EdTech нарығы пандемиядан кейін өсуін жалғастыра ма?

EdTech нарығының пандемиядан кейінгі жағдайы қалай

ашық дереккөзден

       Соңғы жылдары білім беру саласында бұрын-соңды болмаған өзгерістер орын алды, бұл  білім беру технологияларының (EdTech) қарқынды дамуымен байланысты. Бұл ретте COVID-19 короновирус пандемиясы осы саланы өзіне назар аударуға мәжбүр еткен катализатор болды. Студенттер мен оқытушылар онлайн форматқа оқуға көшкендіктен, цифрлық білім беру шешімдеріне сұраныс күрт өсті. Әлемдік білім беру технологиялары нарығының көлемі 2022 жылы 123,40 миллиард АҚШ долларна жетті және 2023 жылдан 2030 жылға дейін жиынтық жылдық өсу қарқыны (CAGR) 12,9% болады деп күтілуде.

Білім беру технологиялары (EdTech) студенттерді виртуалды деңгейде оқыту үшін қолданылатын аппараттық және бағдарламалық технологияларды қамтиды. Бұл сыныптардағы оқуды жақсартып, оқушылардың өнімділігін арттыру үшін жасалады. EdTech инновациялары студенттерге оқу мен оқытуға технологияларды қолдана отырып, жан-жақты дамуға көмектеседі. Оқушылар көбіне әлемнің кез келген жерінен пайдалануға болатын электрондық платформаларды таңдайды.

 

 

EdTech дамуын анықтайтын факторлар

 

Пандемия. Коронавирус пандемиясы қашықтан және онлайн оқыту шешімдеріне шұғыл қажеттілік туғызды, ол бүкіл әлем бойынша оқытушылар мен студенттерді EdTech платформаларын пайдалануға итермеледі. Бұл ауысым цифрлық әзірлеулердің өсуін жылдамдатты.

Технологиялық үдеріс. EdTech компаниялары жасанды интеллект (AI), виртуалды (VR) және толықтырылған (AR) шынайылық сияқты жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалануды жалғастыруда, бұл қызықты және дербестендірілген оқу мүмкіндіктерін ұсынады. Білім беру шешімдері Интернет заттары сияқты жаңа технологиялардың жетістіктеріне сәйкес дамиды және нарықтың өсуіне айтарлықтай үлес қосады деп күтілуде. EdTech шешімдеріне AR-ды және VR-ды интеграциялау оқушыларға интерактивті тәжірибе ұсынады. Бұл абстрактілі тұжырымдамаларды зерттеуге және олармен кедергісіз өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді, бұл оқушылар мен студенттердің оқу процесіне қатысуына ықпал етеді.

Мемлекеттік инвестициялар. Бүкіл әлемдегі үкіметтер EdTech-тің маңыздылығын мойындайды және айтарлықтай ресурстарды цифрлық инфрақұрылымды, цифрлық мазмұнды дамытуға және онлайн оқытуды кеңейтуді қолдау үшін оқытушыларды даярлауға бағыттайды.

Жаһандық қамту. EdTech технологиялары компанияларға халықаралық деңгейге шығуға сеп болып, олардың мүмкіндіктер аясын кеңейтуде. Жаһандық перспектива жаңа нарықтар мен мүмкіндіктер ашады.

Корпоративтік оқу: EdTech дәстүрлі білім беру аясынан кең. Компаниялар үздіксіз оқыту және біліктілікті арттыру қажеттін түсінеді, бұл корпоративтік оқыту секторындағы инновациялық шешімдер санының өсуін ынталандырады.

 

EdTech саласындағы қызықты компаниялар

 

Duolingo, Inc. (DUOL) шет тілдерін оқыту саласында танымал. Ол өзінің қосымшасы арқылы тілдік ресурстарды қызықты әрі қолжетімді түрде меңгеруді қамтамасыз етеді. Оның индустриядағы басым жағдайы пайдаланушылардың кең деректерімен және жасанды интеллектіге негізделген дербестендірілген сабақтармен қамтамасыз етілген. Duolingo Max енгізу компанияның инновацияларға және оқуды жақсартуға деген ұмтылысын көрсетеді.

DUOL халықаралық нарықтарда белсенді түрде кеңеюде, бұл тілдерді онлайн оқытудағы бәсекелестіктің артуына қарамастан жазылушылар саны айтарлықтай өседі деп күтілуде. Жетекші орындарды сақтау үшін компания платформаны үнемі жаңартып отырады. GPT-4 негізіндегі Duolingo Max-тың соңғы нұсқасы жылдың соңына дейін қолжетімді болады.

