Қазақ тілтанымында тұрақты тіркестерді тілдің алтын қоры, асыл қазынасы ретінде бағалай зерттеген, фразеологизмдердің семантикалық өрісі мен мағыналық ұясын анықтаған, концептілік қабатын таныған, халық танымынан туындаған иррационалды құпия әлемді ақтарып, болашаққа мұра еткен ғалымдардың бірегейі – профессор Гүлдархан Смағұлова! Ғалым фразеологизмдерді әсіресе, танымдық (когнитивтік) аяда зерттеп, әрбір тұрақты тіркестегі ұжымдық ойсуретпен сипатталған тілдің ғаламдық бейнесін дәл танытуымен ерекшеленеді.
Ғалым фразеологиялық бірліктердің концепт құрау әлеуетін, мәдени танымдық модель ретіндегі қызметін, ұлттық дүниетанымды бейнелеудегі әсерлігін жіті түсіндіреді.
Профессор Г.Смағұлованың көпшілік қолданыста ерекше сұранысқа ие болған еңбектерінің бірі – Қазақ тілінің мағыналас фразеологизмдер сөздігі. Бұл кітапты мұғалімнен бастап сахна иелері де, шаршытоп шешендері де, теле, радио жүргізушілері де, тіпті қазіргі блогерлер де рақаттана қолданады. Себебі хабарлайтын сөзінің әсерлі, көркем, жұртшылыққа өтімді шығуы үшін қарабайыр хабарламаның прагматикасын күшейтуде дайын топтастырылған мағыналас фразеологизмдерді оңай әрі тиімді тауып алып игілігіне пайдаланып келеді. Мысалы, «жолы болды» деген ұғымды әсерлендіру үшін мәндес қолданыстарды 1977 жылғы фразеологиялық сөздіктен табу қиын, әрбір тіркесін оқып отыру үшін уақыт кетеді. Ал ғалымның «Қазақ тілінің мағыналас фразеологизмдер сөздігі» еңбегінен оңай табылады. Себебі әрбір ұғымның мағыналас ұясы тақырыптық топтарға жіктеліп, дайын күйінде берілген. «ЖОЛЫ БОЛДЫ» деген арнайы тақырыптық синонимдік топ бар. Онда мынадай мағыналас тіркестер тізбектелген: асығы алшысынан түсті нұр жауды, оңынан айы, солынан күні туды, сәті түсті, орайы келді, тасы өрге домалады.
Осындай жүйелі топтастырудың арқасында бүгінгі тіл шеберлері сөзді іздеп, уақыт жоғалтпайды, керісінше мағыналас тіркестердің арасынан өзіне қажет көркем нұсқаны таңдап, сөзін әрлей түседі. Бұл – тек тіл қолданушылар үшін ғана емес, қазақ тілінің байлығын насихаттауда да үлкен еңбек.
Айтылар сөздің әсерлігі мен мағынаның тереңдігіне аса мән беріп, сөздің көркем, шұрайлы болуын қалайтын ғалымның әрбір сөзі де эстетикалық шебер өрнектеледі. Себебі сөздің құдіретін құрметтейді. Осындай жан дүниелік қасиетіне бар. Ғалымның фразеологиялық бірліктердің тылсым сырын тану құпиясы да осыдан болар.
Ғалымның фразеологияға қатысты зерттеулері – тек теориялық қазына емес, сондай-ақ практикалық маңызы зор, тіл мәдениетін жетілдіруге бағытталған бағалы еңбек. Гүлдархан Смағұлованың еңбектері арқылы фразеология саласы жаңа қырынан танылып, қазақ тіл білімінің танымдық бағытта дамуына тың серпін берді.
Ғалымның ізденістері мен еңбектері жастарды тілге құрметпен қарауға, сөз қадірін ұғынуға баулиды. Оның ғылыми мұрасы — қазақ тілінің сырлы әлемін танығысы келетін әрбір жан үшін таптырмас рухани азық.
Фразеологияның тылсым сырын тереңнен танып, оны ғылыми айналымға енгізген профессор Гүлдархан Смағұлова – қазақ тіл ғылымында жарқын қолтаңбасын қалдырып келе жатқан дара тұлға!
Айгүл Әмірбекова
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты,
Филология ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор