Дональд Трамптың АҚШ президенті қызметіне кірісуі қарсаңында Батыс саясаткерлері келіссөздердің жақын арада өту ықтималдығы туралы жиі пікір білдіруде. Ulysmedia.kz осы тақырыпқа тереңірек үңіліп, келіссөздер үшін ең қолайлы алаң қай ел болуы мүмкін деген сұраққа жауап іздеді, деп хабарлайды Taulik.kz.
АҚШ-ТЫҢ САЯСАТЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӘСЕРІ
20 қаңтарда Дональд Трамп екінші мерзімге президенттік қызметіне кіріскеннен кейін әлемдік геосаясат пен экономикаға айтарлықтай өзгерістер енгізуі мүмкін. Трамптың алдыңғы президенттік мерзімінде жүргізген саясаты көптеген елдер үшін күтпеген жағдайларға алып келген болатын. Оның Қытаймен сауда соғысы жаһандық экономикаға кері әсерін тигізді, ал НАТО мүшелерінен қорғаныс шығындарын арттыруды талап етуі одақтастар арасында алаңдаушылық тудырды.
Қазіргі уақытта Трамп АҚШ юрисдикциясын кеңейту, соның ішінде Гренландия мен Панама каналын бақылауға алу ниетін білдірді. Сонымен қатар, Украинаға әскери және қаржылық көмекті тоқтату жоспары аймақтық тұрақтылыққа айтарлықтай ықпал етуі мүмкін. АҚШ-тың бұл қадамынан кейін соғыстың негізгі ауыртпалығы Еуроодаққа жүктелмек, ал одақ елдері өз кезегінде бірқатар экономикалық және саяси қиындықтарға тап болуы ықтимал.
ТАРАПТАРДЫҢ ҰСТАНЫМДАРЫ
Ресей мен Украина келіссөздерге дайындықтарын білдіргенімен, екі тараптың қойған талаптары келісімге келудің қиындығын көрсетеді. Ресей «денацификация» және «демилитаризация» талаптарынан бөлек, Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын толық бақылауға алуын басты шарт ретінде қойып отыр. Сонымен қатар, Мәскеу Зеленский үкіметін заңды деп мойындамайтынын ашық мәлімдеді.
Украина жағы бастапқы талаптарын жұмсартқанымен, қауіпсіздік кепілдіктерін НАТО мүшелігімен байланыстыруда. Бұрынғыдай Қырымды қайтару және Ресей әскерін 2014 жылғы шекараларға шегіндіру талаптарынан бас тартқанымен, Зеленский келіссөздердің негізгі талабы ретінде қауіпсіздік кепілдіктерін алға тартуда.
КЕЛІССӨЗДЕР ӨТУІ МҮМКІН АЛАҢДАР
Келіссөздер алаңы ретінде бірнеше ел өз кандидатурасын ұсынды. Румыния мен Словакия өз аумағында осындай кездесулер өткізуге дайын екендіктерін білдірсе, Бразилия да өз қызметін ұсынуда. Сарапшылардың пікірінше, Швейцария, Сербия, БАӘ және Қытай сынды елдер де ықтимал нұсқалар қатарында.
Қазақстан да келіссөздер үшін ыңғайлы алаң ретінде қарастырылуы мүмкін. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты, бейтарап ұстанымы және бұған дейінгі халықаралық тәжірибесі біздің елімізді осындай маңызды диалогтар үшін лайықты алаң ретінде көрсетуі мүмкін. Алайда, сарапшылардың пікірінше, бұл мәселеде басты рөлді Ресей мен АҚШ шешетін болады.
ПУТИН МЕН ТРАМП КЕЗДЕСУІНІҢ ЫҚТИМАЛДЫЛЫҒЫ
Саяси сарапшылардың пайымдауынша, Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерден бұрын Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесуі өткізілуі мүмкін. Мұндай кездесу барысында Украина мәселесі басты тақырыптардың бірі болары анық. Бұл тұрғыда Қазақстанның келіссөздер алаңы ретіндегі рөлі артуы мүмкін. АҚШ-тың жаңа әкімшілігінің Қазақстанға қатысты оң көзқарасы, соның ішінде Джексон – Вэник түзетулерін жоюға қатысты пікірлері, еліміздің дипломатиялық әлеуетін күшейте түсуі ықтимал..