 

Дереккөз: Finviz.com

 

Duolingo басшылығы әр өңірдегі абоненттер санының оң үрдістері мен өсуін атап өтеді, бұл компанияның халықаралық экспансия бойынша күш-жігерінің нәтижесі. Жақын болашақта халықаралық клиенттер қорын белсенді кеңейту жоспарлануда. DUOL үлкен нарықта айтарлықтай өсу әлеуетіне ие және әлемнің барлық дерлік елінде қолжетімді.

Компания бәсекелестердің арасында ерекшеленеді, бұл пайдаланушылардың пікірлерінен байқалып, дербестендірілген сабақтар алу мүмкіндігімен күшейтіледі. Географиялық қамтудың артуы жазылушылар саны одан әрі, әсіресе цифрлық білім беру құралдары баяу енгізілетін нарықтарда өседі деп күтіледі. Компанияның 200 доллар нысаналы бағасына жету үшін мүмкіндігі бар, бұл әлеуетті өсудің шамамен 18%-ына жетеді.

 

Coursera (COUR) – онлайн курстар арқылы қолжетімді білім мен танымал оқу орындарының дипломдарын алуға мүмкіндік беретін MOOCs-тегі әлемдік көшбасшы. Тұтынушы сегменті жаңа студенттер мен кірістердің жыл сайын 20,5%-ға ұлғаюымен орасан зор өсуін көрсетеді. Стратегиялық серіктестіктер мен кәсіби сертификаттар оның орнын нығайтады.

Дәстүрлі білім берудің қиындықтарымен бірге цифрлық құралдарды пайдалана отырып, оқытуға сұраныстың артуы Coursera үшін үлкен мүмкіндіктер жасайды деп күтілуде. Платформа машиналық оқыту және маркетингтік компоненттердің мүмкіндіктерімен үйлесетін орасан зор мәліметтер қорын ерекшелеуге мүмкіндік береді.

 

Дереккөз: Finviz.com

 

Coursera-ның 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы есептерін талдау тұтынушылар сегментіндегі күшті ұстаныммен қамтамасыз етілген ықтимал өсуді болжайды.

Соңғы он тоқсанда платформа 5 миллионнан астам жаңа студентті тартты және пайдаланушылардың жалпы саны 124 миллионға жетті. Екі таңбалы өсу дамудың әлеуетін растайтын негізгі елдерде байқалады.

Өсіп келе жатқан сандар мен стратегиялық серіктестіктер қолдау көрсеткен Coursera-ның ілгері жылжып жатқан онлайн білім беру нарығындағы күшті ұстанымы оның инвестициялық тартымдылығын растайды. Компания 30 доллар нысаналы бағасына қол жеткізе алады, бұл әлеуетті өсудің шамамен 58%-ына жетеді.

Болашақта білім беру индустриясы технологиялардың жетістіктері мен онлайн оқытуға көбірек көңіл бөлу арқылы дамуын жалғастырады деп күтілуде. Білім беру технологиялары мен онлайн оқыту платформалары саласында компаниялардың таралуымен инвесторлар осы салаларда мол мүмкіндіктерге сене алады. Мұндай жетістіктер оқытудың қолжетімділігін жақсартуға, оны дербестендіруге және білім беру ұсыныстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

 

Дереккөз: Marekt.us

 

Бұдан басқа, көрсетілетін кәсіптік оқыту қызметтерін берушілер саланы дамытуда маңызды рөл атқарады деп күтілуде. Еңбек нарығы дамыған сайын арнайы дағдылар мен практикалық оқытуға сұраныс артып келеді. Көрсетілетін кәсіптік оқыту қызметтеріне инвестиция салу тиімді болуы мүмкін, себебі бұл мекемелер белгілі бір салаларға қызмет етеді және білім берудің практикалық тәжірибесін ұсынады.

Білім беру секторы инновацияларды көбірек енгізуде әрі технологиялық жетістіктерге бейімделуде. Салымшылар EdTech, онлайн оқыту платформалары және ЖИ негізіндегі білім беру шешімдерінің одан әрі өсуін күте алады. Білім беру индустриясының болашағы технологиялық үдерістің жалғасуымен, оқыту парадигмаларының өзгеруімен және икемді әрі қол жетімді білім беру нұсқаларының қажеттілігімен анықталуы мүмкін. Сондай-ақ, білім беру саласындағы ЖИ мен технологиялардың интеграциясын күшейтуді, жеке оқытуға және өмір бойы білім алуға баса назар аударуды, сондай-ақ жылдам өзгеретін еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін кәсіби дағдыларды игеруді күту қажет.

 

 Тамерлан Абсалямов, Freedom Finance Global-дың талдаушысы

Loading...