«Оқу жылын 3 тоқсанға қысқарту керек» – Аятжан Ахметжанұлы

«Оқу жылын 3 тоқсанға қысқарту керек» – Аятжан Ахметжанұлы

ашық дереккөзі

Республикалық «ҚАЗБІЛІМ» орталығының директоры, phD химик Аятжан Ахметжанұлы жаңа министрліктің шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды Taulik.kz. Білім жанашыры Аятжан Ахметжанұлы еліміздегі білім сапасы мен оқушылардың халықаралық бәсекеге қабілеттілігіне алаңдаулы. Неге? Себебі шешімдер көптің ыңғайына қарай қабылдануда. Популистік шешім десе де болады.

“Баяғыда мектеп 6 күндік оқудан 5 күндік оқуға көшті. Бір жылда 34 оқу күні қысқарды. Бірақ балалардың білім алуға тиісті 34 күні қайда кетті деп ешкім шулаған жоқ. Балалар жылына 181-182 күн сабағын 147-148 күн оқитын күн болды. Бірақ, балаға түсетін салмақты қалай шешуді ешкім де ойлаған жоқ. Министрлік 3-4 жылдан кейін қателік кеткенін түсінді, образды түрде айтқанда 182 күннің тамағын 148 күнде жесе денсаулыққа зиян екенін сезінді. Сезінді де, 10 күн болса да салмақ азайтайық деп екі аптаға оқу жылын ұзартты. Ал, шула, шулай түс болды. Заңгер балалардың каникулын ұрлады сотқа берем деді. Бірақ, оған әлем балалары қалай оқитыны, кәсіби эксперттер пікірі бес тиын еді. Үш ауысымды мектепте, апаттық мектепте оқитын балалар туралы сотқа берем деген заңгер болмап еді...
- Әлемде ең ұзақ оқитын ел 43 апта 215 күн оқиды. Әлемде орташа оқу көрсеткіші 182 күн. Яғни 365 күннің жартысы оқиды. Біз 147 күн, иә, 365 күннің ішінде небәрі 147 күн оқимыз. - әлемдік қауымдастықта білімі сапалы елдің бәрі 12 жыл оқиды, біз 11 жыл оқимыз. - әлемде білімі дұрыс елдің бәрінің баласы бір аусымды мектепте күні бойы оқиды. Біз 2-3 ауысымды мектепке жарты күнге жетер жетпес оқимыз.
Ал, енді сапа туралы, біздің балалардың халықаралық бәсекеге қабілеттілігі туралы қалай айтамыз?”- деді ол ашына.
Ахметжанұлының айтуынша, білім, ғылым дамымай, ел мүлде дамымайды. Сондықтан білім сапасын ойлайтын кез келді.
”Есітуге қарағанда жаңа министрлік оқу аптасын 36 дан қайтадан 34 ке түсіру туралы шешім қабылдапты. Әдемі популистік шешім. Көпке жағады, ал, кәсіби зерттеулер дым қызық емес. Жаңа министрліктің сыйқы осы, дұрыс шешімдерді популистік мүддеге пайдаланып өзгерте салады. Кейде көпке ұнамайтын, бірақ, дұрыс шешімдер қабылдауға тура келетін кездер болады. Себебі, ғылым көптің ыңғайына емес, зерттеуге сүйену керек. Білім ғылымы озған елдер туралы айтсаң, әуелі дамып алайық сосын оқимыз дейтінін қайтейік. Еу, айналайын, бәрі даму үшін қадамдар ғой. Ғылым білім дамымай, одан қашып ел болмаймыз!”-деп қорытындылады ол.

Loading...