Түрік кәсіпкері зауыт салу үшін Атырау әкімінен жер телімін сұрады

Түрік кәсіпкері зауыт салу үшін Атырау әкімінен жер телімін сұрады

ашық дереккөзі

Түрік кәсіпкері зауыт салу үшін Атырау облысы әкімінен жер телімін сұрады, деп хабарлайды Taulik.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, Атырау – өндіріске, логистика саласына қолайлы, инвестициялық жобаларға үлкен мүмкіндік ашатын аймақ. Мәселен, биылғы үш айда Түркия Республикасымен сыртқы сауда айналымы 528,5 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт 519,6 млн АҚШ доллар, ал, импорт 8,9 млн АҚШ долларына жеткен. Ал, «Er-Bakir» компаниясының директоры Маджит Ташкынның айтуынша, Атырау облысында мыстан электритті сым өндіру жобасын іске асыруға қолайлы аймақ ретінде қарастырылып отыр.

«Біз соңғы үш айда Қазақстанның Түркиядағы елшілігі арқылы қазақ елінің экономикасына инвестиция салу туралы шешім қабылдадық. Соңғы алты жылда АҚШ экономикасына инвестиция салған едік. Сондықтан шетелде тәжірибеміз жеткілікті. Біз Жезқазғаннан жылына 20 мың тонна мыс экспорттаймыз. Алайда, бұл тиімсіз болған соң, логистикасы қолайлы аймақтарды іздеп жүрміз. Атырау облысын бұл жағынан тиімді аймақ ретінде қарастырып отырмыз. Бұл орайда бізге инфрақұрылым толық жүргізілген үш гектар жер бөлуді, оны теміржол бойына жақын маңнан беруіңізді сұраймын», - деді Маджит Ташкын.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде инвестицияға қолайлы орта қалыптасып отыр. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік бар.
«Сіздер таңдаған аймақ екі жаққа да қолайлы болуы керек. Ресей, Әзербайжан, Түркияға мыс тасымалдауда біздің өңірдің көлік логистикасы сай келеді. Соған ыңғайлы деген аймақтарды белгілеп береміз. Электр жарығы үздіксіз болуы үшін генератор қоюға да болады. Жер мен газ мәселесін шешіп береміз. Зауыт салу үшін үш гектар жер бөлінсе, оның жанынан тұтынушылар үшін қосымша үш гектар орынды қарастыру керек. Біз бұл жобаны қолдаймыз»,- деді Серік Шәпкенов.
Еске сала кетелік, бұған дейінАтырау облысы мен Ресей арасындағы сауда айналымы 30 млн АҚШ долларына жуықтағанын жазған едік.

Loading...