Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
2 мамыр, 2023 / taulik / Жаңалықтар

 «Ауа, мұнай, денсаулық»: Атыраулықтар неге мұқтаж?

 «Ауа, мұнай, денсаулық»: Атыраулықтар неге мұқтаж?

 «Ауа, мұнай, денсаулық»: Атыраулықтар неге мұқтаж?
ашық дереккөзі
Кейінгі кезде елімізде ауаның ластануы өте өзекті мәселе болып отыр. Түтінге тұншыққан қала жергілікті халықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп, бұл жағдай әлеуметтік шиеленіске айнала бастады. Өзекті экологиялық мәселенің ошағы ретінде мұнай донары саналатын Атырау қаласы көш бастап келеді. Бұл мәселе неліктен дәл осы Атырау қаласында болып жатыр? Жергілікті билік неге үнсіз? Taulik.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді. Өңірдегі экологияға айтарлықтай салмақ салып отырған мұнай компанияларының қызметі екені белгілі, Атырау қаласындағы жағдайды да мұнай өңдеу зауыттарының қалада орналасуы қиындатып отыр. Қазіргі таңда Атырау облысында жиынтық шығарылымы бірнеше тонналарды құрайтын 142 бірінші санаттағы кәсіпорындар бар. Атырау облысының экологиялық департаментінің хабарлауынша, Атырау қаласындағы ластанудың негізгі көздері – мұнай өңдеу және тасымалдау обьектілері, атап айтқанда: Атырау мұнай өңдеу зауыты – 18410,2763814 т. Теңізшевройл – 105953,53143 т. Атыраунефтемаш – 34,776587 т. Ембімұнайгаз – 2597,41677 т. Интергаз-Орталық Азия – 480,3229558408 т. NCOC – 47339,50237 т. құрайды. Ауадағы азот диоксиді мен көміртегі оксиді концентрациясының артуы автокөліктер мен ЖЭС шығындыларының әсерін көрсетеді. Ал ауадағы күкіртсутегінің артуы тікелей мұнайға қатысты. Жоғарыда аталған обьектілер мен «шіріген сәуле» өндірістік төгінділерінің тоған-жинақтағышы ауадағы күкіртсутек концентрациясының артуына ықпал еткен. Мысалы: «Шағала» стансасында 9 сәуірде күкіртті сутегінің мөлшері бір текше метрге 22,6 мкг болып тіркелген. Бұл – рұқсат етілген шекті нормадан 20 есе көп. Күкірт мөлшерінің артуынан қаланы қалың түтін басқан. Бұл апатты жергілікті шенеуніктер қала іргесіндегі табиғи саябақта өртеніп жатқан қамыспен байланыстырған. Бірақ тұрғындар ауаның улануының басты себебі – кәсіпорындар деп есептеп, бұл мәселеге «мезгілдік мәселе емес, нағыз апат» деп баға берді. «АМӨЗ бізді улама» – митингтегі атыраулық тұрғындар Бірнеше апта бұрын «Мұнайшы» стадионының алдында қаладағы экологиялық проблемаларға назар аударту мақсатында рұқсат етілген митинг өткен болатын. Митингіге қатысқандардың басым бөлігі жастар мен қарт адамдар болды. Қолдарында «Өкпеге дем жетпейді», «АМӨЗ бізді улама», «Атырау демал», «Пайдадан экология қымбат» сынды жазуы бар плакаттар болған. Бейбіт шеруге желідегі жұрт әртүрлі пікір білдірді. Бірі «бұл митинг ештеңе өзгерте алмайды, жоспар бойынша ұйымдастырылған» десе, енді бірі «Тәуелсіз экологтар мен сарапшылар шақырылса, қазіргі экологиялық жағдайға объективті баға берілер еді», «Атырау халқына экология үшін өтемақы төленсін, қысы-жазы уланып отырмыз, аллергияға дәрі сатып алайық»  деп митингіге қатысты пікірлерін айтты. Министр не дейді? Ал ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сулейменова өңірдегі кәсіпорындар экологиялық көрсеткіштерін жақсарту мәселесін бақылауға алып, барлық бұзушылықтарды дереу жоюы қажет екендігін парақшасында айтты.
