logo
search
menu

Қазақ тілінің табиғаты қай кезден бұзыла бастады?

Қазіргі қазақтілді сөйлерменнің тілі

21 желтоқсан, 2024
Қазақ тілінің табиғаты қай кезден бұзыла бастады?
Фото: Taulik AI

Мазмұны

    Қазіргі қазақтілді сөйлерменнің тілін талдау бүгінгі лингвистиканың өзекті мәселелерісі болып отыр. Өйткені ХХ ғасырдың ортасынан бастап бұзыла бастаған тіл мәдениетінің қазіргі деңгейі мүлде түсініксіз. Жалпы тіл мамандарының қазақ тілінің орфоэпиялық, лексикалық және грамматикалық нормалары бұзылып жатыр дегенді көп айтқанымен, оны дәлелдеуге, көрсетуге келгенде факті мен статистика таппайтын. Әрине, оны анықтау үшін ауқымды зерттеу әдіс-тәсілдері мен кешені қажет екені анық.

    Қазақтілді сөйлерменнің міндеті – ана тілінің бүкіл ішкі заңдылықтарын дұрыс қолданып, дұрыс сөйлеу және дұрыс жазу. Қазақ тілінің табиғаты бұзыла бастаған кез ХХ ғасырдың 60-жылдарына келеді. Осы кезде М.Балақаев пен Р.Сыздық әдеби тілдің нормасын қалыптастыру әрі оны сөйлеуде дұрыс қолдана білу, нормадан ауытқушылықты көрсететін, көпшілік алдында сөйлеудің әдебін белгілейтін «тіл мәдениеті», «сөз мәдениеті» деген ұғымдарды енгізіп, біртұтас зерттеу бағытын жасады.

    Бұл бағыт орыс тіліндегі «культура речи», ағылшын тіліндегі «speech culture» бағытымен байланысты болғанымен, қазақстандық реалийдің қажеттілігі басқа болды. Халыққа өзінің ана тілінде өзі дұрыс сөйлеуін, нормаларын танып, дұрыс қолдана білуін қалыптастыру мақсаты көзделді, бұл ілімді көпшілік санаға сіңдіру басты мақсат болды. Өйткені қате сөйлеу, көп сөйлеу, орынсыз сөйлеу, сауатсыздық, тіл байлығын қолдана алмау етек алды.

    Бұл жағымсыз құбылыс әлі жалғасып жатыр. Тіпті, оның ең сорақысы – теледидар тілінің өзіне орысша араласып кетуі, теледидарда сөйлеуге келген спикерлер мен басқа да қатысушылар сөйлеп отырып, тіліне орысша сөздерді араластыра беретін болды. Бұл қазақтілді сөйлерменнің басқа тілді жатсынуға деген иммунитеті төмендеп кеткенін көрсетеді. Мәселен, лингво-социологиялық сауалнама алынған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының зерттеу тобы жүргізген сауалнамадан (805 адамнан алынды) мынандай нәтижелер шықты: 805 респонденттің 350-і стилистикалық қате (сөзді мағынасына сай жұмсамау, лексика деңгейіндегі қате), 305-і шылау мен есімдікті сөзбен қосып жазу (орфографиядан), 650-і үтір қоя алмау, 430-ы төл сөз бен төлеу сөздің тыныс белгісін білмеу (пунктуация), 240-і ойды дұрыс түзбеу (мәтін деңгейіндегі қателер), 310-ы шақты сәйкестендіре алмау, 303-і көмекші және күрделі етістіктерді қолдана алмау (грамматика деңгейіндегі қателер), 321-і сөйлем құрылысындағы қателерді (синтаксис) жіберген.   

    Сауалнама әдеттегідей 4 дағдыны – тыңдалым, лексика-грамматика, жазылым, айтылымды қамтыды. Әдетте, тіл тексеру тестілерінде айтылымның орнына оқылым жүреді. Бірақ айтылым барысында респонденттердің фонетикалық сипатын анықтау мақсаты тұрғандықтан, бұл блокты оқылым емес, айтылым деп алдық.

    Сауалнама жүргізу негізінен екі мақсатты көздейді:

    - қазақтілділердің өз ана тілін білу сапасына сандық талдау жүргізу;

    - тіл мәдениеті типтерінің (орта, ортадан жоғары топ) әлеуметтік лингвистикалық ерекшеліктері мен оның тілдік сипатын (негізінен, қатемен жұмыс істеу арқылы) анықтау.

    Сондықтан сауалнама респонденттерінің әртүрлі өңірден, әртүрлі жастан, әртүрлі мамандық иелерінен, басқа да әлеуметтік мәртебе түрлеріне (жынысы, оқушы/студент, білім деңгейі) қарай түрлі санаттан болуына көңіл бөлінді.

    Қазіргі алдын ала алынған деректер бойынша кеткен қателердің жалпы түр-сипатын ұсынуды жөн көріп отырмыз.

    Мәселен, жазылым бөлігіндегі қателерді орфографиялық, пунктуациялық, лексикалық, грамматикалық және мәтін деңгейіндегі қателер деп бөліп алып, соның ішінде жиі ұшарасқан қателерді жинастырдық. Сауалнамашыларға жазылымға мазмұндама жазу тапсырмасы берілді. Ал мазмұндамаға Ұларбек Нұрғалымұлының «Ниет» атты әңгімесі таңдалып алынды. Респонденттер әңгімені аудиодан тыңдаған соң, мазмұндама жазып шығуы тиіс еді.

    Сонымен, респонденттердің жазған мазмұндамаларынан жоғарыда айтылған қате түрлері жинақталды. 

    Лексика бойынша синонимдерді дұрыс қолдана алмау, ауызекі сөйлеу мен жергілікті сөйлеуді араластыру, сөз тіркесімдігіні білмеу, сөздерді орынсыз қайталау, стилистикалық қате жіберу, кірме сөздерді қолдану сынды жиі ұшырасатын қателер анықталды.

    Ал орфографиядан <ң> дыбысын /н/ әрпімен жазу, /и/ және /й/ әріптерінің емлесін білмеу, шылау мен есімдіктерді сөзбен қосып жазу, әріптік қате, тағы басқа да емле қателері анықталды.

    Мәтін деңгейіндегі қателер мыналар: ойдың дұрыс түзілмеуі (сөйлемдердің арасында логикалық байланыстың сақталмауы), мәтіннің мазмұнын, идеясын түсінбеу, этикет мәнді маркерлерді қолдана алмау, мазмұндама жазудың орнына түйіндеме, ойтолғау, пікір жазып кету, т.б. қателер.

    Қазіргі қазақтілді сөйлерменнің тілінде грамматика бойынша септік жалғауларын дұрыс жалғамау (етістіктермен), көмекші етістіктерді, күрделі етістіктерді қолданбау, етістіктерді тіркестіре алмау, етістіктің шағын ажырата алмау, есімдіктерді мағынасына сай қолдана алмау, сөйлем құрылысын жай сөйлемнің, құрмалас сөйлемнің заңдылықтарына сай құрмау сынды типтік қателер жиі кездеседі.

     

    А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты,

    Қ.Слямбек

    user

    taulik

    taulik.kz - тәулік бойы ақпарат тарату алаңы