Мәзір
25 тамыз, 2023 / taulik / Жаңалықтар

«Бар ниетім адамдарға кітап оқыту» – Әділбек Исламбек

«Бар ниетім адамдарға кітап оқыту» – Әділбек Исламбек

«Бар ниетім адамдарға кітап оқыту» – Әділбек Исламбек «Бар ниетім адамдарға кітап оқыту» – Әділбек Исламбек
ашық дереккөзі

Мынау ақпарат заманында кітап оқитын жастардың қатары сиреп, телефонға телмірген жастардың саны артып барады. Бұл айтқанымызға қоғамның өзі дәлел бола алатындай деңгейде. Бір қуантарлығы, кітап оқуды насихаттап, оның әдебі мен мәдениетін креативті ойлармен қазақ жастарына насихаттап, ой салып жүрген азаматтар бүгінде жаңа қазақы жобаның басық-асында жүр. Солардың бірегейі, бүгінгі кейіпкеріміз «Кітап жарысы» жобасының негізін қалаушы Әділбек Исламбек Ерболұлы. Ол бүгінге дейін 4 жылдан бері кітап оқу сайысын өткізіп келеді. Ендеше жоба жайлы идея авторымен сұхбаттасып көрейік.

Өзіңіз таныстыра кетсеңіз. Жоба қашан құрылды, құруға кім әсер етті? Мақсаты мен идеологиясы қандай?

Аты-жөнім Исламбек Әділбек, «Оқырман әліпбиі және Жақұт» кітаптарының, сондай-ақ «Кітап жарысы» жобасының авторымын. Кітаптарым кітап оқу жөнінде және онда қазақ жазушыларының ең үздік әңгімелері жинақталған. Рухани жұмыспен айналысамын, атап айтсам 4 жылдан бері кітап оқу жарысын түрлі форматта, оқырманға қызықты етіп өткізіп келемін. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінің мұрағаттану мамандығын тәмәмдадым. Жобаның мақсаты – қазақ оқырмандарына кітап оқудың әдебі мен мәдениетіне, сондай-ақ оларға жаңа шығармаларды таныстыру. Жоба құру туралы идея өзімнің 6-7 жыл бұрынғы қатысқан «Ел оқырманы» атты жарыстан 3 жыл қатарынан алған жеңісімнен туды. Өзімнің алғаш қатысқан жобам туралы көп ойланып, санаммен түйсініп, бұл жобаның форматын онлайн негізге келтіріп, сәл өзгертіп құрған болатынмын.

Сайыс ережелері мен ұйымдастырушы мамандар жайлы айта кетсеңіз?

Иә әрине, сайыс ережесіне тоқталмастан бұрын команданың мүшелерімен таныстыра кетейін. Командада 11 негізгі қызметкер, 6 штаттан тыс адам жұмыс істейді. Біз алдымен қысқа 30 бетке жетпейтін әрі адамға эмоция сыйлай алатын, қоғамдық мәселелермен тұспа-тұс келетін, ұлттық құндылықтарға үндейтін, үздік деп танылған жазушылардың шығармаларын таңдап аламыз. Жер сілкінісі, тіл мәселесі, тәуелсіздік тақырыптары қоғамда көтеріліп жатқанда оқырманның есінде қалуы үшін соған сай тақырыптарды таңдаймыз.

Бұл жобаны кәсіп ретінде бастағыңыз келді ме?

Басында мен оқырмандарға пайдалы ақпараттар мен кітаптарды, кітап оқу жөнінде лайфхактар ұсынып жүрдім. Уақыт өте келе мені қарайтын оқырман санының ұлғайғанын байқадым. Солай өзімнің алғашқы кітабымды жаздым. Артынша Рамазан айы басталғанда сайысқа жүлде тігіп өткізіп көрдім. Сайысқа қатысқан адамдар саны көп болғандықтан артынша сайысқа деген сұраныс та арта бастады. Тағы өткізуімді өтінгендер мен кітап оқуға құштар жандардың бар екенін байқап, алғаш рет ақылы түрде, яғни әрбір адам 365 теңге төлеп қатысатын жарыс қылдық. Бұл жоба арқылы кәсіпкер боламын деген ойым, ниетім болмады, оқырманның сұрауы мен ұсынысының негізде бұл жоба бастау алды. Бүгінде жарысқа жеңімпаздарына соңғы үлгідегі смартфондар мен қомақты ақшалай жүлделер, шетелге жолдамалар ойнатылады.

Статистика жүргізесіздер ме? Қанша жас аралығындағы адамдар көп қатысады? Бүгінге дейін қатысушылардың ең көп саны қанша болды?

Сайысқа бүгінге дейін қатысқандардан ең көбі 14 780 адам болды. Көбінесе 18-24 жас аралығындағы адамдар көп қатысады, олардың 90%-ы әйел адамдар. Сәйкесінше сайыстың жеңімпаздарының 99%-ы қыз бала.

Жастарды кітапқа баулитын жоба ретінде мемлекеттен қолдау болды ма? Жоба әу басында оқырманның сұрауымен басталғаннан соң өз-өзін қаржыландыратын деңгейге жетті. Қазіргі таңда да Аллаға шүкір ешқандай демеуші қажет емес. Керісінше біз сайыс арқылы түскен қаржының белгілі бір бөлігін әртүрлі мақсаттарға жұмсап отырмыз. Атап айтсам, «Ауыл мектептеріне кітап» жобасын ұйымдастырып, Республикалық «Балдаурен» балаларды сауықтыру лагерінде сайысты тегін өткізіп, сондай-ақ мектептерге тегін кітап таратып, Алматы қаласында жүлде қоры 300 000 теңге болатын оффлайн жарыс өткіздік. Сондай-ақ ЖОО-ның байқауларына демеуші болған кездер де болды.

Жобаны дамытып шетелдік нарыққа басқа форматта шығу жайлы көзқарасыңыз қалай?

Өз басым айтыс өнерін жақсы көремін, күнделікті жоқ дегенде 2 рет тыңдауға тырысамын. Ақтөбелік ақын Қайнар Алагөзовтің «Өзіме сойған соғымнан, өз жақындарым ет жейді» деген керемет сөзі бар. Менің ұстанымым да тура солай. Бұл жоба қазақ тілін дамытуға, қазақ жазушыларын шығаруға, қазақ оқырмандарын сауаттандыруға арналғандықтан, тек Қазақстанның нарығына жұмыс жасаймыз.

 

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Апта талқысында: