Мәзір
25 сәуір, 2024 / taulik / Жаңалықтар

Каспийде итбалықтар неге жаппай қырылып жатыр?

Каспий итбалықтары қызыл кітапға енген.

Каспийде итбалықтар неге жаппай қырылып жатыр? Каспийде итбалықтар неге жаппай қырылып жатыр?

Биыл 29 наурызда Каспий теңізінің Маңғыстау облысындағы жағалауында 62 итбалықтың денесі табылды. Жергілікті атқарушы орган итбалықтар өлімінің себебін анықтау үшін сынамалар алды. Көп өтпей 31 наурызда 16 итбалық, 8 сәуірде тағы 25-і өлі табылды. Мамандар итбалықтардың денесінен физикалық зақым анықтамаған. Зерттеу әлі де жалғасып жатыр. Назарларыңызға MNU Newsroom редакциясының зерттеуін ұсынамыз. 

Оқиға орнына Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері барып, өлім себебін анықтауға тырысты. Мекеме мамандарының жазуынша, табылған өлекселерден ешқандай физикалық зақым байқалмаған.

Өңірдегі ветеринариялық станция қызметкерлері итбалықтардың ішкі ағзаларының тіндерін (бауыр, өкпе), ал Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының мамандары азу тістерін, тырнақтарын және жүнін ары қарай зерттеу мақсатында алғанын мәлімдеген.

Мамандар бірінші кезекте итбалықтардың жаппай өлімін табиғи не антропогендік негізі барын анықтамақ. Ғалымдар табиғи факторға қыс мезгіліндегі мұз бетінің жұқа болуын жатқызады. Себебі мұз жұқа болғанда жаңа дүниеге келген итбалықтар мұзды жарып шығып, аналарынан ажырап қалуы жиі кезігеді. 

Ал антропогендік факторға итбалықтың мекен ететін орнының ластануы, балық шаруашылығының олардың экожүйесіне әсері және брконьерлік іс әрекеттер жатады.

Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанова Instagram желісіндегі парақшасында Каспий итбалығының қырылуы қалай бақыланатыны туралы айтып берді.

«Біз 2017 жылдан бері көктемде Каспий итбалығының қырылуын бақылап келеміз. Бірақ 2022 жылы да біз күзде өлім-жітім мониторингін жүргізе бастадық. Бірден атап өткім келеді, біз көктемгі өлім-жітімді жаппай қырылу деп санамаймыз. Неліктен? Өйткені жағаға шыққан өлекселер ыдыраудың әртүрлі сатысында, яғни итбалықтар әр уақытта өлген», – деп түсіндіреді Әсел Баймұқанова.

Эколог 11 сәуірден бері Маңғыстау облысының Баутин ауылында жүргендігін айтады. Ол әріптестерімен бірге полигонда екі күн жұмыс істеген, осы уақыт аралығында 33 итбалықтың ұшасын зерттеген. Ал 13 сәуірден бастап Гидробиология және экология институтыны қызметкерлері Түбқараған түбегінің жағалауында күнделікті мониторинг жүргізіп жатыр.

Ғылыми қызметкер Жазира Сыздықова екі жыл бұрын да итбалықтар осылай қырылып қалғанын айтады. Бірақ ол көктемде емес, күз мезгілінде болған.

“Биыл итбалықтардың өлім-жітім саны әзірге 100-ден асады. Жалпы өлім саны 200 данаға дейін болса, табиғи фактор деп қарастыруға болады. Ал 500-ден асып, 1000-ға жететін болса, қандай да бір жаппай қырылудың белгілері бар деп топшылау керек”, – дейді ол.

2023 жылдың соңына қарай браконьерлерге қарсы күрес күшейтілген.Былтырғы көрсеткішке сүйенсек, акваториядағы заңсыз балық аулағаны үшін 691 заң бұзушылық әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 46 қылмыстық іс қолғалып, 13 млн құрайтын айыппұл салынған. 

Итбалықтың майы емдік қасиетке ие, пайдалы әрі түрлі дертке көмектеседі деседі. Ал сыртқы қабыршықтарын алып, тұздап, кейін қолдануға да болады. Сол себепті браконьерлер итбалықты ұстауға тырысады деп топшылайды мамандар. Сөзінше, алынған қабыршақтан ұйықтауға арналған су өткізбейтін қапшықтар жасауға болады. 

2021 жылдың қыркүйегінде Қазақстан мен Ресей үкіметі Каспий итбалылықтарының популяциясын сақтап қалуға негізделген 2021-2026 жылғы бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды. 

Бұл жоспар каспий итбалығының популяциясын зерттеу, уақытылы оның санын және репродуктивті әлеуетін, биологиясының ерекшеліктерін қорғау бойынша ұсыныстар әзәрлеу үшін жасалған.

Екі ел ғалымдарының зерттеуінше, Каспий итбалықтарының популяция саны 280 мыңға жеткен. Соның ішінде теңіздің солтүстігіндегі итбалық саны әуе бақылауының негізінде 60 мың екені анықталған. Соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш өзгермеген. 

Сыздықованың сөзінше, кейінгі жылдары Каспий теңізіндегі балықтарға зерттеу сапарлары кезінде теңіздің ластануының шектік көрсеткіші асып кеткені белгілі болған. 

“Бұл балықтардың әртүрлі ауруларына әкеліп соғады. Ал оның алдын алу үшін теңізде әрекет ететін өнеркәсіптер қатаң экологиялық талаптарды ұстанып, кодексте көрсетілген барлық нормативке сай жұмыс істеуі керек”, – дейді ол. 

Айта кетсек, Каспий итбалықтары қызыл кітапға енген. Мамандар Каспий итбалықтар санына тұрақты түрде мониторинг жасап, жай-күйін кешенді бақылау жүргізілсе, олар қызыл кітаптан шығаруға болады, дейді. 

Апта талқысында: