Бұл туралы Қазақстан қоғамдық даму институты жариялаған Қазақстан отбасылары ұлттық баяндамасында айтылған, деп Taulik.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі қоғамда жаңа неке түрі – "қонақ неке" кең таралуда. Қонақ неке – бұл ресми тіркелген неке формасы, алайда жұбайлар бөлек тұрып, аптасына 2-3 рет кездеседі. Мұндай некелер жұбайлардың арасындағы жанжал немесе келіспеушіліктермен байланысты емес. Керісінше, бұл өмір салты көбінесе әртүрлі қалаларда немесе елдерде тұру, сондай-ақ вахталық жұмыс әдісі сияқты жағдайларға байланысты қалыптасады.
Баяндамада тағы бір назар аударатын үрдіс ретінде жұбайлардың жас айырмашылығының ұлғайып келе жатқаны көрсетілген. Мұндай некелер санының артуы болашақта қоғамда белгілі бір трендке айналып, демографиялық дамуға теріс әсер етуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, бұл туу деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді.
Сонымен қатар, жастар арасында отбасылық өмірге деген көзқарас өзгеруде. Қазіргі жастар қаржылық тәуелсіздік пен тұрақтылықты бірінші орынға қояды. Бұл үрдіс әсіресе ата-аналар арасында байқалады: олар қыздарын тұрмысқа шыққанға дейін жеке баспанамен қамтамасыз етуге тырысады.
«Қазіргі жастар мансапқа басымдық береді. Жақсы білім алып, отбасын құрмай тұрып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуді қалайды. Сонымен қатар, ата-аналар қыздарының өз үйіне ие болуын маңызды санайды. Жастар арасындағы бұл өзгерістер тең құқықтық қатынастар мен міндеттерді әділ бөлуге деген ұмтылыспен де байланысты», – деп түсіндіреді астаналық оқытушы.