logo
search
menu

Төрехан қазақтың Мейвезері ме? – ағылшындар қызығып отыр

Төрехан Сабырхан қазақтың ғана емес әлемнің екінші Мейвезері атана ма?

Бүгін, 00:08
Төрехан қазақтың Мейвезері ме? – ағылшындар қызығып отыр
ТөреханСабырхан. Фото: Нұрғали Жұмағазы

Мазмұны

    2024 жыл Төрехан Сабырхан үшін тарихи әрі ерекше маңызға ие жыл болды. Жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетіп, ол тек бір маусымды емес, сонымен қатар өзінің жастар арасындағы спорттық мансабын да жеңісті нүктемен аяқтады. Ал енді оның алдағы мақсаты – ересектер арасында өзін дәлелдеу.

    Чемпион ағасының көлеңкесінен шыққан жаңа жұлдыз

    Төрехан Сабырхан – қазақ бокс жанкүйерлеріне жақсы таныс тұлға. Алғашында жұртшылық оны 2023 жылы әлем чемпионы атанған 54 келідегі Махмуд Сабырханның інісі ретінде таныды. Алайда уақыт өте келе Төрехан жеке дара спортшы ретінде қалыптасты. Тіпті оның жастар мен жасөспірімдер арасындағы жетістіктері ағасынан да асып түсті – оған енді тек ересектер арасында жеңіс жетіспей тұр.

    Азияның төрт дүркін чемпионы

    Төрехан – Қазақстан тарихындағы жастар мен жасөспірімдер арасында Азия чемпионатын төрт рет жеңіп алған алғашқы спортшы. Оның жұлдызы соншалықты жарқырады, тіпті көктемде Астанада өткен Олимпиадаға жолдама беретін мини-турнирге қатысуы мүмкін болды. Бірақ жасы кіші болғандықтан, бұл турнирге қатысуға рұқсат ала алмады.

    Төрехан Сабырхан 2006 жылы Түркістан облысы, Маятас ауылында дүниеге келген. Бокспен 8 жасында айналыса бастаған. Өзі айтқандай, балалық шағында толық денелі болған, спортқа еш қатысы болмаған. Бірақ алғашқы жаттықтырушысы Ілияс Оралбеков оның бойынан үлкен әлеуетті байқап, екі ағайындыны чемпион қылуға бел буады. Алғашқы жаттығулар тіпті мектептегі тарих кабинетінде өткен екен. Сонымен қатар, Төрехан көкпарға қатты қызығады және бірнеше рет аймақтық жарыстарға қатысқан.

    Алғашқы жеңістер мен әділетсіздіктер

    2021 жылы Қазақстан чемпионы, сол жылы-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінде Азия чемпионы атанды. Кейін бұл жетістігін үш мәрте қайталап, төрт дүркін чемпион атанды. Алайда оның спорттық жолы тек жеңіске толы болған жоқ. Бакуде өткен турнирде финалда қарсылас ретінде ұйымдастырушының ұлы шықты деген сыбыс тарады. Қазақстан бапкерлерінен жеңісті “беруді” сұраған көрінеді, бірақ Төрехан бұған көнбей, рингке өз абыройы үшін шықты. Алайда төрешілердің шешімімен екі раундта 1-4 есебімен жеңіліп жатқанын көріп, Төрехан “бұл циркте ойнаудан” бас тартып, финалдан бас тартты.

    Кейін ол Черногорияда өткен жастар арасындағы Әлем кубогы мен Ресейдің Чита қаласында ұйымдастырылған Еуразия кубогында айқын жеңіске жетіп, өз деңгейін дәлелдеді. Ол жерде де төрешілердің әділетсіз шешімдерінен сескенсе де, рингке бар күшін салып, қарсыластарын жеңді.

    Әлем чемпионы атағы – жастар арасындағы финал

    2024 жылы Черногорияның Будва қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионаты Төреханның жастар деңгейіндегі соңғы турнирі болды. Финалда ол кубалық Давид Эспиносамен кездесіп, төрешілер шешімімен жарқын жеңіске жетті. Бұл жеңіс – оның жастар арасындағы мансабының шарықтау шегі.

    Олимпиадаға жол жабық

    2024 жылы Төрехан Олимпиада жолдамасына үміткер болуға ниет білдірді. Қазақстан ішкі іріктеуінен өтіп, Бангкоктағы лицензиялық турнирге қатыспақшы еді. Алайда Халықаралық Олимпиада комитеті 19 жастан төмен спортшыларға рұқсат бермегендіктен, Төрехан бұл мүмкіндіктен айырылды.

    Төреханды америкалық бокс аңызы Флойд Мейвезермен жиі салыстырады. Біріншіден, техникасы ұқсас, екіншіден, Instagram-дағы лақап аты – Pretty Boy ("Сұлу бала") – Мейвезердің ерте мансаптағы лақап атына ұқсайды. Бұл – Төреханның да рингте соққы алмай, таза техникамен жұдырықтасатынын білдіреді.

    user

    taulik

    taulik.kz - тәулік бойы ақпарат тарату алаңы