«3 сәуірде Атырау облысында бірнеше штаттан тыс оқиға, соның ішінде «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы қамыстың өртенуі, Атырау мұнай өңдеу зауытының түтіндеуі мен «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС-да факелде газ жағу орын алды. Қазіргі уақытта екі кәсіпорынға қатысты тексеруді прокуратураға тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі факті бойынша мән-жай анықталады. Бір айта кететін жайт, кәсіпорындардың, әсіресе Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) экологиялық көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзу және факелде газды жандыру систематикалық түрде тіркелуде. Өткен жылы тиісті экологиялық заңнаманы систематикалық бұзғаны үшін АМӨЗ-дің экологиялық рұқсатын тоқтата тұру туралы Атырау облыстық экология департаменті материалдарды сотқа жолдаған болатын. Алайда биыл да экологиялық көрсеткіштер сапасының жақсармағанын көріп отырмыз. Осыған байланысты кәсіпорындар экологиялық көрсеткіштерін жақсарту мәселесін бақылауға алып, барлық бұзушылықтарды дереу жоюы қажет. Осы мәселе бойынша министрлік АМӨЗ бен KPI-нің бас компаниясы – ҚазМұнайГазға (KPI бойынша Самұрық Қазына Өңдеуді қоса) хат жолдамақ», – деді министр.
Биылдан бастап экология министрлігіне табиғатты қорғау заңнамасын жүйелі түрде бұзатын кәсіпорындардың жұмысын сот арқылы тоқтату құқығы берілді. Экология министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиевтің айтуынша, АМӨЗ-ға бір айға тоқтатылған экологиялық рұқсат, төтенше жағдайдың туындау қаупін азайту мақсатында заңбұзушылыққа барғанын алға тартып, сот шешімі бойынша зауыт ары қарай жұмыс істеген. Егер алдағы уақытта заңбұзушылық негізінде зауыт жұмысы тоқтайтын болса қаншама жұмысшыларды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі де туындайтын болады. Сондықтан еңбек ресурстарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін әрі жергілікті халықтың денсаулығын алдын алу үшін тағы тиімді шешімдер қабылдануы қажет. Өзекті экологиялық мәселелер қайтсе шешіледі? ҚР экология қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова бұл өзекті мәселелер тек кадр саясатын ретке келтірумен шешіледі деп өзінің facebook парақшасында жазды.
«Бұл экологиялық мәселелер  тек өз саласының мамандары басқарғанда ғана тиімді шешіледі. Ал «неге экологиялық  мәселелер ушығып кетті?» деген сұрақтың жауабы Президент Тоқаевтың экология саласындағы абсурдтық тағайындаулары  мен ақылға қонымсыз кадрлық саясатында», - деп қосты ол.
Экономика мен жергілікті халыққа әсері қандай? Жоғарыда айтылғандай мәселенің экономика мен халықтың денсаулығына әсері өте жоғары деңгейде деп айта аламыз. 2022 жылғы статистикалық деректер бойынша қаңтар-желтоқсан айлары аралығында республикада респираторлық аурулардан жалпы 13,1 мың адам қайтыс болған, оның ішінде Атырау облысында тыныс ағзаларының ауруларынан 525 адам қайтыс болғаны тіркелген. Соңғы екі жылда аймақта тыныс алу органдары аурулары 0,3 есеге артқан. Ал ауаның ластануы экономикаға бірнеше жолмен әсер етеді: ең алдымен, адам өліміне әкеледі, адамдардың еңбекке қабілеттілігін төмендетеді, азық-түлік сияқты өмірлік маңызды өнімдерге әсер етеді, мәдени және тарихи ескерткіштерге зиян келтіреді, экожүйелердің қоғамға қажетті функцияларды орындау қабілетін төмендетеді және қалпына келтіру құнын талап етеді.