Қазақ қоғамында еркінен тыс үйлену мақсатында қыз алып қашу заңмен қудаланса да, көп жағдайда қылмыс ретінде қаралмай жатады. Ал “қайтқан қыз” деген әлеуметтік таңба көп қыздың бақытсыз өміріне көнуіне түрткі болып та отыр.
Шымкент қаласының тұрғыны Арайлым Ізбаханова кәмелетке толған бойда тұрмысқа шығуды жоспарламағанын айтады. Десе де, оны 18 жасында еріксіз алып қашқан.
“Тұрмысқа шығу жоспарымда болған жоқ, тек оқуымды бітірсем екен деп жүрдім. Мені ұрлап кеткенін үйдегі ата-анам білген жоқ, басында жоғалып кетті деп ойлаған. Хабаршылар келгеннен соң да қарысылық танытқан. Тек үлкендердің ақылын тыңдай келе көнген”, – деді Ізбаханова Newsroom тілшісіне.
Арайлым басында көнбей кетіп қалғысы келіпті. Бірақ қоғамдағы “қайтқан қыз” деген таңба ата-анасына өте ауыр тиетінін ойлап, қаламаса да, сол үйге келін болып қалуды жөн көрген екен.
Қоғамда Арайлым секілді әлеуметтік таңба құрбаны болғысы келмеген қыздар көп. 25 жастағы Астана қаласы тұрғыны Аружан (аты-жөні өзгертілген) өзін үш жыл бұрын белгісіз біреу алып қашқанын айтады. Ол өзін ұрлаған жігітті бұрын соңды көрмеген екен.
“Мені 3 жыл бұрын үйлену мақсатында алып қашты. Үйіне әкелеген соң кетемін деп қаншама рет есікке ұмтылдым. Тек босағаға сол үйдің үлкен әжесі жатып, “мені аттасаң бақытсыз боласың” деп жолымды кескектегеннен кейін, аттап өтуге батылым жетпеді”, – деді Аружан.
Аружанның айтуынша, оның қазір бір баласы бар. Әйтсе де, ол некеге келіспей, кетіп қалмағанына әлі де өкінеді.
Әйел құқықтарын қорғайтын ұйымдардың есебінше, Қазақстанда жыл сайын бірнеше мың қызды үйлену мақсатында ұрлайды. Бірақ әрбір жағдай полиция шағыммен аяқталмайтындықтан, нақты қанша қыз ұрланатынын анықтау қиын.
Informburo.kz мәліметіне орай, 2019 жылы үйлену мақсатымен 210 қыз ұрлау фактісі тіркелген. Оның жартысы Түркістан облысында болыпты. Жергілікті прокурордың айтуынша, көп жағдайда қызды алып қашатын жастар мұның қылмыс екенін білмейді.
Ал наурыз айында жарияланған “қыз ұрлауға” қатысты зерттеу нәтижесіне орай, қазақстандықтардың 25 пайызыүйлену мақсатында қыз ұрлауда тұрған еш мәселе көрмейтінін, оны қылмыс ретінде санамайтынын білдірген. Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірінен 12 мың адам қатысқан.
Психолог Балғынбек Кішентайұлы бұл жағдайдың адам психологиясына тікелей әсер ететінін айтады.
“Eгер азаматша жаңадан мектеп бітірген, алдағы уақытта оқуға нақты мақсаты бар болса, онда тіпті өзінің сүйген жігіті алып қашса да, бұл оның психологиясына қатты соққы болып тиеді. Ол алдағы 5-10 жылға дейін өзінің ренішін арқалап жүретін болады, – дейді.
Психологиялық соққы кейін отбасының салауатты өміріне де әсер етпей қоймайды. Сондықтан ата-аналар арасында да қыздарын алып қашқанын құптамайтындар артқан. Солардың бірі Шымкент қаласы тұрғыны – Әбдіхалықова Нұрсұлу. Ол екі үлкен қызын ұзату тойын жасап, тұрмысқа берген. Кенжесін де салт-дәстүрге сай ұзатуды жоспарлап отыр. Бөтен адам алып қашса, некеге келісімін бермейтінін айтты.
“Көп жағдайда алып қашу құрбаны болған қыздар немесе олардың ата-аналары полицияға жүгінбейді. Керісінше, мейілінше аз адам білгенін қалайды”, – деді Нұрсұлу Newsroom тілшісіне.
Ішкі істер министрлігі көрсеткен деректер бойынша 2021-2022 жылдар аралығында адам ұрлығына (адам саудасы) қатысты 19 қылмыстық іс тіркелген. Алайда үйлену мақсатында қанша адам ұрланғаны жайында жеке көрсеткіш белірмеген.
Заңгер Нұрлан Нұрмұхамбетұлының айтуынша, адамды алып қашуға қатысты қылмыстық жауаптылық Қылмыстық кодекстің 125-бабында жазылған. Мұнда жәбірленуші кәмелетке толмаған болса, 12 жылға дейін, ал абайсызда оның қаза болуына немесе басқа да ауыр жағдайларға әкеп соғатын болса, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру белгіленеді.
“Қылмыстық процестік заңнама бойынша адамды ұрлау (оның ішіне алып қашу да кіреді) жария айыптау істеріне жатады, яғни жәбірленуші арызды қайтып алса да, іс әдетте қысқартылмауы мүмкін. Кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларының өкілі болғандықтан, істің қозғалуы және әрі қарай қарастырылуы көп жағдайда олардың еркіне байланысты болады”, – деді заңгер.
Сандуғаш Фазыл
KAZGUU Newsroom