Krisha.kz порталының мәліметінше, Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерде (ЕДБ) ипотеканың орташа мөлшерлемесі 17,5–19,5% аралығында болса, Отбасы банкінде бұл көрсеткіш 3,5–10% шамасында.
Алайда,Отбасы банкі – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жұмыс істейтін мемлекеттік банк. Мұнда келіп, бірден несие алу мүмкін емес. Алдымен депозит ашып, тұрғын үй құнының кемінде 50%-ын жинау қажет.
Коммерциялық банктерде бастапқы жарна 20% немесе одан да төмен болуы мүмкін (мысалы, құрылыс салушылармен серіктестік бағдарламалары бойынша).
Мөлшерлеме төмен болғанымен, жинақтау мерзімінің ұзақтығы мен бастапқы жарнаның жоғары болуы көпшілікті шошытады.
Ал егер коммерциялық банктен алынған ипотеканы Отбасы банкіне аударса ше? Бұл жағдайда мөлшерлеме де, кредит бойынша артық төлем де айтарлықтай азаяды.
Ипотеканы ЕДБ-дан Отбасы банкке аударуға бола ма?
ЕДБ-да алынған ипотеканы Отбасы банкке аударуға болады. Бұл ретте, несие жақында алынған немесе қарыздың басым бөлігі өтеліп қойғанына қарамастан, оны қайта қаржыландыруға болады. Рефинанс дегеніміз – қолданыстағы несиелік шарттарды тиімдірек жаңа шарттарға ауыстыру арқылы өзгерту.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Отбасы банк жаңа несиені рәсімдеп, оның көмегімен ескі ипотеканы толықтай өтейді. Ал қарыз алушы ипотеканы ары қарай Отбасы банкінің мөлшерлемесімен төлей береді.
Ипотеканы рефинанстау үшін белгілі бір талаптарға сай болу қажет. Отбасы банкі классикалық тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жұмыс істейді.
Бұл жүйе бойынша қарыз алушы:
- Отбасы банкінде депозит ашып, оны толтыруы қажет.
- Ескі ипотека бойынша негізгі қарыздың қалған сомасының кемінде 50%-ын жинауы керек.
Мұндағы маңызды жайт: жалпы қарыз сомасын емес, негізгі қарыз қалдығын ескеру қажет. Жалпы қарыз сомасынан банктің сыйақы мөлшерін шегеріп тастағаннан кейін, қалған сома – негізгі қарыз болады. Бұл мәліметтерді ипотека рәсімделген банктің несие бөлімінен алуға болады. Кейбір ЕДБ мобильді қосымшаларында да бұл ақпарат қолжетімді.
Мысал: егер ипотека бойынша қалған негізгі қарыз сомасы 10 млн теңге болса, депозитте кемінде 5 млн теңге болуы қажет.
Жинақты тезірек қалай толтыруға болады?
- Депозитке қажетті соманы бірнеше жыл ішінде жинақтауға немесе:
- жеке немесе туыстардың зейнетақы жинақтарын пайдалануға;
- бірнеше депозитті біріктіруге;
- жетіспейтін соманы бір реттік ірі салым ретінде енгізуге болады.
Айжан ЖАРАСБЕКОВА,
"Тұран" университеті
Журналистика факультетінің 4 курс студенті.