйрететін педагог пен домбыраға үйрететін педагогтың сұрақтары бірдей. Мен ол сұрақтарға көз жүгіртіп көрдім, шынында күрделі. Мұғалімдердің жалақысына тоқталсақ, ауылдық аймақтардағы ұстаздар қаладағы педагогтерден 25 пайызға көбірек жалақы алады. Қалада пәтерақыдан бастап, азық-түлік және басқа да қажеттіліктер ауылға қарағанда қымбатырақ. Бұрын коэффицент деген болған. Қазір ол да жоқ",- деді Батыр Әлиев.

Loading...